Қос жүйені қатар меңгерген ардагер Избранное

Среда, 04 Май 2022 03:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 853 раз

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Ел тыныштығын күзетіп, қорған болар құрылымда талай мықтылар қызмет етіп, абыроймен еңбек етті. Солардың бірі – ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Уәлихан Ережепов.

158

 

Уәлихан Мелдебекұлын көпшілік азаматтық қорғаныс саласының маманы ретінде таниды. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаментін талай жылдар абыроймен басқарған ардагердің бұл салаға әскери қызметтен келгенін көпшілік біле бермеуі де мүмкін.
Уәлихан Мелдебекұлы 1953 жылы бұрынғы ОҚО, Алғабас ауданы, Шалдар совхозында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң Ресей астанасы Мәскеудегі әскери училищеге оқуға түсіп, тәмамдап шығады. Содан 10 жыл бойы Түркістан әскери округындағы әскери бөлімдерде түрлі қызметті атқарады. Алған біліміммен шектеліп қалмауды ойлап, жас маман Ресейдің Калининград қаласындағы Жоғарғы әскери инженерлік училищенің әскери академиялық филиалына оқуға түсіп, 1986 жылы аяқтайды. Сол жылдары азаматтық қорғаныс саласына ауыстырылады.
Осылайша Уәлихан Ережепов 1984 жылы әскери құрылымнан азаматтық қорғаныс саласына келіп, Шымкент облысының азаматтық қорғаныс штабына қызметке тұрады. Осы салада жемісті еңбек етіп, 1992 жылы штаб бастығы болып тағайындалады.
Ел тәуелсіздігімен бірге өрбіген азаматтық қорғаныс саласын дамытуда тер төккен Уәлихан Мелдебекұлы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаментін табаны күректей 22 жыл басқарды. Ардагер осынау жылдар ішінде түрлі табиғи және техногенді апатты ауыздықтауда алғы шепте жүрген. Сол еңбегінің еленгені болар, 2007 жылы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталады.
– Сол жылы қыс аязды болды. 23 желтоқсаннан түннен толассыз қар жауып, таулы аудандарда қатты боран соқты. Желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетті. Ауа райының қолайсыздығына байланысты департаментте штаб құрылып, шұғыл шаралар қолға алынды. Облыс аумағындағы жағдайды қатаң бақылауға алып, Шымкент–Алматы бағытындағы тасжолдың Жамбыл облысы аумағындағы Шақпақ ата, Күйік асуларындағы көлік қозғалысы тоқтатылды. Ертеңіне метеорологиялық жағдай тіпті нашарлап кетті. Түлкібас, Қазығұрт, Бәйдібек, Төле би, Сайрам аудандарындағы барлық жолдағы қозғалыс тоқтатылды. Тікелей жетекшелігіммен департамент мамандарының бірінші тобы Түлкібас ауданындағы Шымкент–Машат–Ванновка–Шақпақ баба асуында, екінші топ Шымкент–Қазығұрт бағытында күшейтілген кезекшілікте жұмыс істедік. Тынымсыз еңбектің тәтижесінде 24-25 желтоқсан күндері осы бағыттардан барлығы 46 көлік, 539 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Құтқару жұмыстары республикалық маңызды тасжолдың облыс аумағындағы 220 шақырымын қамтыды, – дейді Уәлихан Мелдебекұлы.
Құтқару тобы мұнымен шектелмей, кейіпкеріміздің шешімімен кідірместен Жамбыл облысы аумағына өтіп, екі күнде 372 техника, 2 406 адам құтқарылған. Бұл жұмыстарға жалпы 65 техника мен 141 құтқарушы жұмылдырылады.
2007 жыл осылай аяқталып, келесі жылдың басы да табиғи апатқа ұласады. Қаңтардағы қалың қар жауып, күн райы –30-35 градусқа төмендеді. Жергілікті тұрғындар мұндай суық өңірде 40 жылдан бері болмағанын айтады. Ал ақпан айының соңында күн күрт жылынып, түні бойы жауған жаңбырдың салдарынан сел жүреді. Бұл тұста да негізгі ауырпашылық облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандарына түседі.
– Әсіресе, Сарыағаш, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласы қатты зардап шекті. Тоңазыған жер мол жауынды бірден сіңіре алмай, жібіген лай суы мен жаңбыр көшті. Бір ғана Сарыағаш ауданында 2 798 үй, 3 мектеп, 2 көпір су астында қалып, Қызыләскер-Асықата жолын су шайып кетті, көлік қозғалысы тоқтады. Мәселені облыс әкімі өз бақылауына алып, шұғыл штаб құрылды. Құтқару жұмыстарына 87 техника мен 568 маман жұмылдырылып, бір түннің ішінде 7 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ал көктемде зардап шеккен тұрғындар мен өңірлерге материалдық көмек беріле бастады, – дейді ардагер құтқарушы.
Осылайша ел болып, көмекке келіп, өңір халқының басына түскен табиғи апаттың салдары бір жыл болмаса да бірер жылда қалпына келтіріледі. Ал Уәлихан Мелдебекұлы 2014 жылы төтенше жағдай департаменті бастығы қызметінен зейнетке шығады. Бүгінде ардагер қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүр.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.