ОЛАР БАТЫР, ОЛАР ҚАЙСАР, ҰЛЫ РАС... Избранное

Пятница, 06 Май 2022 04:33 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1103 раз

Соғыс... Барды жоқ ететін, тауды жер ететін, жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Ұлы Отан соғысына әрбір бесінші қазақстандық аттанды. Ата-ананы ұлынан, әйелді жарларынан, балаларды әкесінен айырды. Ұлы Отан соғысы қазақ халқы үшін ұмытылмас қайғылы жылдар болып қала береді. Бұл соғыс жастардың жүрегіндегі Отанға деген сүйіспеншілігі мен махаббатын көрсете білді. Ер азаматтар майданда жаумен арпалысса, аналарымыз тылда жұмыс істеді.

207

 

Ұлы Отан соғысы кезінде он оқтың тоғызы Қазақстандағы Шымкент қорғасын зауытында құйылды. Қорғасын өнеркәсібіне қажетті мыстың 1/3-і қазақ жерінде өндірілді.
Биыл адамзат тарихындағы ең сұмдық соғыстың өткеніне 77 жыл толады. Жеңіс күні – ұлы мереке, Отанын қорғаған жауынгердің асқақ айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерен еңбектерінің жемісі. Отанға деген сүйіспеншілік, табандылық пен ерлік қатал соғыста бізді Жеңіске жеткізді. Ұлы Отан соғыс даласында жан аямай күрескен қаншама қазақстандықтың ерлігі дастан болып жазылып жатыр.
Қазақстаннан 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың арасында қазақ қыздары – пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова бар. Төрт қазақстандық әскери ұшқыш – Талғат Бигельдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский екі рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Батырларымыз Сабыр Рахымов, Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағанбетов сияқты өз атам Шәріпбек Мүлкібайұлын да осы тізімге, жеңісті жақындатқан жандарға қосудан тартынбаймын.
Шәріпбек Мүлкібайұлы Ұлы Отан соғысының ардагері, Түркістан қаласының тумасы және Құрметті азаматы. Ол Түркістан педагогикалық училищесінде білім алып, мектептерде ұстаздық, аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, ішкі істер бөлімінде милицияның оперативті уәкілі болып қызмет атқарды. 1942-1945 жылдарда әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысты. Сауаты мен тәжірибесі мол, қайсар мінезді, білімді кісі болғандықтан Шәріпбек атамыз жеңіс туы тігілген соң елге оралды. Бірақ батыр атам соғыс туралы көп әңгіме айтпайтын. «Сендер біз көрген соғысты көрмей-ақ қойыңдар» деп күрсінетін. Атамыздың ерлігі мен батырлығы – бізге үлгі.
Бейбіт заманда Шәріпбек Мүлкібайұлы қандай қызмет істесе де, оны абыроймен атқарды. Құрметке бөленді. Жемісті еңбегі ел алдында еленіп, бірқатар марапаттарға ие болды.
Сол бір сұрапыл соғыста көкірегін оққа тосқан жандар жыл сайын азайып бара жатыр. Өкінішке орай, енді Шәріпбек атамыз ортамызда жоқ, бірақ ізбасар-ұрпақтары - балалары, немерелері, шөберелері бар. «Жақсы адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз осындайда айтылатын шығар.
Жыл сайын «9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күні» ұлымды Даңқ мемориалына алып барамын. Оған 1941-1945 жылдардағы қасіретті соғыс туралы, өзімнің атам туралы үнемі айтып отырамын. Біз әрдайым Ұлы Отан соғыс ардагерлерін еске алып, олардың ерліктеріне тағзым етеміз. Осы тұста Асет Қасымовтың «Ерлікке тағзым» өлеңінің мына шумақтары еріксіз еске түседі:
Олар батыр, олар қайсар, ұлы рас,
Игі істерін жас ұрпақтар ұмытпас.
Сіздер кешкен зілді тарих көнермес,
Бейіттегі көнерсе де құлпытас.

Марат МҮЛКІБАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ КЕАҚ әскери кафедрасының
аға оқытушы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Танкіші Жандос Ерлігі – ел есінде »