Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штаб өкілдері Бауыржан Әлтеев пен Нұргүл Қобланова бүгінге дейін атқарылған жұмыстарды баяндады.
Шаhарда референдумды қоғамдық қолдау штабының жұмысшы тобы халықтың түрлі топтарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қоғамдық штабтың құрамында үкіметтік емес ұйым өкілдері, ғалымдар, блогерлер мен журналистер, жастар мен ардагерлер қауымдастығы, этномәдени орталықтардың жетекшілері бар.
– Қоғамдық штабтың 22 мүшесі 3 топқа бөлінген. 11 мамырдан бастап білім ордалары, кәсіпорындар, сауда орындарында кездесулер өтуде. Халық жалпы референдумнан, мемлекетіміздегі қоғамдық-саяси өзгерістерден хабардар. Азаматтар еліміз үшін саяси мәні зор іс-шараға қатысуға белсенділік танытып отыр, – деді Бауыржан Ілімшеұлы.
Референдумды түсіндіру бойынша қалада 162 мекемені қамту жоспарланған. Бүгінге дейін 36 мекемеде жалпы 12 мыңға жуық тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Сонымен қатар, қоғамдық штабтың әлеуметтік желілерде парақшасы ашылған. Қоғамдық штаб өкілдері атқарылған жұмыстарды кезең-кезеңімен БАҚ өкілдеріне тұрақты түрде баяндап отырмақ.