ІШКІ ӨНІМ АЛҒАШ РЕТ 3 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АСАДЫ Избранное

Среда, 27 Апрель 2022 04:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 627 раз

Шымкент қаласының жалпы өңірлік ішкі өнім көлемі биыл алғаш рет 3 триллион теңгеден асады деп жоспарланып отыр. Өткен жылы қалада бұл көрсеткіш 2 триллион 700 миллиард теңгені құраған еді.

88

 

Бұл туралы Еңбекші ауданының тұрғындарымен кездескен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді. Шаһар басшысының айтуынша, жалпы өңірлік ішкі өнім көлемінің өсуі қалада инвестициялық және кәсіпкерлік белсенділіктің артуына, тұрғындардың табысының көбеюіне және халықтың әл-ауқатының жақсаруына оң әсер етеді.
– Экономиканың дамуына ықпал етіп отырған негізгі сала – өнеркәсіп. Шымкентте өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 6.6 пайызға өсіп, 785 миллиард теңгеге жетті. Ал биыл бұл саладағы кәсіпорындар 856 миллиард теңгенің өнімін өндіреді деген болжам бар. Сонымен қатар, қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі де жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2021 жылы инвестиция мөлшері 60 пайызға артып, 462 миллиард 100 миллион теңгені құраса, биыл инвестиция мөлшері тағы 15 пайызға өсіп, 538 миллиард теңгені құрайды деген болжам бар. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті жылына 900 миллиард теңгеге дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз, – деді М.Әйтенов.
Қала әкімі кездесуде экономика, инфрақұрылымды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт және әлеуметтік қамсыздандыру мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарында атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжей баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Тұрғындар да қала әкіміне өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, елді мекендерді көркейту, коммуналдық және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жөніндегі ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Айта кетейік, қала әкімінің есеп беру кездесуі Еңбекші ауданында осымен екінші рет ұйымдастырылды. Бұл жолғы кездесуге Қаратөбе, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Бадам, Бадам-2, Оңтүстік, Көксай-2,3, Жас дәурен, №11, 12, 13 шағынаудандардың тұрғындары қатысты.