БӘСЕКЕЛЕСТІК ОРТАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫН ЖАҚСАРТАДЫ Избранное

Пятница, 27 Май 2022 08:09 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 421 раз

Кез келген саланың дамуының ең басты алғышарты – бәсекелестік ортаның қалыптасуы. Ашық әрі әділ бәсекелестік орнаған жағдайда тұтынушыда таңдау пайда болып, оның талабы күшейеді. Бұл жағдай мамандардың біліктілігінің артуына, тауарлар мен қызметтер сапасының жақсаруына әсер етпей қоймайды. Мәселен, медицина саласына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен жан басына қаржыландыру жүйесінің енгізілуі мемлекеттік және жекеменшік емханалардың арасында бәсекелестіктің қалыптасуына, сол арқылы қызмет көрсетудің сапасына оң әсер еткенін көріп отырмыз.

704

 

Бұрын Шымкент қаласының 1 миллионнан астам халқы қаладағы 10 мемлекеттік емханаға тіркелген болатын. Себебі, тегін медициналық қызметтің кепілдендірілген көлемінің аясында тек осы мемлекеттік емханалар ғана қызмет көрсетуші еді. Ал, жекеменшік медициналық орталықтар ақылы негізде жұмыс істейтін-ді. Ал, бүгінде Шымкент қаласында 44 емхана бар. Соның 34-і жекеменшік емханалар. Жан басына қаржыландыру жүйесінің енгізілуі мемлекеттік емханалардың жүктемесін азайтып, ондағы кезек мәселесін біршама шешті.
Жан басына қаржыландыру жүйесі бәсекелестіктің қалыптасуына қалай әсер етеді? Айталық, сіз отбасыңызбен бірге өзіңіз тұратын шағынаудандағы емханаға тіркелгенсіз. Бірақ, ондағы қызмет көрсетудің сапасына көңіліңіз толмайды. Сол себепті отбасыңыздағы 5 адаммен бірге сапалы қызмет көрсететін өзге емханаға ауысып кете аласыз. Мейлі жекеменшік, мейлі мемлекеттік емхана болсын тіркеуде тұрған әр адам үшін МӘМС қоры мен бюджеттен айына кемінде 1 200 теңге алып отыр. Бұл – емхананың қызметіне мүлде жүгінбеген жағдайда, жәй ғана тіркеліп тұрғаныңыз үшін аударылатын қаражат. Егер емханадан қандай да бір қызмет алсаңыз ол үшін бөлек қаржы аударылады. Демек, отбасыңыздағы 5 адамның өзге жаққа тіркелуінің салдарынан емхана айына кем дегенде 6 мың теңгесінен айырылып отыр. Мұндай мекеме сапасыз қызмет көрсетуін жалғастыра берсе, болашақта пациенттерінің бәрінен айырылып, қаржылық қиындыққа тап болары анық.
Иә, әзірге тұрғындар бұл бәсекелестіктің игілігін соншалықты сезіне қоймаған болуы мүмкін. Себебі, үшінші мегаполистің 1 миллион 200 мыңға жуықтаған халқы үшін қазір жұмыс істеп тұрған 44 емхананың өзі көп емес. Сол себепті Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік даму бағдарламасында медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға баса назар аударылып отыр. Атап айтқанда, 2025 жылға қарай бастапқы медициналық-санитарлық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың орнына әр шағынаудан мен тұрғын алаптың өзінің толыққанды емханасы ашылады.
Бұл жөнінде тұрғындармен кездесу барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов «Қазір Шымкентте көптеген елді мекендерде бастапқы медициналық-санитарлық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар бар. Тұрғындар бейіндік дәрігерлерге қаралу немесе анализдер тапсыру үшін орталықтағы емханаларға баруға мәжбүр. Біз жеке инвесторлардың есебінен емдеу мекемелерін көбейтіп жатырмыз. Жоспарға сәйкес, 2025 жылға қарай дәрігерлік амбулаториялардың орнына әр шағынаудан мен тұрғын алаптың өзінің толыққанды емханасы ашылады. Онда барлық бағыттар бойынша бейіндік дәрігерлер мен заманауи медициналық құрал-жабдықтар болады және өз зертханалары жұмыс істейді. Емханаға түсетін жүктеменің азаюының арқасында медициналық қызметтің сапасы да жақсарады», деген болатын.
Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Шымкент қаласының әкімдігі ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Мәселен, өткен 2021 жылы Шымкентте медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бюджеттен 6.2 миллиард теңге жұмсалған. Соның арқасында медициналық мекемелердің материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткіші 77 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ, қалада жаңадан «ASEM MEDICAL», «MEDICAL CENTER SHUBARSU», «ЕР-АНА» және «ДАРИЯ МЕДИКУС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің 4 клиникасы ашылған. Сонымен қатар қалалық №1 клиникалық ауруханадағы трансплантация орталығы заман талабына сай қайта жаңғыртылған.
Медициналық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасып жатыр. Нақтырақ айтар болсақ, бүгінде 2 мемлекеттік медициналық ұйымның ғимараты күрделі жөндеуден өтуде. Олар: №1 емхананың балалар бөлімінің және №2 оңалту орталығының ғимараттары. Мұнан бөлек Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның бірі Ынтымақ-2 шағынауданындағы медициналық қызмет көрсету орталығы мен Қызылжар елді мекеніндегі №9 емхананың ғимараты. Сондай-ақ, 2022 жылдың соңына дейін қала аумағында 7 жекеменшік клиника ашу жоспарланған.

