Қорғаныс саласының іргетасын қаласқан Избранное

Среда, 04 Май 2022 03:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1013 раз

Биыл еліміздің айбыны мен мақтанышы ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына — 30 жыл. Әр мемлекеттің шекарасы шегенделіп, тәуелсіздігі танылған соң, ол елдің тыныштығын сақтап, сыртқы жаудан қорғайтын айбынды Қарулы күштерінің қалыптасуы заңды құбылыс. Біз ҚР Қарулы Күштері құрылған күннен бастап елінің патриоты ретінде тер төккен «ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Онбаев Серікбай Мейірбайұлымен тілдескен едік.

159

 

Аманат пен арман

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Шорнақ ауылының тумасы С.Онбаев Отан алдындағы парызын өтеп, елінің ұлтжанды азаматы болып қалыптасуына әке аманатының ерекше рөл атқарған айтады.
– Бала күнімізден қазақтың халық ауыз әдебиетімен сусындап, батырлар жырын тыңдап өстік. Әкем Мейірбай – соғыс ардагері. Ол үнемі «Әскери қызмет – үлкен міндет. Әскерилер – Отанның, туған жерінің қорғаны. Менде әскери білім болмады. Соғыста алған жарақатымның салдарынан әскери боламын деген арманыма да жете алмадым. Әке жолын жалғастыратын сендерсіңдер» деп отыратын. Әкемнің осы сөзі мені жігерлендіріп, өмірлік жолымды таңдауыма ықпал етті, – дейді Серікбай Мейірбайұлы.
Созақ ауданы Шолаққорған ауылында Ы.Алтынсарин атындағы №1 орта мектепті бітірген соң Мәскеудің жоғары әскери командалық училищесіне аттанады. Алайда, әскери оқу орнында орыс тіліне шорқақтығынан біраз қиналғанын да жасырмады. Дейтұрғанмен, мақсатқа жету жолында табандылық танытып, 6 айдың ішінде-ақ тілді меңгеріп алыпты. Тіптен, училищеге түскеннен соң, әскери ант қабылдар алдында Калашников автоматынан алғашқы оқу-жаттығу дәрісінде құралайды көзге атқан мергендігімен қатарластарынан оқ бойы озық шығады. Тапсырмаға сәйкес 3 оқ атып, 30 ұпай жинау шарт болса, Серікбай Онбаев 30-дан 29 ұпай алыпты.
Жоғары әскери оқу орнын тәмамдаған С.Онбаев 1974 жылы Орал әскери қолбасшылығына Свердловск қаласына жіберіледі. Сол жылдары табиғи апат салдарын жою, өрт сөндіру кезіндегі ерлігі ескеріліп, РФ Жоғарғы Кеңесі шешімімен «Өрттегі ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Әскери қызметтен қол үзбей, Екатеринбург қаласындағы жоғары партиялық білім алады.
– Әу бастан туған жерге ту тігуді мақсат еткендіктен, жат жерде ұзақ жүруді жөн көрмедім. Мақсатым 1979 жылы орындалып, Алматы облысындағы әскери бөлімге штаб бастығы болып оралдым. 1981 жылдан бастап Алматы қаласындағы Азаматтық қорғаныс штабында аға офицер және бөлім бастығы қызметтерін атқардым, – дейді кейіпкеріміз.

«Кіші офицерлер күзетке шықты...»

