Инвестиция – игергенге игілік Избранное

Среда, 16 Март 2022 04:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 727 раз

Әл-Фараби ауданы әкімдігі биыл экономика секторына тартылатын инвестиция көлемін былтырғы 25 млрд теңгеден 40 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте хабарлады. Брифинг барысында Рашид Мамытұлы 2021 жылы атқарылған жұмыс туралы және биылғы жоспарлар жөнінде баян етті.

516

 

Аудан әкімі, сондай-ақ, нөсер жауыннан кейін болған төтенше жағдайдан соң аумақта ирригациялық жүйелерді дамыту қолға алынатынын жеткізді.
— Қаланың шалғайында орналасқан Ақтас елді мекенінде ауыз су жүйесіне қосылған тұрғындарды абоненттеу және табиғи газға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Текесу елді мекенінде ауыз су құбырын тарту үшін ЖСҚ құжаттары әзірленеді. Әл-Фараби ауданында 400 ауланың 318-і абаттандырылды. Биыл демеушілер есебінен 9 спорт алаңшасы салынатын болады. Және 16 топырақ жолға тас төселеді, – деді Р.Мыңбаев.
Аудан әкімі баяндамасында өткен жылы Әл-Фараби аумағында 96 инвестициялық жоба іске асырылғанын, соның нәтижесінде 1,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқанын атап өтті. Сонымен бірге, биыл Айқап шағынауданына кәріз жүйесін тарту жұмыстары іске асырылады. Рашид Мамытұлының мәлімдеуінше, биыл демеушілер есебінен 100, бюджет қаражатына 250 қоқыс тастайтын контейнерлер сатып алу көзделуде.
Әл-Фараби ауданы қаламыздың орталық ауданы болғандықтан, тұрғындардың ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту көрсеткіші 99,7 пайызды құрап отыр. 2022 жылы аудан тұрғындарының ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту көрсеткіші 99,9 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Ауданда 14 аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылды. Сонымен бірге 27 аула көркейтіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Абаттандыруды қажет ететін 82 аулада 2022-2023 жылдары тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Биыл аталған жоба бойынша 50 аулаға балалар ойын алаңшаларын орнату үшін бюджеттен қаржы қаралды. Қазіргі таңда бұл жұмыстарды қолға алатын мердігер мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Мердігер мекеме анықталған соң барып, құрылыс жұмыстары атқарылатын болады.
– Аудан аумағындағы 404 көшенің 103-і жарықтандырылған болса, ішкі орамдық 301 көше жарықтандыруды қажет етеді. 400 ауланың 393-іне жарықшамдар орнатылса, 7 аулаға әлі жарық барған жоқ. Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында 2021-2023 жылдары бойында аудан аумағындағы әлеуметтік нысандар орналасқан 53 шақырымдық 51 көшені жарықтандыру жоспарда тұр. Былтыр 15 көшеге жарықшамдар жүйесі тартылды. Ал биыл қосымша 23 көше жарықтандырылады, – деді
Рашид Мыңбаев.
Аудан әкімінің айтуынша, аудан бойынша жалпы ирригациялық жүйенің ұзындығы 103 шақырымды құрайды. 2020 жылы аудан аумағындағы 12 көшеге жалпы ұзындығы 3,1 шақырым ирригациялық жүйе тартылған. 2022 жылы 30 көшеге 14,7 шақырым бетонды арықтар орнату үшін ЖСҚ құжаттамасы әзірленіп, кейіннен бюжеттік өтінім ұсынылып, нәтижесінде 6 көшеге 4,1 шақырымдық арық тартуға қаржы қаралды.
Сонымен бірге аудан аумағы қаланың орталық бөлігінде орналасқандықтан, кәріз жүйесінің мәселесі біршама шешілген. Мәселен, қазіргі таңда 64 525 абоненттің 55 943-і (86 пайызы) кәріз жүйесімен қамтылған. Өз кезегінде 8582 (14 пайызы) абонент кәріз жүйесіне қосылуды қажет етіп отыр. Наурыз шағынауданында шайынды сулар құбырын тарту жұмыстары былтыр толығымен аяқталып, қолданысқа берілді. Сондай-ақ, Самал шағынауданын кәріз жүйесімен қамту үшін келісімшарт түзіліп, 2021 жылдың мамыр айынан бастап жұмыстар қолға алынды. Жоспар бойынша ол биыл толық аяқталуы тиіс.
– Аудан аумағындағы көп қабатты 672 үйдің 40 пайызы ескірген. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда 2011 жылдан бастап жалпы саны көп қабатты 87 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы 7 үйге қаржы бөлініп, шатыры, сыртқы қасбеті мен инженерлік жүйелері жөнделді. Биыл көп қабатты 31 үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін тұрғындардың келісім хаттамалары жиналып, тұрғын үй басқармасына қаржы бөлуге ұсыныс берілді. Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан көп қабатты 672 үйдің 44-інде 107 лифт жұмыс істейді. Жоғарыда аталған бағдарлама аясында биыл 8 үйдегі 14 лифт қондырғысын ауыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді Рашид Мамытұлы.
Бұдан бөлек аудандағы кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдірген және қосымша кәсібіне қолдау тапқысы келген тұлғаларға «Бизнестің жол картасы–2025», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы және «Қарапайым заттар экономикасы» мен «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламалары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы аясында 105 азамат әртүрлі салада өз кәсіптерін ашып, кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алды.