СЫҢҒЫРЛА, СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ! Избранное

Пятница, 27 Май 2022 08:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 913 раз

Осы аптада Шымкент қаласындағы 203 мектепте «Жаңа Қазақстанның ертеңі» деген тақырыппен салтанатты соңғы қоңырау іс-шарасы өтті. Биыл осы білім ұйымдарындағы 242 525 оқушы оқу жылын аяқтаса, оның ішінде 11 189 бала мектеп бітірді.

709

 

11 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді

Мектеп бітірушілер мен ұстаздарды құттықтау үшін қала әкімі Мұрат Әйтенов №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназияның соңғы қоңырау шарасына қатысты. Қала басшысы барша мектеп бітіруші түлектерге сәт сапар тілеп, өмір жолында табысты болуға тілектестік білдірді.
–Мемлекетімізде оқимын, білемін, танимын деген оқушылар үшін жағдай жасалған. Әсіресе, шәкірттеріне білім, тәрбие беріп, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздардың еңбегі зор. Тек білім ғана адамға өмір жолын дұрыс таңдауда еркіндік пен өз-өзіне деген сенімділік, табысқа жетуге және өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қаламыздың барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, ұл-қыздарымыз болашақтың биік баспалдағына қадам басқалы тұр. Өмірде жолдарыңыз ашық болсын!, - деді М.Әйтенов.
Биылғы мектеп бітіруші түлектердің 8 мыңнан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, соның ішінде, 453 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Ал, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде осы оқу жылында 500-ден астам шымкенттік оқушы халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарды.

Жеткен жетістіктер көп

Республиканың түкпір-түкпіріндегі білім ұяларында соңғы қоңырау үні сыңғырлап, шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандырып отыр. Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 143 оқушы 12-сыныпты тәмамдап, «алтын ұя»–мектебімен қоштасты.
— Әлемдегі түрлі оқиғаларға қарамастан Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының білімге деген құштарлығы қуантады. Пандемия салдарынан 1 жылдан астам онлайн режимде оқып, биылғы оқу жылында дәстүрлі форматқа қайта көштік. Бүгін «алтын ұямен» қоштасып отырған мектептің сегізінші түлектері көптеген жетістіктерге жетті. Оларға шет елдің 39 үздік оқу орнынан 18 толықтай және жартылай тегін білім алуға жолдама келді, – деді мектеп директоры Индира Исмаилова.

Салтанатты шараға қатысқан Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Б.Нарымбетов түлектерге ақ жол тіледі.
— Мектеп қабырғасында 12 жыл бойы сапалы білім мен саналы тәрбие алып, үлкен азамат болып қалыптастыңыздар! Осынау қуанышты сәттерде ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыз, жалпы бүкіл еліміз Сіздерге ақ жол тілейді! Тәуелсіз Қазақстанда асқақ мақсаттарға қол жеткізуі үшін әрқайсысыңыз әрі қарай сапалы білім алып, халыққа, Қазақ Еліне адал қызмет етесіздер деп сенім білдіреміз, - деді Бахадыр Мәдәліұлы.

12 түлек «Алтын белгіге» үміткер

Шымкенттегі Ө.Жолдасбеков атындағы мектеп-лицейде өткен салтанатты жиынға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлісхан Нахбаева, ата-аналар комитеті мен қамқоршылар кеңесінің төрағалары, ата-аналар, оқушылар қатысты. Шыңғыс Жұмабекұлы көпшілікті мерекемен құттықтады.
– 11 жыл білім алып, мектепті аяқтап шығу – ең жауапты сәттің бірі. Бұл – ересек өмірге басатын алғашқы қадам. Ендігі қадамдар үлкен жауапкершілікке толы болады. Сол жолда сіздерге кездескен барлық кедергіні еңсеріп, елімізге табыс әкелетін азамат болып қалыптасуларыңызға тілектеспін. Ақ жол! – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Мектеп директоры Анар Аманқұлова да құттықтау сөз алып, оқушыларының жетістігін тілге тиек етті. Биыл мектепті 251 түлек тәмамдағалы отыр. 12 оқушы – «Алтын белгі», ал 10 түлек ерекше үлгідегі аттестат алудан үміткер саналады.


Замира АЛДАБЕРГЕНОВА
Нұрлан Бектаев

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.