Гүлзар – мегаполис көркі Избранное

Пятница, 08 Апрель 2022 03:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1047 раз

Шымкентте жаңа жүйемен 7 гүлзар салынады

Абаттандыру – тұрғыны мол, тіршілігі қайнаған елді мекенге тән құбылыс. Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартып, күнделікті өміріне қолайлы орта жасауда көріктендіру, абаттандыру жұмысының маңызы зор. Әсіресе, тұрғын жайлар маңы мен көпшілік орындарды көгалдандырып, демалыс аймақтарын ұйымдастырудың орны бөлек.

127

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 5 жылда ормандарда – 2 миллиард, ал елді мекендерде 15 миллион көшет егуді тапсырды. Осыған орай Шымкентте тал егу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мамандарының мәліметі бойынша, 2022 жылдың бірінші тоқсанында қалада жалпы саны 20 мыңнан аса көшет егілген. Оның ішінде шаһардағы 4 аудан мен дендросаябақ, қала маңындағы жасыл белдеуге де тал-дарақ отырғызылуда.
Тал егумен қоса демалыс орындарын да көбейту күн тәртібінде тұр. Жалпы, қазіргі таңда Шымкентте 9 саябақ пен 39 гүлзар бар. Ал алдағы күндері мегаполистің көгалды аймағы мен демалыс орындарын дамыту мақсатында тың жобалар қолға алынып, жаңа гүлзарлар соғылмақ.
– Шымкент қаласы бойынша биыл – 50 мың ағаш, ал жасыл белдеуге, орман алқабына, жалпы мың гектарға 1 267 мың көшет егу жоспарлануда. Ол жасыл-желекке қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты «Жасыл белдеу» коммуналды мекемесі, ал қалада 50 мың ағашты күтіп-баптауға 4 аудан әкімдігінің қызметкерлері жауапты болады. Жоспарға сәйкес, 2022 жылы жалпы аумағы 2 250 гектарға тал егіледі. Осылайша 2025 жылға дейін Президенттің көгалдандыру туралы тапсырмасы орындалады деп күтілуде. Бұған қоса биыл қаладағы гүлзарлар мен 9 саябаққа қосымша 7 гүлзардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ол жұмыс демеушілер есебінен жүзеге асырылып жатыр. Құжаттамалар дайын болған соң бюджеттік өтінім беріліп, тиісті қаржы қаралған кезде гүлзарлар салына бастайды, – деді қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Кенжебаев.

125


Бұл жобаның бір ерекшелігі – гүлзарлардың жоспары жергілікті тұрғындардың ой-пікірлері ескеріліп жасалуда. Жауапты мамандар болашақ гүлзарлар орын тебетін аймақтардың тұрғындарымен тілдесіп, көзқарастарын ескерген.
– Гүлзарлардың эскизін жоспарламай тұрып, жергілікті тұрғындардың пікірін білуге тырыстық. Жаңа гүлзарлар салынатын шағынаудан тұрғындарын қамтыдық. Негізгі жұмысымыз да осы бағыт – қаланың әр аумағында жаңа гүлзар, саябақ салуды жоспарлау. Қандай да бір жаңашылдықты енгізу қажет болса, сол саябақтарға келушілерге сауалнама жүргізіп, не қажет екенін сұраймыз. Таңертең, түсте және кешке жүргізілген сауалнамаға жалпы саны мыңға жуық адам қатысты, – дейді «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының» урбанистика департаментінің қызметкері Талғат Айбусинов.
Жаңа демалыс орындарының эскизіне демеушілік көрсеткен компания – «Build Stroi» ЖШС. Бұл мекеме бірнеше жылдан бері қаладағы саябақтар мен гүлзарларды күтіп-баптау жұмыстарымен айналысады.

124


– Биыл қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасымен бірге меморандум түздік. Оның аясында жаңа 7 гүлзардың жобалық-сметалық құжаттарын демеуші ретінде істеп береміз. Әрі қаланың жанашыры ретінде, әрі шаһардағы жасыл желекті күтіп-баптап жатқан соң, бұл жұмыс басқарманың ұсынысымен жүзеге асырылуда. Бұған дейін де осындай гүлзарлардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуде тәжірибеміз бар, – дейді «Build Stroi» ЖШС директорының өндіріс бойынша орынбасары Жандос Оспанов.

126


Сонымен, жаңа гүлзарлар мына мекенжайлардан орын теппек: Төменгі Отырар, Теріскей және Нұрсәт шағынауданы (2 гүлзар), сыра зауытының алды, бұрынғы май зауыты ауданындағы Есіл көшесінің бойында және қалаға кіреберістегі «Кілт» композициясының жанында.
Жауапты мамандар онда автоматтандырылған суару жүйесі жүзеге асырылады деп жоспарлап отыр. Оның ерекшелігі – гүлзар аумағын суару жүйесі қашықтан, бір орталықтан басқарылады. Тиімділігі – суды үнемдеумен қоса суару мезгілін бір уақытқа белгілеп қоюға мүмкіндік бар. «Build Stroi» ЖШС өкілінің айтуынша, бұл жүйе биыл қалада тәжірибе жүзінде енгізіліп, қазіргі таңда сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтқанда Тұран шағынауданындағы жаңа үйлердің ауласындағы тал көшеттері осы әдіспен суарылуда. Жүйе жауапты маманның қолындағы смартфон немесе компьютер арқылы басқарылады.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.