ШЫМКЕНТ ӘКІМДІГІ ХАЛЫҚПЕН КЕРІ БАЙЛАНЫСТЫ КҮШЕЙТІП ЖАТЫР Избранное

Пятница, 08 Апрель 2022 03:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1106 раз

Шымкентте жұмыс істеп тұрған 1 арнайы экономикалық, 2 индустриалды және 1 көлік-логистикалық аймақта 123 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Аталған аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын тартуға бюжеттен бөлінген әр теңгеге 22 теңгеден инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде бұл зауыт-фабрикалар мемлекеттік бюджетке 36 миллиард теңгеден астам салық төледі. Бұл туралы Базарқақпа тұрғын алабында Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездескен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді.

131

 

– Республикада алғаш болып Шымкенттегі барлық өнеркәсіптік аймақтардың аумағы кәсіпорындарға толды. Осыған байланысты жаңадан 3 индустриалды аймақ ашуды қолға алдық. Олар – «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» индустриалды аймақтары. Мәселен, «Жұлдыз» индустриалды аймағының аумағы 309 гектарды құрайды. Қазір мұнда үш кезең бойынша инжинерлік инфрақұрылым желілері тартылуда. Бұл аймақта 60 заманауи зауыт-фабрика ашу жоспарланған. Бүгінде нақты 25 инвестициялық жоба анықталса, оның ішінде 10 кәсіпорынның құрылысы басталды, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы қалада өнеркәсіп өнімінің көлемі 10 пайызға артып, 710 миллиард теңгеге жеткен. Ал қала экономикасына тартылған тікелей инвестицияның көлемі 2021 жылы 65 пайызға артып, 462 миллиард 100 миллион теңгеге жеткен.

Есепті кездесу барысында Мұрат Әйтенов қала аумағын тегіс жол, табиғи газ, сапалы электр қуаты, жылдам интернет, кәріз жүйелерімен қамту жұмыстарын да баяндап өтті. Оған қоса білім беру мен денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мәдениет пен спорт салаларында атқарылған жұмыстар және алдағы жоба-жоспарлар туралы айтты.
Мәселен, қала әкімінің сөзіне қарағанда, Шымкентте 2025 жылға қарай бастапқы медициналық-санитарлық пунктер мен дәрігерлік амбулаториялардың орнына әр шағынаудан мен тұрғын алаптың өзінің толыққанды емханасы ашылады.
– Қазір Шымкентте көптеген елді мекенде бастапқы медициналық-санитарлық пункттер мен дәрігерлік амбулатория бар. Тұрғындар бейіндік дәрігерлерге қаралу немесе анализдер тапсыру үшін орталықтағы емханаларға баруға мәжбүр. Біз жеке инвесторлардың есебінен емдеу мекемелерін көбейтіп жатырмыз. Жоспарға сәйкес, 2025 жылға қарай дәрігерлік амбулаториялардың орнына әр шағынаудан мен тұрғын алаптың өзінің толыққанды емханасы ашылады. Онда барлық бағыттар бойынша бейіндік дәрігерлер мен заманауи медициналық құрал-жабдықтар болады және өз зертханалары жұмыс істейді. Емханаға түсетін жүктеменің азаюуының нәтижесінде медициналық қызметтің сапасы да жақсарады, – деді М.Әйтенов.
Шаһар басшысының айтуынша, келесі жылы Шымкенттегі Бозарық елді мекенінен жеке инвестордың қаржысына 1 000 төсек-орынды үлкен аурухананың құрылысы басталып, ол да 2025 жылға қарай іске қосылады.

135


– Мұндай аурухана әзірге тек біздің қалада ғана емес, бүкіл республикада жоқ. Ол мың төсек орынды, көпбейінді аурухана болады. Онда ең соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар орнатылады. Инвестор елдегі ең білікті дәрігерлерді топтастыруды, сондай-ақ, шетелдерден де білікті дәрігерлер алдыруды жоспарлап отыр. Мұндай аурухана Шымкентті медициналық туризмнің орталығына айналдырады, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бюджеттен 6.2 миллиард теңге жұмсалған. Сондай-ақ, қалада жаңадан мемлекеттік 1 және жекеменшік 4 клиника ашылды.
Мұрат Дүйсенбекұлы кездесу барысында әкімдіктің жергілікті тұрғындармен кері байланысты күшейтіп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері қаладағы 72 елді мекенді аралап, халықпен еркін форматта кездесулер өткізілген. Онда тұрғындар тарапынан 374 мәселе көтерілген. Әр мәселе бойынша жеке хаттамалық тапсырма жазылып, орындалуы қатаң бақылауға алынды. Нәтижесінде 78 мәселе шешілсе, 249 мәселе жыл соңына дейін шешімін табатын болды. Қалғаны жоспарға сәйкес, 2023-2025 жылдардың еншісіне қалып отыр.
– Бұрын әкімдер халықпен жылына бір рет кездесу өткізіп, есеп беретін еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, туындаған мәселелерді дер кезінде шешіп отыру мақсатында Сіздермен тұрақты түрде кездесіп тұратын болдық, – деді
Мұрат Дүйсенбекұлы. – Мәселен, бір ғана Еңбекші ауданында 35 елді мекен мен шағынаудан бар. Онда 300 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. Аудан әкімдігінің штат саны шектеулі. Осыған байланысты бұған дейін кейбір елді мекендерге әкімдіктің өкілдері бармаған, ондағы проблемаларды тыңдап, атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтпаған болуы да мүмкін. Сол үшін жыл басынан бері қаладағы 72 елді мекенді аралап, көшелерге, аулаларға барып, Сіздердің мәселелеріңізді, ұсыныс-пікірлеріңізді тыңдап шықтық.
Әкімнің айтуынша, сол кезде айтылған проблемалардың уақтылы шешілуін қадағалау үшін әр шағын-аудан мен тұрғын алаптың белсенді азаматтарынан тұратын қоғамдық бақылау кеңестері құрылған. Қала әкімі осы кеңес мүшелерімен айына бір рет кездесіп, мәселелердің шешілу барысын баяндап отырады.
Қала әкімі, мұнан бөлек, әр тоқсан сайын қаладағы 4 ауданның әрқайсысында тұрғындарымен 3 реттен кездесу өткізеді. Қала берді қалалық мәслихаттың әр депутаты мен қоғамдық кеңестің мүшелері де қаладағы елді мекендерге жауапты етіп бекітіліп, тұрғындармен керіс байланыс орнататын болды.