Версия для печати

Ерлігі – ел есінде Избранное

Пятница, 06 Май 2022 04:35 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1167 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Отан үшін от кешіп, жас ғұмырын майдан даласында өткізген қазақ баласы қаншама?! Сұрапыл соғыстың соңғы күніне дейін ұрыс даласында алдыңғы шептен табылып, елге оралған соң да халық үшін қызмет еткен төлебилік Омарбек Иманбаевтың ерлігін ұмыту әсте мүмкін емес.

205

 

Омарбек Иманбаев 1923 жылы 15 маусымда бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Зағамбар ауылында дүниеге келген. 1933 жылы Леңгірдегі Абай атындағы жеті жылдық қазақ мектебін тәмамдап, 2 жыл педагогикалық училищеде оқыған. Сөйтіп, 1942 жылы маусым айында соғысқа шақырылған.
Ардагердің ортаншы, әрі қарашаңырақтағы ұлы Нұрланбек Омарбекұлы әкесін сағынышпен еске алды.
— Әкем әскер қатарына алынған соң, ұрыс даласына барғанға дейін Новосибирск қаласында атқыштар дайындайтын 6 айлық сержанттар курсынан өткен екен. Сөйтіп, 1942 жылдың желтоқсанында №973-ші атқыштар полкінің қатарына қосылған. Әкем Польшаны азат ету кезіндегі ұрысты жиі айтушы еді. 1943 жылы мамыр айында таңғы сағат 4 шамасында орманды фашист әскері бомбалап өтеді. Әкем: «Есімді жиып, жан-жағыма қарасам, жанымдағы сарбаздардың бірі аяғынан, бірі қолынан айырылған. Енді бірінің киімі талға ілініп қалыпты. Тосыннан жасалған шабуыл кезінде оң қолымнан жарақат алыппын. Алайда, соғыс кезінде қарсыластың қолына түскеннен өткен азап жоқ. Жанталасып, қаруымды қолыма алып, атыса бастадым» деп әңгімелеп берген еді. Осы кездегі табандылығы үшін 1943 жылы 28 тамызда «Ерлігі үшін» медалін алыпты. Ал, қазан айында – атқыштар бөлімшесінің командирі болып бекітілген, - дейді Н.Омарбекұлы.

206


Омарбек Иманбаев 1944 жылы ақпанда №388 атқыштар полкінде жүріп аға сержант атанып, атқыштар бөлімшесінің командирі қызметін атқарған. Алайда, Венгрия даласындағы ұрыс кезінде алған ауыр жарақатының салдарынан өмірінің соңына дейін қиындық көріпті.
— 1944 жылы Венгрияны азат ету кезінде әкем басына снарядтың жарқыншағы тиіп, ауыр жарақат алыпты. Ол мерген ретінде әр шабуылдың алдында ұрыс даласын барлап, қарсыластың көзін жою үшін окопта тәуліктеп жүрген екен. Ұрыс даласындағы кезеңдерді әкем «Венгрия үшін шайқас кезінде қара күз болатын. Окоптың іші жауын-шашыннан белуарға дейін суға толған. Алайда, тапсырманы тыңғылықты орындау мен Кеңес әскері жеңіске жету үшін жасалған әрбір әрекет маңызды еді. Күннің суығы мен окоптағы суға қарамастан күндіз-түні ұрыс даласында жүрдік» деп еске алатын. Әкем Польша, Румыния, Болгария, Венгрия елдерін жаудан азат ету кезіндегі әскери операцияларға қатысып, ондағы ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталған. Орденге қатысты құжаттар Ресей Федерациясы Қорғаныс Министрлігінің орталық архивінде сақтаулы, - дейді Н.Омарбекұлы әкесінің отты жылдардағы көзсіз ерлігін еске алып.
Омарбек Иманбаев соғыс аяқталып, жеңіс туы тігілген соң Венгрияда комендант орынбасары болып ел ішінде тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін қызмет атқарған. Сөйтіп, елге 1946 жылдың соңында ғана оралыпты.
— Әкемнің әскердегі қызметі, коменданттық кезеңдегі жұмысын ескеріп, елге оралған бойда Ленгер қалалық ішкі істер саласына жауапты қызметке қабылданып, онда 1949 жылға дейін қызмет атқарған. Кейін 1949 жылдан бастап Әлішер Науаи ауылында бригадир, ферма меңгерушісі болып жұмыс істеген. Ал, 1966-1968 жылдары Қапланбек кеңшарындағы техникумда «агроном» мамандығын оқыған. 1968 жылдан бастап Қазығұрт, 1 мамыр кеңшарларында агроном болып, ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек етті. Елге қызмет етуді өзінің Отан алдындағы парызы деп білген әкем зейнет жасына толғанша тынымсыз еңбек етті. 1983 жылы еңбек демалысына шықты. Басындағы соғыста алған жарақатынан ұзақ жылдар науқастанып, 1991 жылы 23 ақпанда 68 жасқа қараған шағында дүниеден озды, - дейді Нұрланбек Иманбаев.
Майдангер Омарбек Иманбаев 1949 жылы шаңырақ көтеріп, жары екеуі 7 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. «Еңбек етсең емерсің» деген қағиданы қатал ұстанған ардагер ұл-қыздарының жоғары білім алып, өмірден өз орнын табуына ықпал еткен.
— «Таулардың биіктігі алыстағанда көрінеді» демекші, әкеміздің көзсіз ерлігі, қайсарлығы, өскелең ұрпаққа еткен еңбегінің отбасы үшін ғана емес, Отан үшін атқарылғанын жылдар өткен сайын жан дүниемізбен сезініп келеміз. Өскелең ұрпақ ардагерлеріміздің есімін мәңгілік есте сақтайды, - дейді кейіпкер.
Иә, әке жолын жалғап, ел үшін еткен ерлігін дәріптейтін өнегелі, көрегенді ұрпақ барда Ұлы Отан соғысында от кешкен ерлеріміздің ерлігі ұмытылмайды.