«АЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС» ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ Избранное

Пятница, 06 Май 2022 05:01 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 514 раз

Пилоттық жобаны қалалық полиция департаменті қаржылық реттеу агенттігімен бірге жүзеге асыруда. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаев мәлімдеді.

218

 

Тәртіп сақшылары интернет-алаяқтық қылмыстары мен оларды ашуға қатысты жұмыстарға тоқталды. Спикердің мәліметінше, жыл басынан бергі 4 айда Шымкент бойынша 3 378 қылмыс тіркеліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға, яғни, 952 қылмысқа азайған. Тіркелген істердің ішінде 1 321 іс алаяқтыққа қатысты болса, 366 қылмыс нақты интернет-алаяқтыққа байланысты. Полковник бұл мәселенің қазіргі таңда өзекті болып тұрғанын жеткізді.
– Интернет-алаяқтыққа қатысты істердің бір ерекшелігі – белгілі бір аумақты емес, бүкіл елге қатысты, тіпті, халықаралық көлемде жасалуы мүмкін. Жыл басынан бері осындай әрекеттердің кесірінен жәбірленушілерге жалпы көлемі 627 млн теңгеге жуық шығын келген. Осындай келеңсіздікпен күресу үшін қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірге пилоттық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Яғни, бірінен біріне қаржы аударылған күдікті шоттар туралы ақпаратты неғұрлым ертерек алуға қол жеткіздік. Ал бұған дейін әр банктің шотына қатысты ақпаратты сұрау үшін 7-10 күн кететін еді, – дейді Арман Арун-Рашидұлы.
Шымкенттік тәртіп сақшылары ұялы байланыс операторларымен де бірге жұмыс істеп, сим-карта және ондағы нөмірді қолдану тәртібін қатаңдату туралы ұсыныс жасағандарын айтады. Сонымен қатар микроқаржы ұйымдарының сайттары мен қосымшаларында тіркелу, верификация және қаржы аудару тәртібін қайта қарауды ұсынған. Себебі, алаяқтық әрекеттің бір бөлігі осыған қатысты.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.