Версия для печати

Алып шаһарда аламан спорт алаңдары салынуда Избранное

Пятница, 20 Май 2022 03:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1120 раз
Оцените материал
(0 голосов)

2016 жылы газетімізде «Шымкент – саламаттылыққа бет түзеген қала» деген мақалада аз-кем мәселе көтеріп едік. Қолжетiмдi жаттығу залдары көбейсе деген біршама ұсыныс-пікірлерімізді айтқанбыз. Ол кезде бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны 193 870 адам болған-тын.
Қазір Шымкент мегаполис қала. Өлшемдер өзгерген. Ауқымды мақсат-міндеттер қойылған. Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту, халықты спортпен қамту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша жүйелі іс-шаралар қолға алынған.

540

 

35,9 пайызға жеткізу жоспарда

Шымкент қаласында тұрғындарды бұқаралық спортпен қамту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Шаһарда 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, спорт саласындағы нысаналы индикаторлар 4 бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының жұмыс жоспары бойынша спортпен айналысатын азаматтардың санын
2022 жылы 35,9 пайызға (396 336 адам) жеткізу жоспарлануда. Жалпы, 2023 жылы 42 пайыз, 2024 жылы 46 пайыз, 2025 жылы 50 пайызға жеткізу межеленген.
Өткен жылы бұл көрсеткіш 31,99%-ды (353 752 адам) құраған еді. 2022 жылы қосымша шамамен 42 000 адамды спортпен шұғылдануға тарту міндеті қойылып отыр. Ол үшін бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу, спорттық инфрақұрылымды дамыту, жан басына шаққандағы қаржыландыруды жетілдіру үшін жұмыстар жүргізіледі.
Қазіргі таңда қалада
14-18 жас аралығында 108 858 жас бар. Биыл дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға 32 647 жасты, спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімі жоқ
1810 мүмкіндігі шектеулі азаматты спортқа тарту көзделген. Жан басына шаққандағы спорттық тапсырысты қаржыландыру нәтижесінде жобамен 60 спорттық секция ашылу мүмкіндігі бар.
2022 жылы қалада 14 ірі бұқаралық спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала мектептері, жоғары және орта арнаулы оқу орындары шәкірттерінің қатысуымен
«Шымкент жастар лигасы» ұйымдастырылады.

541


Ал, ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың үлесін 2022 жылы 3,8 пайызға жеткізу мақсаты қойылған. Бұл көрсеткішке жету үшін тиісті жұмыстар атқарылатын болады.

