ҚАСИЕТТІ АЙДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ Избранное

Среда, 04 Май 2022 03:40 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 685 раз

Айт мерекесінің алғашқы күнінде шымкенттік жалғызілікті ана баспаналы болды. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының ұжымы мен мердігер мекеме өкілдерінің қолдауымен Марфуға Ертаеваға баспана кілті табысталды.

166

 

Үш бала тәрбиелеп отырған Марфуға Ертаева 2016 жылдан бастап осы басқармада техникалық қызметкер болып жұмыс істейді. Жалғызбасты ана денсаулығының кінәратына қарамастан екі ұл, бір қызын жетілдіру үшін аянбай еңбек етуде.
– Рамазан айының орта шенінде Марфуға қатты ауырып, ауруханаға түсті. Сол кезде балаларының жағдайына алаңдап, ұжым қызметкерлерімен ақылдаса келе қайырымдылық жасауды ұйғардық. Басқарма қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударды және мердігер мекемелердің арасынан демеушілер таптық. Осылайша қасиетті айда бір қызметкеріміздің баспаналы болуына ықпал еттік. Үйдің құжаты кәмелеттік жасқа толған үлкен ұлының атына рәсімделді, – деді Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков.
Басқарма мамандарының айтуынша, біраз жылдан бері басқарманың тазалығына жауапты жанның баспанасыз жүргені ұжым назарынан тыс қалған емес. Екі бөлмелі үй Көксай-3 шағынауданынан алыныпты.
Алты жылдан бері пәтер жалдап, тағдыр тәлкегін көрген Марфуға Ертуғанқызы ұжымдастарының қолдауына алғысын білдірді.
– Денсаулығыма байланысты үйде едім. Жұмысқа келуімді өтініп, басшымыз жақсы жаңалықты айтқанда, төбем көкке бір елі ғана жетпеді. Ұжымдастарым әрдайым көмектерін аяған емес. Жылдар бойы емделуіме де қол ұшын созып келеді, – дейді баспана иесі.