БІР АЙЛЫҚ ЖАҢБЫР БІР КҮНДЕ ЖАУДЫ Избранное

Пятница, 11 Март 2022 04:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1088 раз

Шымкент қаласында 2022 жылғы 9 наурыздың екінші жартысында және түнде жауған жаңбырдың мөлшері 1 айлық нормадан асып, 28 мм құрады. Айлық көрсеткіш – 26 мм.

471

 

Су басу қаупі бар аумақтардағы жаңбыр суын сору жұмыстарын үйлестіру үшін әкімдік, төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық қызметтердің мамандары енген жедел штаб құрылды. Сонымен бірге, әр ауданнан арнайы кезекші бригадалар ұйымдастырылды. Ауа райына байланысты туындаған қолайсыздықтарды жою үшін қала әкімі Мұрат Әйтенов өткен түні жұмысшы топпен қаланы аралап тиісті тапсырмалар берді.
Қатты жауын-шашын салдарынан қала көшелерін су басып, жүргіншілерге көп кедергісін келтірді. Жерасты жолдары мен аулалар, көлік жолдары суға толды.
«Жалпы су сору жұмыстарына төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 113 қызметкер жұмылдырылды. Олар 39 техника, 38 мотопомпа, 1 жылжымалы мотопомпаны пайдаланып, көшелерді судан тазартты. Сонымен қатар жергілікті әкімшіліктен 14 су тасымалдайтын көлік, 2 мотопомпа берілді. Жалпы 6 834 текше метр су сорылды. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ, жеке тұрғын үйлерді су басуы орын алмады» делінген Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы таратқан хабарламада.
Мәселен, Қаратау ауданында бірнеше көшелерге су жайылып, қолайсыздық тудырды. Атап айтар болсақ, Нұртас шағынауданы Шұғыла көшесінде төтенше жағдайлар қызметінің 3 жұмысшысы 1 техника мен мотопомпаны пайдалана отырып су тарту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, аудандағы Жаңақұрылыс №490 үйдің маңындағы жиналған су да тартылып, 100 текше метр су шығарылған. Сонымен бірге Тассай шағынауданының Жеті көңір көшесі мен М.Әуезов көшесі де судан тазартылды.
Осындай жұмыстар Еңбекші ауданына қарасты Ж.Шаяхметов көшесінде, Әл-Фараби ауданына қарасты Сауле шағынауданында да жүргізілген.
Қазгидромет мамандарының мәліметі бойынша, алдағы бір аптада жауын-шашын жалғасады деп күтілуде. Осыған орай, қаламызда су басу қаупіне қарсы арнайы топ құрылды.