КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ Избранное

Среда, 13 Апрель 2022 04:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 728 раз

Шымкент қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына отбасында зорлық-зомбылық көрген және өмірлік қиын жағдайға тап болған 164 азамат көмек сұрап жүгінген. Олардың ішінде 84 адам, тарқатып айтсақ, 21 ана мен 63 бала дағдарыс орталығында уақытша жатын орынмен қамтамасыз етілген. Соның ішінде жағдайы тұрақтанған 10 әйел орталықтан өз еркімен шыққан. Орталық мамандары көрсеткен психологиялық көмек пен медиациялық қызметтің арқасында 9 отбасының ажырасуының алды алынып, әйелдер үйлеріне оралған.

166

 

Шымкент қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Нұрғали Егембердиев осындай деректермен бөлісті.
–Бұл орталық жалпы бір мезгілде 50 адамды қабылдауға арналған. Онда отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Олардың арасында тегін психологиялық көмек көрсетуден бастап, құжаттарды рәсімдеу мен атаулы әлеуметтік көмек пен өзге де жәрдемақыларды алуға өтініш беруге дейінгі қызмет түрлері бар, - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Басқосуды Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Шыңғыс Мұқан ашып жүргізіп отырды.
Өңірлік комиссия отырысында «Отбасыдағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасының Шымкент қаласында іске асырылу барысы талқыланды. Бұл туралы қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова баяндады. Сондай-ақ, ол отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жоспарларын да таныстырып өтті.
Мұнан бөлек комиссия отырысында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Әзімбердиев, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы Шымкент қаласы полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Жандарбеков баяндады.
Сонымен қатар Қаратау ауданы әкімінің орынбасары, аудандық комиссия төрағасы Ерлан Бекназаровтың осы бағытта атқарған жұмыстары жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Шыңғыс Жұмабекұлы Қаратау ауданындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссияның жұмысын сынға алып, бұл бағытқа баса назар аудару қажеттігін ескертті.
Комиссия мүшелері «International Mediation Center» республикалық қоғамдық бірлестігінің уәкілетті өкілі, халықаралық кәсіби медиатор Гүлизат Сейдазованың да атқарған жұмыстары мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Жиынды қорытындылаған қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан алдағы уақытта комиссия жұмысын нәтижелі ете түсу үшін ұйымдастыру шараларын пысықтауды және формальді есептерден бас тартып, нақты мәселелерге назар аудару керектігін баса айтты.