ӨЗГЕРІСТІҢ БАСТЫ ӨЛШЕМІ – ӘДІЛЕТТІЛІК Избранное

Пятница, 13 Май 2022 04:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1419 раз

Біздің елге өзгеріс керек екені көптен бері айтылып жүр. Бірақ, ол қандай өзгеріс? Ол өзгерістің басты өлшемі қайсы және оны қалай жүзеге асырамыз? Міне, бұл шын мәнінде маңызды сұрақтар. Елді, қоғамды түбірімен өзгерту бір-екі күндік шаруа емес, ол өте күрделі әрі ұзақмерзімді процесс. Себебі, алдағы өзгерістер қоғамда ашықтық пен жариялылықтың орнауына, азаматтардың қауіпсіздігінің артуына, құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына, ең бастысы, әлеуметтік әділеттіліктің орнауына жол ашуы тиіс. Яғни, елдегі өзгерістердің ең басты өлшемі – әділеттілік. Қаншалықты әділ қоғам орната алсақ, өзгерістердің де соншалықты нәтижелі болғаны.

506

 

Ал, мұндай түбегейлі өзгеріске бір партияның атауын өзгерту, Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау немесе мерзімінен бұрын Парламент сайлауын өткізе салу арқылы қол жеткізе алмайсыз. Түбегейлі жаңару мен жаңғыру үшін өзгерістер Конституциядан бастап жүйелі түрде енгізілуі шарт. Себебі, кез келген елде жүргізілетін саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаның, тіпті, саяси-экономикалық жүйені ғана емес, қоғамдық сананы да түбірімен жаңартуға бағытталған ұлттық модернизацияның да табысты болуы оның құқықтық негізінің берік болуына тікелей байланысты.
Шымкент қаласында орналасқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Құрманғали Сарықұлов осылай дейді.
Ғалымның ойынша, Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізу – өте орынды шешім. Себебі, елімізде биліктің қайнар көзі халық деп танылғандықтан, республиканың негізгі заңын қабылдау кезінде халықтың ойы мен еркі ескерілгені жөн.
–Кез келген өркениетті елде биліктің үш тармағы бір бірінен бөлінген әрі дербес болуы, бірін бірі тежеп отыруы тиіс. Президент атқарушы биліктің ғана жетекшісі болады. Классикалық республикалардың саяси моделі осындай. Ал, біздің елде Президент биліктің үш тармағының өзара келісіп жұмыс істеуін үйлестіретін және өкімет органдарының халықтың алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін тұлға болып көрсетілген. Қолданыстағы Конституцияның 40 бабы 3 тармағында осылай деп көрсетілген. Яғни, біздің жүйеде Президент биліктің үш тармағынан да оқшау әрі биігірек тұратын саяси лауазым иесі. Міне, сондықтан біздің елдегі басқару жүйесі суперпрезиденттік басқару жүйесі деп аталып келді, – дейді Құрманғали Рахманбердіұлы.
Оның айтуынша, суперпрезиденттік басқару жүйесі өзінің тарихи миссиясын атқарды. Ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында еліміздің қауіпсіздігін нығайтуға, Тәуелсіздікті, республиканың аумақтық тұтастығын қорғауға мүмкіндік берді. Беделді әрі ықпалды саяси көшбасшының болуы еліміздің билік институттарын, әсіресе, заң шығарушы билікті сыртқы күштердің ықпалынан қорғауға жол ашты. Сондай-ақ, осындай басқару моделінің арқасында Қазақстан жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға жылдам көшіп, саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар жедел түрде жүргізілді.
Алайда, уақыт бір орнында тұрмайды. Заңгер-ғалымның пікірінше, суперпрезиденттік басқару жүйесінің артықшылықтары болуымен қатар өзіне тән кемшіліктері де болды. Уақыт өте келе мұндай басқару жүйесі қоғамда белгілі бір проблемалардың қордалануына әкеп соқтыра бастады. Атап айтқанда, елімізде саяси партиялар мен парламентаризмнің дамуы тежелді. Атқарушы биліктің кемшіліктерін ашып көрсетіп, қоғамның мүддесін заңды жолдармен қорғай алатын балама саяси күштер мен іске қабілетті оппозициялық партиялар қалыптаспады. Қ.Сарықұловтың ойынша бұл халықтың сайлау жүйесіне, билік органдарына деген сенімін әлсіреткен. Оған қоса саяси монополия мен экономикалық олигархизмнің күшеюі коррупцияның белең алуына жағдай туғызып, мемлекеттің орнықты дамуын тежей бастаған болатын.

