КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІНЕ ЖҰМЫС КӨП Избранное

Пятница, 08 Апрель 2022 03:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1531 раз

Тігін өндірісінің мамандары 99 пайызға жұмыспен қамтылды

Бүгінде жұмыс тез табылатын, табысы күнкөрісінен артылатын кәсіп не мамандықты игеру өзекті мәселеге айналып отыр. Ертеректе беделді оқу орнында мәртебесі биік мамандықтарды оқуға қызығатындар көп болса, бүгінде қоғамға бейімделіп, қажет кәсіпті игеруге тырысатындардың қарасы көбейген.

129

 

Колледждердің техникалық базасы жаңарған

Ресми деректерге сүйенсек, Шымкент қаласында 32 колледжде 32 816 студент білім алуда. Оның ішінде 14 340 студент – мемлекеттік, 18 476 шәкірт жекеменшік колледждерде оқып жүр.
– Бүгінде ата-аналар баласына табысты әрі жұмыс тез табылатын мамандықтарды оқытуды көздейді. Алайда, бұл оқу орындарына мемлекеттік тапсырыс аясында бөлінетін білім гранттарына ғана емес, білім сапасына тікелей қатысты. Сондықтан бүгінде Шымкенттегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық базасын нығайтуда бірқатар жұмыс атқарылып отыр. Яғни, 2020 жылы 2 колледж, 2021 жылы 5 ұйымға «Жас маман» жобасы аясында әлемдік стандарттарға сәйкес, заманауи құрал-жабдықтар алынды. Мемлекеттік бюджеттен 2020 жылы осы мақсатқа 646,6 млн теңге қаралса, 2021 жылы 1 млрд 557,9 млн теңге бөлінді, – дейді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.
Мамандардың айтуынша, осы жоба аясында 2020 жылы Шымкенттегі Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі мен Жол-көлік колледжінің техникалық базасы жаңартылған. Ал 2021 жылы Индустриалды-техникалық колледжі, Энергетика және байланыс колледжі, Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі, М.Өтебаев атындағы жоғары технологиялар колледжі, Политехникалық колледжде кәсіптік бейінді жетілдіруге арналған заманауи құрал-жабдықтар алыныпты.
– «Жас маман» жобасы аясында Индустриалды-техникалық колледждің базасы жаңартылды. Оның ішінде жоғары сұранысқа ие кәсіп түрін саралай келе, білім ұйымында оқытылатын 3 мамандық бойынша еуропалық стандартқа сай, заманауи құрал-жабдықтар алынды. «Токарь ісі» мамандығын оқытуға қажет, құны 137 млн теңге тұратын 3 құрылғы әкелінді. Бұл құрылғыларды шетелдік мамандар орнатып, оның қолдану әдісін біздің оқытушыларға үйретті. Екіншісі, электр-газбен дәнекерлеу ісі бойынша 108 млн теңгеге 4 түрлі құрал-жабдық алынды. Бұл құрылғыларды қолдану әдісін үйрету үшін өткен жылы Воронеж, Харьков қалаларынан арнайы мамандар келді. Бүгінде біздің колледжде студенттер ғана білім алып қоймай, өндірісте қызмет етіп жүрген мамандар да біліктілік арттыруда. Жуырда осындай заманауи құрылғылардың тілін үйрену үшін Тараз, Түркістан қалаларынан бөлек, республиканың өзге өңірлеріндегі кәсіпорындардан да сұраныс түсіп жатыр. Материалдық-базаның нығаюы білім сапасын арттырып қана қоймай, білікті мамандар даярлауда мол септігін тигізіп отыр. Кәсіптік-техникалық сала мамандарына сұраныс әрқашан жоғары болатын. Дегенмен, қызығатындар аз еді. Ал қазір жастардың кәсіптік мамандықтарды игеруге деген құлшынысы зор, – дейді Индустриалды-техникалық колледж директоры
Тілек Исахметов.

Жұмыспен қамту – 85 пайыз

Ж.Тәжиеваның айтуынша, 2019-2020 оқу жылында бітірген 7 876 студенттің 76%-ы (5 986) жұмысқа орналасқан. Ал 2020-2021 оқу жылында бұл көрсеткіш 78 пайызға жетіп, 8 042 түлектің 6 273-і тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Біз биыл өңірімізде қандай мамандықтарға сұраныс басым екенін анықтап, сол кәсіпке мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыруды қолға алдық. Мәселен, 2020-2021 жылдардағы мамандықтар бойынша жұмысқа орналасу көрсеткішін қарастыратын болсақ, экономика – 35, білім беру – 60, өнер, мәдениет – 70, денсаулық – 80, IT бағдарламалау – 85, құрылыс – 92, тігін өндірісінің мамандары 99 пайызға жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен бірлесе отырып, әлеуетті жұмыс берушілердің қатысуымен бос орындар жәрмеңкесі тұрақты өткізілуде. Білім басқармасы биылғы бітіруші түлектерді тұрақты жұмыспен қамту мақсатында, оның ішінде құрылыс саласы бойынша, 21 ұйыммен байланыс орнатып, 850 маманға сұраныс бар екенін анықтадық. Оның 591-і құрылыс басқармасы арқылы, 259-ы әлеуметтік сұраныс негізінде жұмысқа орналасатын болады, – дейді Жанат Арысбекқызы.
Алайда, мәселе тек мамандарды сұраныс негізінде жұмысқа орналастырумен ғана шектелмейтіні анық. Маман сұранысқа ие болуы үшін, ең әуелі, оның біліктілігі, теория мен тәжірибені ұштастыра білуі сынға түседі. Бұл мақсатта елімізде бірнеше жылдан бері орта және жоғары оқу орындарында дуальді оқыту жүйесі енгізіліп отыр.

