ӘСКЕРИ АРУ ӘЙГЕРІМ Избранное

Среда, 04 Май 2022 03:27 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1002 раз

Еліміздің Қарулы күштерінің қатарында болмысы нәзік арулар аз емес. Олар да өздеріне жүктелген істі жауапкершілікпен әрі адал орындап, әскери міндеттерін атқарып жүр. Солардың бірі — білікті де, жауапты кіші сержант Әйгерім Қалиева. Шымкент гарнизонының механикаландырылған бригадасында аға маманы әскери салада 9 жылдан бері қызмет атқарып келеді.

156

 

Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тумасы Әйгерім әскери қызметті тосыннан таңдаған жоқ. Ол бала күнінен әскери болуды армандаған екен.
– Әскери қызмет атқаруды бала күнімнен армандадым. Әсіресе, 8 сынып оқып жүрген кезімде алғашқы әскери дайындық дәрісіне ерекше құлшыныспен қатысатынмын. 2013 жылы Шымкент қаласындағы Қазақстан халықтар достығы университетін «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» мамандығы бойынша тәмамдадым. Арманыма қол жеткізу жолында тынбай, Шымкенттегі қорғаныс істері департаментіне өтініш білдіріп, әскерге сұрандым. Арнайы әскери тексеруден, түрлі сынақтардан өтіп, 2014 жылы Шымкент қаласынан әскер қатарына шақырылдым, Арыс қаласындағы жеке мотоатқыштар батальонының атысты қолдау ротасына мерген ретінде жолдандым. Бала күнгі арманым осылайша әскери қызметке әкелді, – дейді Әйгерім Абдуақапқызы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, әскери талапты орындау үшін төзімділік танытуға тура келген. Әскери тәртіпке бойұсынып, алдыңғы қатарлы әскери қызметкер атану жолында нұсқаушыларының да ерен еңбегін атап өтті.

155


– Әскери тәртіпке үйреніп, өмір салтын қалыптастыруда біраз күш жұмсауға тура келді. Арысқа келген соң мені сол кездегі взвод командирі, аға сержант Бақтияр Қилыбаев пен рота командирі, аға лейтенант Абылайхан Құдайбергеновтің тікелей қадағалауына тапсырды. Нұсқаушыларым қаруды қалай шашып, құрауды, оны тазалап, баптауды толығымен үйретті. Арасында балалықпен нұсқаушыларым айтқан кей талапты сақтамай, өзіме кері әсері тиген сәттер де болды. Бірде оқу-жаттығу барысында снайпер винтовкасынан ату тапсырылды. Талап бойынша көздегенде 7 см арақашықтық сақталуы тиіс еді. Нұсқаушымның сөзі есімнен шығып кетіп, снайпер винтовкасынан атып қалғанда, кері серпіннің күшінен көзім көгеріп, жылап алғанмын, – дейді Әйгерім күліп.
Болмысы нәзік болса да темірдей қатал тәртіпке бағынған ару бүгінде әскери қызметімен қатар спорттағы ептілігімен түрлі додаларда
Қазақстанның Қарулы күштерінің намысын қорғап, биіктерден көрініп жүр. Кіші сержант С.Қалиева Өзбекстанда, Ресейде өткен Армия ойындарының «Әлем жауынгері» мен «Мергендер шебі» сынды конкурстарында топ жарып, олжалы оралған.
– Қазіргі уақытта әскери кросс ойындары бойынша өңірде үздік деп танылып, енді республикада бақ сынауға дайындалып жүрмін. Арманым — осы әскери кросс ойындарынан чемпион атану. Осы жолда бар күш-жігерімді жұмсап, тыңғылықты дайындалып жүрмін, – дейді кіші сержант.
Әскери қызметінен бөлек, Әйгерімнің спортқа жақындығы мен турнирлердегі белсенділігін командирлері де мақтан етіп жүр.
– Әйгерім нәзік болса да әскери өмірдің қиындығы мен темірдей тәртібіне төзіп, ер-азаматтармен тең деңгейде қызмет атқарып жүр. Ол өзінің тәртібі мен қойылған тапсырмаларды уақтылы орындаудағы жауапкершілігімен әріптестеріне үлгі. Елі үшін жанын қиған
Мәншүк, Әлия және Хиуаз апалары сынды қайсар қыз – Отанға деген сүйіспеншілігін ісімен дәлелдеп жүрген аруларымыздың бірі. Жауынгерлік даярлық сабақтарында әрдайым өзін жоғары деңгейден көрсетеді. Осындай батыр арудың арамызда қызмет атқаратынын мақтан етеміз, – дейді бригада сержанты, 1 сыныпты сержант Рауан Алимбетов.
Бейбіт күннің өзінде «ел қорғаны боламын» деп Отан сүйгіштігін, ұлтжандылығын паш еткен
Әйгерімнің әрекетіне сүйсініп қалдық. Арудың табандылығы, арманына деген адалдығы — замандастарына үлгі.