Серікбай Онбаев – ҚР Қарулы Күштері құрылған тұста да өзінің Отан алдындағы парызын өтеу мақсатында білек сыбана атсалысқан азаматтардың бірі.
– Кеңес өкіметінің құрамындағы елдер тәуелсіздігін жариялап, бөлінген тұста еліміздің қарулы күштерін қалыптастыру күн тәртібіндегі мәселе болды. Сөйтіп, Алматыдағы Қазақ КСР-інің әскери комиссариаты мен Азаматтық қорғаныс штабы біріктіріліп, 1991 жылы Қазақстан Қорғаныс комитеті құрылды. Оның төрағасы болып генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды. Ал маған басқарма бастығының орынбасары, ұйымдастыру-штаттық бөлім бастығы қызметі тапсырылды. Бұл бөлім әскери бөлімдер, мекемелер мен оқу орындарының штаттық кестесі, алатын айлықтарының мөлшеріне дейін белгілейтін...
Қорғаныс комитеті құрылған соң, араға 1-2 ай салып әскердегі өзге мемлекеттің азаматтары, офицерлері мен сержанттары өз елдеріне қайта бастады. Салдарынан әскери құрамалар мен бөлімдерде қару-жарақ қоймалары мен техникаларын күзететін сарбаздардың жетіспеушілігі орын алды. Кіші офицерлер күзетке шығып, аға офицерлер қарауыл бастығы, қарауылдарды ауыстырушы болып күзет кезекшілігін атқара бастады. Кадр тапшылығын шешу мақсатында Сағадат Нұрмағамбетовтің бастамасымен, Тұңғыш
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен соғыс жылдарындағы тәсілді қолдана отырып, құрамды жедел толықтыру ісі жүзеге асырылды. Ол үшін орта білімі бар, Кеңес армиясында әскери борышын толық өтеген азаматтар үшін 3 айлық кіші лейтенанттар даярлайтын әскери оқу орындары ашылды. Сондай-ақ, онда ҚР Қарулы күштерінде қызмет етіп жүрген прапорщик, келісімшарт негізінде жүрген старшина, сержанттар да қабылданып, емтиханнан сүрінбей өткендерге алғашқы офицер атағы «кіші лейтенант» дәрежесі берілді, – деп кейіпкеріміз ҚР Қарулы күштері құрылған кезеңдегі қиын-қыстау уақытты әңгімелеп берді.
Серікбай Мейірбайұлының айтуынша, алғашқы құрылым кезеңінен сүрінбей өткен соң, 1992 жылы Мемлекеттік қорғаныс комитеті мен армия біріктіріліп, осы жылдың 7 мамырында Қазақстан
Республикасының Қорғаныс министрлігі құрылыпты.
– Алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы тағайындалды. Мен ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық аппаратына жұмысқа шақырылып, түрлі деңгейде басшылық қызметтерді атқардым. 1999 жылы Түркістан, Шымкент, Кентау, Тараз қалаларында орналасқан Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің әскери кафедра бастығы қызметіне тағайындалып, шәкірт тәрбиелеумен айналыстым. 2002 жылы Оңтүстік әскери қолбасшылығы штаб бастығының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметіне бекітіліп, 37 жыл әскери қызметтен соң, 2008 жылы зейнет демалысына шықтым, – дейді С.Онбаев.
Бүгінде бар күш-жігерін өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, ұлтжандылық, Отан алдындағы жауапкершілік сынды қасиеттерді дамытуға арнап жүрген Серікбай аға әскери терминдерді қазақшалау жұмыстарымен де айналысқан.
– Әскери терминдерді қазақ тілінде аударып, әскери пәрмендерді қолданысқа енгізу үшін бірнеше оқулық құрастырдым. Оларды әскери оқу орындарында қолданысқа енгізуге атсалысып,
Қазақстанда әскери шеруді қазақ тілінде жүргізуді алғашқылардың бірі болып, қолға алдым. Осы саладағы жетістіктерім үшін Қорғаныс министрі атынан І дәрежелі «Ел қорғаны» медалімен марапатталдым. Әскери сала терең білімді, асқан төзімділікті, қатаң тәртіпті талап етеді және міндетті мінсіз атқара алғандар ғана мамандығының шыңына жете алады. Мен өскелең ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік пен рухтың жоғары екеніне сенемін, – дейді Серікбай Мейірбайұлы.
Отанға деген махаббаты мен әке аманатына адалдығы кейіпкерімізді өз саласының майталманы ретінде танытқандай. «ҚР
Қарулы күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде Шымкент қалалық білім бөлімімен бірлесіп, мектеп оқушылары арасында «Жас сарбаз», «Жас шекарашы» сынды клубтар құрып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, кейіпкеріміз Онбай әулетінен тарағандардың ішінен 38 әскери қызметкер шыққанын да ерекше мақтанышпен әңгімелеп берді.