ЖАС БАСКЕТБОЛШЫЛАРДЫҢ ЖЕҢІСКЕ ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫСЫ ЗОР Избранное

Среда, 13 Апрель 2022 03:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 826 раз

Шымкент жастар лигасының кезекті жарысы ұлдар арасында баскетболдан өтті. Сайыста Қаратау ауданы бойынша 36 мектептің командалары өзара бақ сынасты.

152

 

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №72 орта мектептің спорт залында А тобындағы 8 команданың ойындары тартысты өтіп, балалардың көңіл-күйі көтеріңкі, белсенділігі жоғары болды. Жас спортшылардың бойынан жеңіске деген зор құлшыныс пен мұқалмас ерік-жігерді байқалды. Әрбір ойын аса тартысты өтіп жатты. Себебі, жарыстың ережесіне сәйкес, финалдық кезеңге әр топтан бір-бір команда ғана жолдама алады.
–Шымкент қаласының Абай және Әл-Фараби аудандарында баскетболдан іріктеу сындары аяқталған. Ол жерде финалдық кезеңге жолдама алған командалардың тізімі белгілі. Енді олар Қаратау мен Еңбекші аудандарынан іріктеліп шығатын командаларды күтіп отыр,- дейді жарыстың баскетбол бойынша бас төрешісі Марат Андақұлов.

153


Төрешінің айтуынша, Шымкент жастар лигасына баскетбол командаларының барлығы тыңғылықты дайындықпен келген екен. Жас ойыншылардың физикалық дайындығы, жылдамдығы, дәлдігі мен шеберлігіне мамандар сүйсіне қарап отырды. Болашақта бұл жігіттердің арасынан халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын саңлақ спортшылар шығарына сенім мол.
–Баскетболмен айналысқан бала ширақ, епті әрі жан-жақты жетілген болады. Бұл командалық спорт болғаннан кейін жас жеткіншектерді ұйымшылдық пен өзара тіл табысуға да үйретеді. Жалпы маман ретінде, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Шымкент жастар лигасы атты біріншілікті ұйымдастыру туралы идеясын толық қолдаймын. Бұл бір жағынан балалардың бұқаралық спортпен айналысып, денсаулығын жақсартуына ықпал етсе, екінші жағынан оқушылардың зиянды әдеттерден аулақ болуына әсер етеді. Сол арқылы қалада жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың азаюына да сеп болады, - дейді Марат Хамидинұлы.