130


– Колледждер өңірдегі кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, әлеуметтік серіктестік келісімшарттары мен меморандумдар түзген. Шымкенттегі 8 орта білім беру ұйымында дуальді оқыту жүйесі жүзеге асырылып отыр. Бүгінге дейін 117 кәсіпорынмен 1201 келісімшарт жасалған. Құжат шеңберінде 8 колледждің студенттері тағлымдамадан өтіп, сол кәсіпорындарға жұмысқа орналаса алады. Негізгі серіктес кәсіпорындарды атап өтер болсақ, олардың қатарында «Қазпошта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Энергопоток», «Авто-Маркет», «Дара Сервис», «Агро Спец Монтаж», «Базис и К», «Transtelecom», «Civil industrial project group» ЖШС және өзге де серіктестер бар. Десек те, мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесінде салалық басқармалар да ықпал етсе деген тілек бар. Бұл тұста басқармалар қаладағы шетелдік жұмыс күштері тартылып жатқан ірі кәсіпорындарды зерделеп, ол орындарға өңірдегі білім беру ұйымдары дайындап жатқан кадрларды ұсыну жұмыстары қолға алынуы керек, – дейді қаланың бас ұстазы.
Әрине, өңірдегі кәсіпорындар мен басқармалар арасында мұндай тығыз байланыс орнап жатса, кадр қажеттілігін анықтау тиімділігі мен түлектерді жұмыспен қамтудың үлесі артары сөзсіз. Оған жоғарыдағы құрылыс басқармасы арқылы анықталған кадр қажеттілігі де дәлел.
Айта кетейік, білім басқармасының алдын ала болжамы бойынша, 2021-2022 оқу жылында бітіретін түлектердің 85 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Яғни, 8468 бітірушінің 7197-сі жұмысқа орналасса, 501-і (5,9 %) жоғары оқу орнына түсуге ниетті. Ал 162-сі (1,9 %) әскери борышын өтеуге аттанса,
608 (7,2 %) түлек нақты шешім қабылдамаған.

Білім гранты көбейді

Жастарды тегін кәсіптік және техникалық біліммен қамтамасыз ету үшін 2022-2023 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс негізінде 5704 орын бөлініп, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылмақ. Ол өткен оқу жылымен салыстырғанда 1173 орынға артып отыр. Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева брифингте мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, бүгінде Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты 32 колледжде білім алып жүрген 32 816 студенттің 12 791-і мемлекеттік тапсырыс аясында білім грантымен оқып жүр.
– Әр жыл сайын 9 сынып бітірушілердің 30 пайызға жуығы, ал 11 сынып бітірушілердің арасынан мыңнан аса түлек кәсіптік-техникалық мамандықтарды оқытатын орта білім беру ұйымдарына құжат тапсырып жатады. Биыл кәсіпорындардың сұранысы мен өткен жылдардағы түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін саралай келе мемлекеттік тапсырыс негізінде берілетін білім гранттарын жоғары сұранысқа ие мамандықтарға бағыттап отырмыз. Жергілікті бюджеттен 5 704 орын қаржыландырылса, «Білімді ұлт» жобасы аясында республикалық бюджеттен 6 000 орын бөлу жоспарланған. Яғни, 2022-2023 оқу жылында 11704 жас кәсіптік-техникалық білімді тегін ала алады, – дейді
Жанат Тәжиева.
Айта кетейік, келер оқу жылына қаралған мемлекеттік тапсырыстың 87,5 пайызы кәсіптік-техникалық мамандықтар мен қызмет көрсету салаларына бағытталып отыр. Құрылыс-техникалық мамандықтар – 7391, көлік саласы – 1809, ауыл шаруашылығы – 125, тамақ өнеркәсібі – 663, тігін өндірісі – 400, өнер саласы 216 жасты мемлекеттік тапсырыс аясында 100 пайыз тегін оқытатын болады. Ал денсаулық сақтау саласына қаралған 4 662 орынның 10,7 пайызы (500 орын), білім беру саласына тиесілі 1200 орынның 50 пайызы ғана тегін біліммен қамтылмақ.

P.S.

Бүгінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының базасы жаңартылып, еліміздегі кәсіпорындарға жергілікті мамандарды қабылдау мәселесі басты назарға алынған. Дәл осы тұста мемлекет «Аш адамға балық берме, қармақ бер» ұстанымын алға қойып, кәсіптік-техникалық салаларға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемін арттырып отыр. білікті маман даярлау үшін техникалық база да жаңарды. Ендігі үміт – тегін біліммен қамтылған мамандарда. Яғни, жастар білім гранттарын ұтымды пайдаланып, теория мен тәжірибені ұштастыра білетін мықты маман болса, жұмыссыз қалмайтыны анық.