МАҚСАТ – САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ СЕНІМІН АҚТАУ Избранное

Пятница, 29 Апрель 2022 04:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 978 раз

Заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты өткен жылғы сайлауда мәслихат депутаттары тек қана партиялық тізіммен сайланған болатын. Сол кезде аталған өзгерістің тиімділігіне көптеген мамандар, саясаттанушылар күмәнмен қарағаны белгілі. Бір жағынан бұл норма ешқандай партияның құрамына енбеген, бірақ, белсенді азаматтық ұстанымға ие, тұрғындар арасында беделі бар азаматтарды депутат атану мүмкіндігінен айырса, екінші жағынан тұрғындар өздерінің кімге дауыс бергенін де білмей қалады. Қазір кейбір тұрғындардың «біздің депутатымыз кім екенін де білмейміз» деп шағымданып жатқаны соның айғағы.

106

 

Осының бәрін ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына арналған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында заң шығарушы және өкілетті билік органдарын аралас сайлау жүйесін, яғни, партиялық тізім мен мажоритарлық жүйені қатар қолдана отырып жасақтау туралы бастама көтергені белгілі. Демек, алдағы сайлауларда бір мандаттық округтер арқылы тұрғындардың тікелей дауыс беруімен сайланған депутаттар мәслихаттың құрамына қайта енеді деген сөз.
Алдағы уақытта өзгерістердің болатыны жақсы, бірақ, мәслихат оған дейін де тұрғындармен кері байланыс орнатпай отыра алмайды. Сайлаушылармен күнделікті қарым-қатынаста болып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге ықпал етіп отыру мәслихаттар үшін уақыт талабына айналды. Осы орайда Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы
Бахадыр Нарымбетовтың бастамасымен қала аумағы шартты түрде секторларға бөлініп, депутаттардың барлығы әртүрлі елді мекендердің тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс істеуге жауапты етіп бекітілді. Бұл – бір.
Екіншіден, әр халық қалаулысы тұрақты түрде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап отырады. Кез келген тұрғын тиісті депутаттың қабылдауына кіріп, өзін мазалайтын мәселесі бойынша ұсыныс айтады немесе көмек сұрауына болады.
Ал, үшіншіден, AMANAT партиясының Шымкент қаласы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша арнайы жол картасы әзірленген. Сөйтіп, әр депутат аталған сайлауалды бағдарламаның негізгі көрсеткіштерінің уақтылы әрі сапалы орындалуын бақылауға жауапты етіп бекітілген. Бүгінде халық қалаулылары тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, сайлаушылардың сенімін ақтау мақсатында, міне, осындай бағыттарда жұмыс атқарып келеді.
Аталған жұмыстардың нақты көрінісі ретінде жақында Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов және тұрақты комиссия төрағаларының қала тұрғындарын қабылдап, мәселелермен танысқанын айтуға болады. Қоғамдық қабылдауға түрлі мәселемен оннан астам тұрғын тіркелген.
Қоғамдық қабылдау барысында азаматтар түрлі әлеуметтік-тұрмыстық және қоғамдық мәселелерді қозғады. Мәселен, Шымкент қаласының мүмкіндігі шектеулі тұрғыны қоғамдық көлік мәселесін көтеріп, несиесін өтеп беруді, азық-түлікпен қамтуды сұраса, тағы бір азамат Асар-2 шағынауданындағы автокөлік жолын кеңейтіп, кәріз жүйесінің бетін жабу керек екенін жеткізді.
Сонымен қатар, қоғамдық қабылдауға келгендердің арасында Қаратау ауданындағы көлік, көшені жарықтандыру, мектеп аумағына бейнебақылау орнату мәселелерін шешуді сұрағандар да болды. Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың қоғамдық қабылдауында үй, жер кезегіне тіркелген азаматтардың өтініштері де қаралып, басқармалар тарапынан жауап берілді.
Тиісінше, әлеуметтік мәселелер қаралған қабылдауда мәслихат хатшысы Бахадыр Мәдәліұлы қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігінің мәселесін дер кезінде шешіп, өз кезеңінде реттелетін мәселелер бойынша азаматтардың арыз-шағымы мен талап-тілегін бақылауға алатынын жеткізді.
Мұнан бөлек, AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасының орындалуы жөніндегі бекітілген индикаторларды бақылау мақсатында мәслихат депутаттары Қайрат Имашев,
Байкен Әшірбаев пен Шыңғыс Қозыбақов мемлекеттік бағдарламалардың аясында Тұран шағынауданында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс алаңына барып, жұмыстың сапасымен танысты.
Мәслихат депутаттары, мұнан бөлек, үш ауысымды мектептердің мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Атап айтқанда, бүгінде Шымкентте 5 мектептің жанынан әрқайсысы 300 орынды қосымша ғимараттар салынып жатыр. Бұл үш ауысымды мектептердің санын 9-дан 5-ке дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жақында Қайрат Имашев, Байкен Әшірбаев пен Шыңғыс Қозыбақов депутаттық топ осы мектептерді аралап, жұмыс барысымен танысып шықты. Халық қалаулылары Нұрсәт шағынауданында орналасқан №80 мектепте болып, қосалқы ғимараттың құрылыс сапасын бақылады. Мердігер компания өкілінің айтуынша, жаңа ғимараттың «А» блогында кіреберіс, спорт зал мен 66 орынды асхана болса, «Б» блогында бастауыш сынып оқушыларына арналған 375 орынды сыныптар бар. Депутаттар жұмыстың сапалы орындалуы және құрылыстың уақтылы аяқталуы маңызды екенін ескертті.
Біз депутаттар корпусының бір бөлігінің ғана атқарған жұмыстарын баяндадық. Негізінде халық қалаулыларының барлығы да белсенділік танытып, тұрғындармен тығыз байланыс орнатқан. Соған сәйкес депуттар арасында рейтинг те жасалып, атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланып отырады. Ал негізгі мақсат – сайлаушылардың сенімін ақтап, қаланың көркеюі мен дамуына үлес қосу.