Семинарға үкіметтік емес ұйым мүшелері, кәсіпкерлер, студент жастар, мемлекеттік орган өкілдері және азаматтық қоғам белсенділері қатысты.
Жиында «Тұрақты даму саласындағы мақсаттар: «іс-әрекеттерге шақыру», «Стокгольм+50: жалпыға ортақ өркендеу үшін сау планета–біздің жауапкершілігіміз, біздің мүмкіндігіміз» тақырыптары бойынша талқылаулар өтіп, «Миссия – 2030» іскерлік ойыны ұйымдастырылды.
– БҰҰ-ға бүгінгі таңда 193 мемлекет мүше. Ұйым 2030 жылға тұрақты даму міндетін қабылдады. Ол кедейшілікті жоюға, теңсіздікпен күресуге, ұлттардың хал-ахуалын жақсартуға бағытталған. Күн тәртібіне қойылған жаһандық мақсат экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелерді және оларды шешу жолдарын қамтиды. Семинарда осы 3 проблема аясында пікірталастар ұйымдастырылып, қатысушылардың идеялары есепке алынды, – деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ ТДМ жөніндегі хатшылықтың директоры Бақытгүл Хамбар.
БҰҰ мүше мемлекеттердің ұлттық және жергілікті деңгейде ТДМ-ға қол жеткізу жолында тұрақты шолулар жүргізуге мұрындық болып отыр. Сондықтан жыл сайын БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі саяси форумында мүше елдер 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мақсатын іске асыру туралы ерікті ұлттық шолуды ұсынады.