507


–Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулардың негізгі бағыты – суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік-парламенттік басқару моделіне көшуді аяқтау. Конституциялық реформаның негізінде Президент бәрінен тең дәрежеде оқшау тұратын, ешқандай үстем әрі айрықша уәкілеті жоқ саяси институт болып саналатын классикалық модель орнатылады. Билік тармақтарының уәкілеттілігі мен жауапкершілігі қайта бөлініп, бірқатар функциялар Президенттен – Парламентке, орталық биліктен – өңірлік билікке беріледі. Бұл Парламенттің, әсіресе, Мәжілістің рөлі мен мәртебесі күшейеді деген сөз. Төменгі палатаны құрылымдаудың аралас моделі енгізіліп, оның бақылаушы функциялары кеңейтіледі. Үкімет те, орталық мемлекеттік органдар да, ұлттық компаниялар мен қорлар да тікелей халық сайлаған Мәжіліске ашық әрі жария түрде есеп беретін болады. Яғни, бұл халықтың билікке, оның жүргізетін саясаты мен ол қабылдайтын заңдар мен шешімдерге ықпалы бұрынғыдан әлдеқайда күшейе түседі, – дейді Құрманғали Сарықұлов.
Оның айтуынша, Ата заңға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар жергілікті өзін өзі басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтардың жергілікті жерде қабылданатын шешімдерге ықпалын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, ендігі жерде Шымкент қаласының мәслихаты аралас сайлау моделі арқылы қалыптастырылады. Яғни, депутаттардың тең жартысы саяси партиялардың тізімі арқылы сайланса, қалған жартысы бір мандаттық округтер арқылы тұрғындардың тікелей және төте дауыс беруі арқылы сайланады.
Оған қоса қала әкімін тағайындайтын кезде Президент мәслихаттың қарауына бұрынғыдай бір ғана кандидатты емес, баламалы түрде кемінде екі немесе одан да көп кандидат ұсынуы тиіс. Бұл дегеніңіз Шымкент қаласына кімнің әкім болып тағайындалатыны жөніндегі түпкілікті шешімді мәслихат депутаттары қабылдайды деген сөз. Ал, сол мәслихаттың депутаттарын, жоғарыда айтқанымыздай, тікелей халық сайлайды.
– Біздің елге өзгеріс керек екені көптен бері айтылып жүр. Бірақ, ол қандай өзгеріс? Ол өзгерістің басты өлшемі қайсы және оны қалай жүзеге асырамыз? Міне, бұл шын мәнінде маңызды сұрақтар. Елді, қоғамды түбірімен өзгерту бір-екі күндік шаруа емес, ол өте күрделі әрі ұзақмерзімді процесс. Себебі, алдағы өзгерістер қоғамда ашықтық пен жариялылықтың орнауына, азаматтардың қауіпсіздігінің артуына, құқықтарының қорғалуы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына, ең бастысы, әлеуметтік әділеттіліктің орнауына жол ашуы тиіс. Яғни, елдегі өзгерістердің ең басты өлшемі – әділеттілік. Қаншалықты әділ қоғам орната алсақ, өзгертістердің де соншалықты нәтижелі болғаны. Ал, мұндай түбегейлі өзгеріске бір партияның атауын өзгерту, Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау немесе мерзімінен бұрын Парламент сайлауын өткізе салу арқылы қол жеткізе алмайсыз. Түбегейлі жаңару мен жаңғыру үшін өзгерістер Конституциядан бастап жүйелі түрде енгізілуі шарт. Себебі, кез келген елде жүргізілетін саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаның, тіпті, саяси-экономикалық жүйені ғана емес, қоғамдық сананы да түбірімен жаңартуға бағытталған ұлттық модернизацияның да табысты болуы оның құқықтық негізінің берік болуына тікелей байланысты, – дейді Құрманғали Рахманбердіұлы.
