СЕНАТОРЛАР – ЕЛ АРАСЫНДА Избранное

Пятница, 25 Март 2022 04:21 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1084 раз

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласына іс-сапармен келді. Жұмыс сапары барысында депутаттар Асар-2 шағынауданында тұрғындармен кездесіп, коммуналдық мәселелер бойынша жиналған жұрттың өтініш-тілектерін тыңдады.

42

 

– Сенаторлар жылына өңірлерді 2-3 рет аралауы керек. Іс-сапардың тағы бір мақсаты – Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын халыққа түсіндіру. «Жаңа Қазақстанды» құру бойынша жоспар президенттік мемлекет, мықты Парламент және халық үніне құлақ асатын Үкіметке негізделген. Сондықтан билік пен халық арасындағы байланысты қайта нығайту керек, - деді Нұрлан Құдиярұлы.
Асар-2 шағынауданының ауыл биі Тұрдалы Шынасилов аймақтың егжей-тегжейлі жоспары өзгерген кезде мың үй коммуналдық жүйелерден тыс қалып кеткенін жеткізді. Соның салдарынан тұрғындар табиғи газға қол жеткізе алмай отыр. Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатов жоспарға енбей қалып қойған үйлерге газ бен ауыз су биыл жыл соңына дейін берілетінін мәлімдеді.

Шағынаудан тұрғыны Гүлфайру Қалдыбаева жекеменшік компаниядан алатын жарық бағасының қымбат екенін және емхана мәселесін көтерді.
Сондай-ақ жиында ауыл тұрғындары үйге газ кіргізу құны тым қымбат екенін алға тартты. Өз қаражаты есебінен газ тартқан жекеменшік компания басшысы Советхан Пернебаев алынатын ақы газ кіргізуге кететін шығындарды жабуға жұмсалатынын мәлімдеді.
Осы тұста жеке меншік компания басшысы «ҚазТрансГаз» мекемесінің жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, алдымен компания кейбір үйлерге газға қосылуға рұқсат берген, кейін олардың газ кіргізу талабына сәйкес келмейтінін алға тартып ірі көлемде айыппұл салған. Мұның соңы сотқа дейін барып, ақырында сот мәселені монополист компанияның пайдасына шешіп берген.
Сенатор Н.Бекназаров «ҚазТрансГаз» компаниясына халықтың өкпе-назы көп екенін, сондықтан алдағы уақытта газ таратушы мекеменің мәселесін қарауға арнайы жиын ұйымдастыру қажеттігін баяндады.
– Тиісті мекеме басшыларын, белсенді тұрғындардың басын қосып «ҚазТрансГаз» компаниясының мәселесіне нүкте қоятын кез келді. Компания тарапынан жасалған кедергілер бір шағынауданда ғана орын алып отырған жоқ. Оның атына түсіп жатқан шағымдар бүгінде көбейіп барады. Бұл газ таратушы мекеменің жұмыс сапасына деген халықтың көңілі толмайтындығын көрсетеді. Сондықтан қала әкімімен кездесуде де осы проблеманы көтеретін боламыз, - деді Нұрлан Құдиярұлы.
Алтынтөбе елді мекенінде жалғасқан халықпен кездесуде де тұрғындар негізінен газдың жырын жырлады. Елді мекенге табиғи газ тартылған, бірақ жеке үйлерге қосуда «ҚазТрансгаз» компаниясы құжат мәселесін алға тартып, кедергі жасауда.
– Бізде көзбояушылық көп. Қасымыздағы көрші ауыл жеке меншік компания арқылы үйлеріне газ кіргізді. Әйтпесе бізден кейін құжат жинаған. Ал алтынтөбеліктер әлі сол құжаттың артында сенделіп жүр? Бүгінгі таңда ауылда шешімін күткен ең күрделі коммуналдық проблема – табиғи газ мәселесі. Халық осы жағдайдың тезірек шешілгенін қалайды, - Г.Назарова.
Өз кезегінде сенатор Айгүл Қапбарова «ҚазТранГаз» мекемесіне жеңілдік жақтарын қарастырып, халықты «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге күш салуға шақырды.
Қорытындылай келгенде, газ таратушы компанияның өкілі Нұрбек Рахманов тұрғындардан техникалық шартты қабылдап, үйлерді жеке-жеке газға қосу жұмыстарын бастауға уәде берді. Сонымен бірге кездесуде халық жайылым, ағын су, зиратқа жер бөлу мәселесін де сөз етті.