ИНФЛЯЦИЯ ҚАУПІН АЗАЙТУДЫҢ ЖОЛЫ – ҚУАТТЫ ӨНДІРІС Избранное

Пятница, 11 Март 2022 04:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 964 раз

Соңғы жылдары елімізде баға тұрақсыздығы байқалғаны жасырын емес. Көптеген тауарлар қымбаттап, соның салдарынан халықтың сатып алу қабілеті төмендегені рас. Кешегі қаңтар оқиғасына да бір жағынан осы әлеуметтік жағдайдың тұрақсыздығы себеп болғандай.

461

 

Бағаның өсуіне әлбетте, елдегі инфляцияның тікелей әсері бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде айрықша атап өтті. Осы ретте Президент жаңа Үкіметке инфляцияны тежеудің жолдарын қарастыруды тапсырды. Бұл орайда инфляция деңгейін төмендетудің нақты жоспарлары айқындалды. Оның қаншалықты әсері болатыны алдағы уақытта белгілі болмақ.
Ал, «ҚазАқпарат» агенттігінің мәлімдеуінше қаңтар айында еліміз бойынша инфляция көрсеткіші 8,5 пайызға жеткен. Былтыр дәл осы кезеңде 8,4 пайыз болған. Әсіресе он өңірде инфляция қарқыны күрт жоғарылаған. Осы тұста инфляцияны қалай ауыздықтауға болады, оның себеп-салдары неде деген сауалға жауап іздеп, тиісті мамандармен тілдесіп көрген едік.
Сарапшылардың пайымынша, инфляцияны тудырудың себептері көп. Бірақ ең басты шарты ол ақша көлемінің нарықта күрт артуы. Яғни ақша мөлшері өндірілген тауар көлеміне сай болу керек. Өйтпеген жағдайда елде инфляциялық жағдай орын алады. Валюта бағамының және сонымен қоса тауарлар мен қызметтердің өсуі тікелей инфляцияның әсерінен болатын құбылыс. Осы жағдайға қарап кез келген елдің экономикалық ахуалын білуге болады. Мәселен, Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-та жылдық инфляция небәрі 2-3 пайызды құрайды. Ал дамушы елдерде ол 13 пайызға дейін жетеді. Кейбіреулер Батыстың бай болу себебін әлемнің капиталын уысында ұстап тұрудан деуі мүмкін. Бірақ негізгі үстемдігі ол емес, экономикасының өндірістік, технологиялық қуаттылығында жатыр. Мәселен комьютерлік бағдарлама мен оның кейбір бөлшектерін жасауда АҚШ-қа тең келер бәсекелес жоқ. Сондықтан нарықтағы бағаны да АҚШ жеке өзі белгілейді. Жоғары технологиялы өнімге деген сұраныстың арқасында дамыған елдер экономикалық көрсеткіш деңгейін төмендетпей отыр.

462


— Нарықты реттейтін сұраныс пен ұсыныс. Тауар көбейген сайын баға да төмендейді, сонымен бірге, валюта құны да арзандайды. Өнімге пара-пар ақша басылмаса, инфляция орын алады. Яғни қажеттіліктен тым артық ақша басылып шығарылса, оның құны жоғала береді. Инфляцияны азайту үшін мемлекет көп өнім өндіріп, бос шығындарды қысқарту керек. Ал өндірісті күшейтудің жолы — халықтың белсендігі. Халық көп еңбек етіп, тапқан табыс мемлекеттің экономикасына жұмсалса, инфляция да тым шарықтап кетпейді. Тауарлардың бағасының өсуі инфляцияға тікелей қатысты. Кез келген заттың қымбаттауы ақшаның құнсызданып жатқанының белгісі. Бір өкініштісі, инфляция бір саламен шектеліп қалмай, қоғамның барлық салаларына әсер етіп, адамдардың тұрмысына кері ықпалын тигізеді. Сол үшін ақша құнсыздануын тежеудің бірден бір тәсілі — өндірісті күшейту. Өкінішке қарай қазір солтүстіктегі көршіміз соғыс жағдайында өмір сүруде. Айтқым келгені, соғыстың да инфляцияның өсіміне қатысы бар. Себебі экономиканың бар күш-қуаты соған қарай бейімделеді де басқа салалар екінші сатыға ысырылады. Осыған байланысты мынадай оқиға болған. Германия бірінші дүниежүзілік соғыста жеңілген соң валютасы күрт құлдырайды. Немістің бір азаматы дәмханаға кіріп 5 мың маркіге кофеге тапсырыс береді. Арада бір сағаттай өткен соң тағы бір ыдыс кофе ішейін десе, бағасы 9 мың маркіге өсіп кетеді. Бұл тарихтағы ақшаның құнсыздануының ең жарқын көрінісінің бірі болып қалды, - дейді экономист ғалым Марат Сейдахметов.
Сарапшының айтуынша, инфляцияның өсуінің тағы бір себебі, тауарларға деген сұраныстың артуы. Яғни бүгінгі таңда адамзат тұтынушылық қатты күшейген қоғамда өмір сүріп жатыр. Бір жағынан адамдардың сұранысы қанағаттанбағандықтан баға да қайта-қайта өсіп кетуде. Сонымен бірге пандемияның салдарынан тауарлар өндірісі оларды жеткізу мәселесі қиындыққа ұшырады. Содан тауарға қойылатын үстемеақы артып, ол бағаның қымбаттауына әкеп соқтыруда.
Осы тұста ғалым экономиканың қарапайым қағидасын естен шығармау керек дейді. Ол егер өндіріс күшті болса, баға төмендейді. Керісінше халықтың қолында ақша көп болса, баға да қымбаттайды. Сонымен бірге ақшаны оңды-солды шашу да тауардың қымбаттауына әсерін тигізеді. Бұдан бөлек егер мемлекет аз өндірсе, соған қарамастан қазынасындағы ақшасын қажетсіз нәрселерге жұмсаса, сөйтіп жоқ ақшаның орнын қайта валюта басып шығарумен толтырса, инфляция шарықтайды дей беріңіз.