ҰЛТ ТАРИХЫН ҰЛЫҚТАУ БІР КҮНМЕН ШЕКТЕЛМЕУІ ТИІС Избранное

Среда, 01 Июнь 2022 05:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 743 раз

Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейін «Қасірет» мемориалына көшіру ұсынылды

729

 

Қазақ тарихындағы қасіретті кезеңдердің бірі – 1921-1923 жылдардағы Ұлы жұт! Зерттеушілер сол жылдары 1,2 миллион қазақтың зардап шеккенін, оның көпшілігі қырылғанын дәлелдеді. Биыл сол тарихи оқиғаға 100 жыл толып отыр. Содан берідегі тұтас ғасырда халқымыз басынан аз нәубет өткізген жоқ. Тоталитарлық билік колхоздастыру деген желеумен қазақ халқының қолындағы бірден-бір күнкөріс көзін – төрт түлік малын күштеп тартып алды. Сол арқылы 1 миллионнан астам қазақтың жат жұртқа үдере көшуіне, тағы 2,1 миллион қандасымыздың қырылуына себеп болған ашаршылықты қолдан ұйымдастырды.
Оған қоса қазақтың зиялы қауымын, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарын олардың саяси көзқарастарына қарамастан жаппай репрессияланды. 1930 жылы НКВД «ұлтшыл» деген жаламен 43 зиялы тұлғаны Мәскеудегі «Бутырка» түрмесіне қамады. Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынов жер аударылды, Міржақып Дулатов «Соловки» лагеріне айдалып, кейін, 1934 жылы сонда қайтыс болды, Жүсіпбек Аймауытов 1931 жылы алғашқы құрбандардың қатарында оққа ұшып, шәйіт кетті, ал, Мағжан Жұмабаев мұз құрсаған Колыма лагеріне жабылды. М.Әуезов пен Ә.Ермековтер 1930-1932 жылдары түрмеге қамалып, тергеуде болды.
1931 жылы қазақ руханиятының алыбы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы дүние салды. Сол жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы кісі қолынан мерт болып, ал, 1932 жылы Үкілі Ыбырай сында асылдар оққа ұшып жатты. 1933 жылы Смағұл Сәдуақасов Мәскеуде қайтыс болды.
Ал, 1937-1938 жылғы саяси қуғын-сүргін Сталин құрған жауыз саяси режимнің шынайы бет-бейнесін ашып берді. Қазақ халқының бетіндегі бар қаймағы сылынып, зиялы атаулысы, саяси ұстанымдарына да қарамастан, шетінен қуғын-сүргінге ұшыратылды.
Бір ауыз сөзбен айтқанда елдің қадірін білген, көкірегі ояу, адами қалпын сақтаған, арлы азаматтардың барлығы шетінен – ұлтшыл, шпион, зиянкестер ретінде айыпталып, «халық жауы» атанып, аяусыз атылып жатты. Жалпы, сол жылдары Қазақстанда 125 мың адам қуғындалып, оның 25 мыңнан астамы өлім жазасына кесілді.
Елдегі саяси қуғын-сүргіннің қаралы іздері Шымкентте де жатыр. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда Шымкенттегі «Албастысай» (Лисья балка) атанып кеткен шатқалда жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткен жандардың жаппай көмілген сүйектері табылды. Зерттеу жұмыстарының негізінде сол жерде жазықсыз атылған 1 568 адамның тізімі анықталған. Табылған сүйектер «Бауырластар зираты» аталып, бір жерге көмілді. Сөйтіп «Албастысай» шатқалында «Қасірет» мемориалы ашылған еді.

730


Міне, осы мемориалға қатысты жақында Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы мәселе көтерген болатын. Ол Шымкент саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейін «Қасірет» мемориалының жанына көшіру туралы ұсыныс айтты.
–«Қасірет» мемориалы – қаламыздағы өте маңызды орындардың бірі. Кешеннің жоғарғы жағында азаматын күтіп тұрған «Ана мен бала» ескерткіші, ал, төменгі жағында «Темір тор» және қақ айырылған «Қара гранит тас» кейпіндегі ескерткіш орналасқан. Мұнда келушілер халқымыздың ХХ ғасырдағы қасіретті тарихымен таныса алады. Алайда, бұл жерде жылына бір рет, тек 31 мамыр – жаппай ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде ғана көпшілікке арналған еске алу митингісі өтеді. Осы күні ғана аталған тарихи кешенге нөпір халық жиналады. Басқа кезде бұл маңнан адам баласын жолықтыру қиын. Жазықсыз құрбан болған аталарымыздың рухына тағзым етуіміздің сиқы осы, – дейді Өмір Шыныбекұлы.
Оның айтуынша, келушілерге ыңғайлы болуы үшін саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейін осында көшіріп әкелу тиімді.
– Мәселен, қаламызда фашизмді жеңген кеңес халқының құрметіне «Жеңіс» саябағы ашылған. Сол саябақта соғысқа арналған «Ерлік» музейі бар. Абай саябағында екінші дүние жүзілік соғысқа Оңтүстік Қазақстан облысынан аттанған барлық жауынгерлердің аты-жөні тасқа ойылып жазылған «Даңқ» мемориалы бар. Осы «Даңқ» мемориалының қарсысында репрессия құрбандарына арналған музей орналасқаны белгілі. Менің ұсынысым: саяси репрессия құрбандарына арналған музейді «Қасірет» мемориалына көшірсек. Мемориал кешеннің шығыс жағында, шарбақтың сыртында музей ғимаратын салатын орын бар. Ал, саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің қазіргі ғимаратына «Ерлік» музейін көшіріп әкелуге болады. Сонда әр тарихи оқиғаға арналған мемориалдар мен музейлер бір-біріне жақын жерде орналасар еді. Бұл келушілер үшін де ыңғайлы болмақ, – дейді қоғам белсендісі.
Иә, қанша жерден еске алуға ауыр әрі қасіретті болса да, бұл – біздің төл тарихымыз. Өз тарихымызды тану, одан сабақ алу арқылы басқыншылықтың салдарын ұғынып, бодандықтың қамытын қайта киюден сақтануға тиіспіз. Сонда Тәуелсіздік пен бүгінгі мамыражай, бейбіт өмірдің қадірін сезініп, оны бағалай түсеміз. Демек, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мен олардың рухына тағзым ету 31 мамыр күнімен ғана шектелмеуі тиіс.