Қоғамда президенттік-парламенттік басқару жүйесіне көшпей, бірден толықтай парламенттік республикаға айналу жөнінде пікірлер де бар. Қ.Сарықұловтан осыған қатысты пікірін сұраған болатынбыз.
–Әрбір мемлекеттің өзіне тән тарихи даму ерекшеліктері бар. Иә, әлемде дамыған мемлекеттердің кейбірі толықтай парламенттік басқару жүйсінде. Бірақ, олардың тарихына көз жіберсек, олар феодализмнен капитализмге немесе монархиядан демократиялық жүйеге революциялар арқылы өтті. Сөйтіп оларда әу бастан парламенттік басқаруға негізделген конституциялық монархия жүйесі қалыптасып дамыды. Ал, Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғаннан бастап президенттік басқару жүйесі арқылы қалыптасып, дамыды. Енді бірден парламенттік республикаға айналамыз десек, бірқатар қауіп-қатерлермен бетпе-бет келуіміз мүмкін, – деген заңгер-ғалым ол қатерлердің негізгілерін жіктеп айтып берді.
Біріншіден, парламенттік республикаға айналу деген айтуға жеңіл болғанымен, ол өте күрделі жұмыс болар еді. Себебі, іс жүзінде бұл мемлекетті қайта құру деген сөз. Ол кезде Конституция ғана емес, барлық негізгі заңдарды қайта қабылдауға, мемлекеттік басқару институттарын да қайта құруға тура келеді. Яғни, ел басқаруға жауапты тұлғалар қайта құрумен, саяси мәселелермен тым әуестеніп кетіп, әлеуметтік-экономикалық проблемалар бірнеше жылға екінші планға ысырылып қалуы мүмкін. Ал, тап қазір елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың онсыз да ушығып тұрғанын ескерсек, мұның соңы халықтың әл-ауқатының нашарлауына және жаппай наразылықтың туындауына әкеп соқтырып, елдегі тұрақтылық пен тыныштыққа қауіп төнуі мүмкін.
Екіншіден, заңгер-ғалымның ойынша, Қазақстанда өзінің ұзақмерзімді даму тарихы, дәстүрлері, ең бастысы, берік идеялық негізі қаланған, елдің болашағы үшін жауапкершілікті мойнына алуға дайын күшті әрі ықпалды саяси тартиялар тым аз. Ал, парламенттік республикаға айналу үшін елде күшті партиялық жүйе болуы тиіс. Бұл факторды ескермей парламенттік басқару жүйесіне бірден көшіп кетсек, елде парламенттік-партиялық монополия орнауы мүмкін. Яғни, бір ғана партия Парламентте басым көпшілік дауысқа ие болып, оның төрағасы немесе төралқадағы санаулы адам елдегі барлық билікті қолына шоғырландырып алып, өзге саяси күштердің дамуы мен билікке келуіне жол бермеу қаупі де бар. Сондықтан Қазақстан үшін ең тиімді жүйе – күшті Президент пен ықпалды Парламенттің өзара балансына құрылған саяси басқару моделі.
Құрманғали Сарықұловтың айтуынша, Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулардың ең маңыздыларының бірі – жердің иесі халық деген норманың Ата Заңда көрініс табуы. Себебі, биліктің қайнар көзі халық болғандықтан мемлекеттіліктің негіздерінің бірі болып есептелетін жердің де иесі халық болуы табиғи заңдылық. Әрі бұл норма – Қазақстанда ушығып тұрған латифундистер проблемасын біртіндеп шешуге, пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізуге, ауыл шаруашылығын дамытуға, ал, ең бастысы, еліміздің аумақтық тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін қорғауға негіз болады.

Другие материалы в этой категории: « Үшем дүниеге келді ОҢАЙ ОЛЖА ЖАРҒА ЖЫҚПАСЫН »