Версия для печати

Танкіші Жандос Избранное

Пятница, 06 Май 2022 04:25 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1200 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қанша жерден әскери қару-жарақтың жаңа, заманауи түрлері шығып,  пилотсыз ұшу аппараттары сияқты ноу-хоулар жасалып жатса да танктер өзінің армиядағы орны мен маңызын жойған жоқ.

201

 

Қазақстан Респуликасы Қарулы күштерінде де танк әскерлері маңызды әрі шешуші рөл атқарады десек қателеспейміз. Демек, қазақ армиясына кәсіби деңгейі жоғары, шебер әрі ержүрек танкішілер ауадай қажет. Сондай сарбаздың бірі – «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының Шымкент қаласында орналасқан механикаландырылған бригадасы танк әскерлерінің взвод командирі, аға лейтенант Жандос Құдайбергенов.

202


Жандос Берікұлы бала күнінен әскери адам болуды армандап өскен. Өзінің айтуынша, әсіресе, танктердің жойқын күш-қуаты оны қатты қызықтырған екен. 2014 жылы орта мектепті бітірген соң сол балалық арманы жетелеп Алматы қаласындағы Құрлық әскерлері әскери институтына барады. Сөйтіп, танк әскерлері факультетіне оқуға түседі. 2014-2018 жылдары еліміздің ең үздік әскери мамандары мен тәжірибелі қолбасшылардан тәлім алып, әскери тәртіпке үйреніп шығады. Институтты бітірген кезде командалық-тактикалық танк әскерлерінің командирі деген мамандықты иеленген.
–Қазіргі заманда әскери маманның бойында тек патриотизм мен батылдық қасиеттердің болуы жеткіліксіз. Сонымен қатар білімі мен біліктілігі де жоғары болуы шарт. Мәселен, біздің командалық-тактикалық танк әскерлерінің командирі атты мамандықты иеленген офицерлер ұрыс тактикасының ерекшеліктерін толық меңгеріп, қол астындағы сержанттар мен сарбаздарға жауынгерлік міндетті орындау барысында қажетті нұсқауларды көрсете алуы шарт. Оған қоса танктердің құрылымын меңгеріп, оған техникалық қызмет көрсету мен қажет болған кезде жөндей алуы керек. Мұның бәрін қатар меңгеру адамнан үлкен ыждағаттылықты, еңбек пен қарым-қабілетті талап етеді. Бүгінде біз сол жоғары талапқа сай болуға барынша ұмтылып келеміз, – дейді аға лейтенант.
Әскердегі бүкіл жеке құрамды бақылауда ұстау және тиімді басқару мақсатында армияның құрылымы нақты тәртіппен жасақталады. Ондағы ең кіші бірліктердің бірі – взвод. Взводтың құрамында 3 танк экипажы бар. Әр экипаж 3 адамнан тұрады. Олар: механик-жүргізуші, көздеуші-зеңбірекші және танк командирі. Взводтың құрамында бірінші танктің командирі взводтың да командирі болып есептеледі. Өз кезегінде взвод командирі рота командиріне, одан әрі батальон командиріне бағынады. Бір қарағанда взвод командирі деген кіші лауазым болғанымен, ұрыс жағдайында алдыңғы шепте болып, жауынгерлік міндеттерді тікелей орындайтын осы мамандар. Сондықтан олардың жауынгерлік даярлығы шешуші маңызға ие.
–Жауынгерлік даярлықты жоғары деңгейде ұстау үшін взводтағы жауынгерлер теориялық білімі мен практикалық машығын күнделікті шыңдап, жетілдіріп отыруы тиіс. Күн сайын таңертең қызметке кірісетін кезде әскери бөлімдегі бүкіл жеке құрам саптық тексеруге тұрғызылады. Сол жерде бізге бір күнге арналған жауынгерлік міндет белгіленіп беріледі. Ол теориялық сабақтар, физикалық дайындықты жетілдіруге арналған спорттық жаттығулар немесе тактикалық әрекеттерді орындауға, жауынгерлік машықтарды шыңдауға арналған практикалық тапсырмалар болуы мүмкін. Менің міндетім взводтағы сарбаздармен бірге алдымызға қойылған міндетті толық орындап, түскі немесе кешкі саптық тексеру кезінде жоғары тұрған командирге баянат жасау, – дейді Ж.Құдайбергенов.
Қазір Қазақстан қарулы күштерінің арсеналында Т-72 Б3, Т-72 Б3М және отандық зауытта жаңартылған Т-72 «Шығыс» және Т-72 KZ танктері бар. Жандос Берікұлының айтуынша, бұлардың барлығы заманауи талаптарға сай келетін әскери техника болып саналады екен.
–Атауына қарап адамдар мұны тым ескі танктер деп ойлауы мүмкін. Бірақ, әсіресе, іс жүзінде Т-72 «Шығыс» және Т-72 KZ – аты аңызға айналған Т-72 танктерінің терең модернизацияланған моделі. Модернизация кезінде оған заманауи цифрлық байланыс құралдары мен ең соңғы үлгідегі ұрысты басқару жүйелері орнатылған. Соның нәтижесінде танктердің қуаттылығы екі еседей артқан, ал, нысананы анықтау мен көздеу қашықтығы бірнеше есе артқан. Бұл танктер күндіз де, түнгі уақытта да нысананы 5 шақырым қашықтықтан дәл көздеп, атып түсіре алады. Сондықтан бұл техника қазіргі заманғы соғыс талаптарына сәйкес келеді деп айта аламыз, – дейді ол.
Маманның айтуынша, танктердің өзге параметрлері де заманауи талаптарға сәйкес келеді. Салмағы 41 тоннадан асатын, зеңбірегін қоса алғандағы ұзындығы 9.53 метрлік әскери машинаның шосседегі жылдамдығы – сағатына 65 шақырымды, ал, топырақ немесе ойлы-қырлы жолда жылдамдығы – сағатына 45 шақырымды құрайды екен. Танкте 125 миллиметрлік зеңбірегі мен қос пулеметі бар. Мұндай алып техниканы басқару үшін білім мен біліктілік те, ептілік қажет екені сөзсіз. Осынау күрделі міндеттің үдесінен шығып жүрген Жандос Құдайбергенов сынды жас офицерлер – қазақ армиясының нағыз байлығы дер едік.