ШЫМКЕНТТІ ДАМЫТУДЫҢ 6 БАСЫМ БАҒЫТЫ АЙҚЫНДАЛДЫ Избранное

Среда, 06 Апрель 2022 03:08 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 905 раз

Шымкент қаласының әкімдігі шаһарды дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында негізгі 6 басым бағытта жұмыс істеп жатыр.

114

 

Атап айтқанда, бірінші – инжинерлік-инфрақұрылым жүйесін дамыту, екінші – тұтас қаланы, оның барлық шағынаудандары мен тұрғын алаптарын сапалы жолдармен қамтамасыз ету, үшіншісі – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Төртінші басым бағыт ретінде білім беру нысандарының тапшылығын жою болса, бесіншісі – денсаулық сақтау нысандарын көбейтіп, медициналық қызметтің сапасын арттыру. Ал, алтыншы, ең маңызды бағыт – халықты әлеуметтік қамсыздандыру және экономиканы дамыту арқылы жұмыссыздық деңгейін азайту.
Шымкент қаласы Абай ауданының халқымен кездесіп, есеп берген қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарға осы бағыттардың әрқайсысы бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды жеке-жеке талдап, айтып берді.
–Ең өзекті мәселенің бірі – тұрғындарды жұмыспен қамту. Бұл бағытта «Іскер қала» бағдарламасын қабылдап, бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз. Жеке инвестор ескі қорғасын зауытының орнына «Стандарт» индустриалды аймағын құрып, инфрақұрылым жүргізді. Мұнда үлкен өндірістік ғимараттар мен қоймалары бар. Бұл жерде кәсіпорын ашқан компанияның өндірістік ғимаратты жалға алу ақысы субсидияланады. Нақтырақ айтсақ, бірінші жылы жалға алу ақысының 75 пайызы, екінші жылы 50 пайызы, ал, үшінші жылы 25 пайызы өтеледі. Және жылдық үстемақысы 1 пайыздан аспайтын жеңілдетілген несие беріледі. Бұл аймаққа 2025 жылға дейін 300 миллиард теңге инвестиция тарта отырып 96 кәсіпорын ашуды және 8 мыңнан астам жұмыс орнын құруды мақсат етіп отырмыз, – деді М.Әйтенов.
Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары қала халқы тез көбейіп келеді. Сондықтан инженерлік-инфрақұрылым мәселелерін уақтылы шешіп отыруымыз керек. Бұл мәселе, әсіресе, Абай ауданы үшін маңызды.
–Бүгінде Шымкенттің аумағында 81 елді мекен бар. Оның 78-і ауыз сумен толық қамтылған. Өткен жылы бюджеттен 15.6 миллиард теңге бөліп, 3 магистралды су құбырын тарттық. Нәтижесінде бұрын ауыз суды тасымалдап алып келген 7 елді мекеннің, атап айтқанда, Тұран, Асар, Ынтымақ, Батыс, Жаңа Тұрлан, Солтүстік саяжай және Ақтас шағынаудандарының мәселесін толғымен шештік. Енді тек Жаңаталап, Сәуле және Нұртас елді мекендерінде су кесте бойынша беріліп жатыр. Биыл осы бағытқа тағы 4.6 миллиард теңге бөлінді, – дейді М.Әйтенов.
Есепті кездесу барысында Мұрат Дүйсенбекұлы елді мекендерді жол, газ, сапалы электр қуаты және кәріз жүйелерімен қамту жұмыстарын да баяндап өтті.
Тап осындай кездесу Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен де өтті. Оған Наурыз, Ақжайық, Самал-2, Спорт, Отырар, Айқап шағын аудандары мен «Су Ресурстары Маркетингі» аумағы және Д.Қонаев даңғылы, А.Байтұрсынов, Қазыбек би, Дулати, Ә.Диваев көшелерінің тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму барысы жайлы баяндады. Мәселен, қала әкімінің айтуынша, Шымкент қаласында 203 мектеп болса, оның ішінде 152-сі мемлекеттік мектептер, қалғаны жекеменшік-мемлекеттік әріптестік негізінде ашылған білім ұялары. Онда 242 525 оқушы білім алып жатыр.
–Халық санының жедел көбеюіне байланысты алдағы жылдары Шымкентте білім беру мекемелерінің тапшылығы болуы мүмкін. Осы проблеманың алдын алу үшін біз білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту жоспарын әзірледік. Оған сәйкес Шымкентте 2025 жылға дейін 77 мектеп салынады. Өткен жылы 25 мектептің құрылысы аяқталды. Бұл қаладағы үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептердің санын 15-тен 9-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

115


Шаһар басшысының айтуынша, биыл тағы 16 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олар қыркүйекте, жаңа оқу жылының басында аяқталады. Қазір тағы қосымша 4 мектептің құрылысы басталған. Егер үлгерсе, қыркүйек айына, болмаса жыл соңына дейін олар да пайдалануға беріледі.
–Жалпы, 2023 жылға қарай қаладағы үш ауысымды мектептердің проблемасы толық шешіледі. Одан әрі қарай біз біртіндеп мектептерді 1 ауысыммен ғана оқытатын жүйеге көшіре бастаймыз. Өйткені, балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру үшін бір мезгіл оқытумен шектелмей, түс қайта мектеп қабырғасында қосымша білім алуына жағдай жасауымыз керек. Сондықтан мектептердің құрылысы біздің жұмысымыздың басым бағыты болып қала береді, – деді М.Әйтенов.
Айта кетейік, жыл басынан бері М.Әйтенов Шымкенттегі 72 елді мекенді аралап, халықпен кездесу өткізді. Бұл кездесулерде тұрғындар 374 мәселе көтерген. Әрбіріне жеке хаттамалық тапсырма жазылып, орындалуы қатаң бақылауда болды. Нәтижесінде бүгінге дейін 78 мәселе шешілді, 249-ы жыл соңына дейін шешіледі. Ал, қалған 47 мәселе 2023-2025 жылдары шешімін табады.