705

 

Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, Шымкент қалалық балалар ауруханасында онкогематология, кардиохирургия, нейрохирургия бөлімшелері ашылған. Сонымен бірге қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша №2 қалалық аурухананың базасында амбулаторлық коронароангиография қызметі көрсетіліп, стендтеу жоспарланып жатыр. Мұнан бөлек алдағы уақытта жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 10 медициналық жабдық сатып алу жоспарланған.
Биылғы ең басты жаңалық Шымкент қалалық онкология орталығының базасында «Ядролық медицина орталығы» ашылмақ. ПЭТ КТ аппаратымен жабдықталған мұндай орталық бұған дейін тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана болған. Бұл қатерлі ісік ауруларын ерте сатысында анықтап, емдеу жұмыстарын дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін құрылғы.
Сонымен қатар биылғы жылдың екінші жартысында Шымкенттегі Бозарық елді мекенінен жеке инвестордың қаржысына көпбейінді 1 000 төсек орынды үлкен аурухананың құрылысы басталады деп күтілуде. Шетелдік инвесторлардың да қатысуымен салынатын аурухана 2024 жылы іске қосылады. Айта кетейік, мұндай үлкен аурухана әзірге Шымкентті былай қойғанда бүкіл республикада жоқ. Онда ең соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар орнатылады. Инвесторлар елдегі ең білікті мамандардың басын қосуды және шетелдерден де білікті дәрігерлерді алдыруды жоспарлап отыр. Мұндай аурухана Шымкенттің медициналық туризм орталығына айналуына да септігін тигізбекші.
Бүгінде Шымкентте демографиялық өсім қарқынының жоғарылай түсуіне байланысты шаһардағы перинаталдық орталықтар мен перзентханаларда орын тапшылығы байқалып отыр. Ана мен бала өліміне әкеп соқтыратын жағдайларды азайтып, перинаталды және неонатологиялық қызметтің сапасын арттыру мақсатында 2023 жылы Шымкенттегі барлық ауруханалардың жанынан перзентхана бөлімдері ашылады. Қазір осы нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Ал, 2024 жылы жоғарыда айтылған 1 мың орынды көпбейінді ауруханадан бөлек, жаңа патологоанатомиялық орталық пен қан, вакциналар және өзге де медициналық бұйымдар мен биоматериалдарды сақтайтын заманауи орталық пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 2025 жылы 200 орынды көпбейінді балалар ауруханасын ашу және қалалық ауруханаға 100 төсек орынды қосалқы ғимарат салу жоспарланған. Сол жылы Шымкентте жаңа, заманауи психологиялық денсаулық орталығы да ел игілігіне пайдалануға берілмек.
Міне, Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы жұмыстар осындай нақты жоспарға сүйене отырып жүргізілуде. Мұның бәрі медициналық ұйымдар арасында нарықтық бәсекенің қалыптасуына және медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға оң ықпал етері сөзсіз.