Тұрғындар игілігіне – жаңа ипподром

Бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымға тікелей байланысты. Шымкент қаласында спорттық инфрақұрылыммен қамту мақсатында биыл 54 спорттық алаңша құрылысы салынады. Оның 25-і Абай ауданында, 9-ы Әл-Фараби ауданында, 10-ы Еңбекші ауданында, тағы 10-ы Қаратау ауданында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта қала бойынша спорттық нысандар саны 933-ке жеткен.
Биыл да қалада ірі спорт нысандарының құрылысы қолға алынған. Шаһарда құрылысы жүргізіліп жатқан нысанның бірі – жаңа ипподром. Қазіргі уақытта қалада ұлттық спорт түрлерін дамыту аясында «Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы» мекемесі жұмыс істейді. Аталған мекемеде 10 спорт бөлімі (асық ату, жекпе-жек, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, көкпар, теңге ілу, конкур) бойынша 54 жаттықтырушы бар.
Спорттың ұлттық және ат спорты түрлерінен оқу-жаттығу жиындарын, спорттық жарыстарды өткізетін талаптарға сай ипподром қажет. Қаламызда орналасқан ескі ипподром 1979 жылы пайдалануға берілген, 2010 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілген. Қазіргі заманға сай спорт кешендерінің жетіспеушілігі өзекті мәселелердің бірі.
Қазіргі уақытта аталған мекемені жаңа заманауи ипподроммен қамтамасыз ету үшін Қаратау ауданы Бозарық шағынауданында жеке кәсіпкердің (BI GROUP) демеушілігімен нысан құрылысы жүргізілуде. Аталған ипподромда 2000 метрлік атшабар алаңы, 1500 адамға арналған көрермендер орны, 110 атқа арналған қысқы (56) және жазғы (54) атқоралар, конкурға арналған жабық манеж (көлемі 97х35 метр), көкпар алаңы (көлемі 220х80), әкімшілік және қосалқы ғимараттар және т.б., қаралған. Құрылыстың жалпы құны – 3,8 млрд теңге.
Дәл қазіргі таңда онда аттарға шөп жинайтын орынның (сеновал) құрылыс жұмыстары басталғандықтан, ескі ипподромдағы шөп жинайтын орын бұзылды. Жаңа шөп жинайтын орын құрылысы шілде айына дейін аяқталады. Жалпы жаңа ипподромның құрылысын
2022 жылдың қыркүйек айында аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Заманауи ипподром – бұл арнайы жабыны бар эллипс тәрізді пішінді жоспарланған күрделі өндірістік кешен. Жылқыларды үйрету және сынау үшін, шлак, тармак және тартан жолдары ең жақсы деп саналады. Жарыс аттары шөптерде немесе құм жолдарында үйретіліп, сыналады. Жүгіру жолының арақашықтығы 1000 метрден кем емес болуы тиіс. Ипподромда зоогигиена талаптарына жауап беретін және жоғары құнды асыл тұқымды жылқыларды ұстауға арналған барлық параметрлер бойынша жарамды ат қоралар, серуендеуге арналған паддоктар және жүзуге арналған бассейндер салынады. Мұнда барлық қажетті емдеу іс-шараларын жүргізуге мүмкіндік беретін стационары бар ветеринариялық лазарет, жылқыларды қолайсыз ауа райында жаттықтыру үшін жабық манеждер, атқа міну және ат спортымен айналысуға мүмкіндік беретін жағдайлар жасалады.

Кешеннің құрылысы аяқталуға таяу

Бүгінгі таңда қалада 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы («Металлург» стадионын реконструкциялау», Сайрам тұрғын алабында №12 спорт мектебінің қосымша корпусын салу») атқарылуда. Екі нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Шымкент қаласының Абай ауданындағы «Металлург» стадионын қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алған.
1980 жылы пайдалануға берілген спорт кешенінің тозығы жеткен болатын. Бұл спорт кешенінің ішінде әкімшілік-тұрмыстық корпус (АБК), спорт залдары, асхана, командалық ойындарға арналған спортзалдар, 62 орынға арналған спортшылар үйі және 1504 орынға арналған трибуна бар.
Таяуда қала әкімі Мұрат Әйтенов «Металлург» стадионында жүріп жатқан қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын тексерді. Аралау барысында мердігер және жауапты қызметкерлерге жұмыстың сапасына аса мән беруді тапсырған болатын. Нысан құрылысына жауапты мердігер мекеме – «Югстройсервис-Н» ЖШС. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 62 орынға арналған спортшылар үйінде қабатаралық жабын 100 пайызға, 1504 орынға арналған трибунаның металды құрылым монтаждау жұмыстары 70 пайызға, спортзал 30 пайыз және жер жұмыстары толығымен орындалған.
Жалпы қалада бұқаралық спортты ілгерілету, спорттық инфрақұрылымдарды дамытумен қатар, спортта жоғары жетістіктерге қол жеткізу де басты назарда тұр.
Өткен жыл Шымкент қаласының спортшылары үшін табысты жыл болды. Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары мен әлем кубоктарында, Азия біріншіліктері, ҚР V Жастар ойындарында жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрінді. Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарында каратэден 2 қола медаль бұйырды. Әлем чемпионатында спортшылар жалпы 35 алтын, 26 күміс, 30 қола медаль иемденсе, Азия чемпионатында 45 алтын, 32 күміс, 22 қола медаль алған. Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 525 алтын, 390 күміс, 466 қола медалға қол жеткізген.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының V Жастар спорттық ойындарында жалпы командалық есепте Шымкент қаласының құрама командасы 1004 ұпаймен 2-орынды жеңіп алды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.