РЕФЕРЕНДУМ – ӨРКЕНИЕТТІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ Избранное

Среда, 01 Июнь 2022 05:04 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 634 раз

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында ҚР Конституциясына түзетулер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынған болатын.

735

 

Мемлекет басшысы сессияда «бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі болады деп санаймын» деп пікір білдірді. Қазіргі таңда жалпыхалықтық референдум өткізу - демократиялық қағидалардың басты элементі болып табылады. Бұл мемлекет пен қоғам үшін ең маңызды мәселелер бойынша дауыс беруде көрінетін азаматтардың ерік білдіруінің кең ауқымды процесі екені анық.
Атап айтатын болсам, Тәуелсіз еліміздің тарихында 1995 жылы 30 тамызда Ата Заң қабылданатын сәтте ел тұрғындарының тарапынан 30 мыңға жуық ескертулер мен ұсыныстар жолданып, нәтижесінде Конституция мәтініне 1 100 түзету енгізіліп, бүкілхалықтық референдум арқылы бекітілді.
Референдум – қоғамның ең маңызды мәселелерін халық болып шешудің басты көрінісі. Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанының дәлелі. Халықпен санаса отырып, Тәуелсіз еліміздің басты құжаты қайта қабылданып, қоғам игілігі жолында жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады.
Ендігі кезекте өзгерістер халықтың талабы мен сұранысына қарай жасалынып жатыр деп санаймын. Қала тұрғындары конституциялық реформаларды қолдайтындарын және бірлесіп жұмыс атқаратындарын да жеткізіп отырғанына куәміз. Жергілікті тұрғындар тарапынан елдегі саяси реформалар саяси жүйеміздің қайта серпіліс жасауына мүмкіндік береді деген құнды идеяларын алға тартып отыр.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бес үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналып отыр. Атап өтсем: суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру болып белгіленді.
Бұл бағыттарға өзгерістер енгізу арқылы қоғамның жаңа үлгісін қалыптастыруға жол ашылады. Мемлекет басшысы барлық азамат-қа тең мүмкіндік берілуінің мызғымас кепілі болуға тиіс. Еліміздің азаматтарына қандай да бір артықшылықтар берілмейтін болды. Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс деп көрсетілуі барлық саяси партияларға да тең мүмкіндіктер болатынының айғағы. Нағыз президенттік басқару жүйесін қалыптастырады деген сөз.
Билік өкілеттігін қайта бөлуде Сенаттағы Президент квотасының саны 15-тен 10 депутатқа дейін азайып, оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болды. Бұл өз кезегінде еліміздің басты байлығы – саяси тұрақтылық пен этносаралық татулықтың нығаюына алып келеді. Аралас сайлау жүйесін енгізу арқылы Мәжіліс өзінің институционалдық заңдылығын ал, Сенат аймақтардың, әртүрлі әлеуметтік және этникалық топтардың мүдделерін қорғайтын орган ретіндегі рөлін күшейтеді.
Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту үшін Ата Заңда жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норма нақты және кесімді түрде бекітілген. Меншік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады. Мұндай өзгеріс ел тұрғындарының жауапкершілігін одан ары арттырады деген сенімдемін.
Барлық елдердің конституциясында көрсетілгендей, бірінші кезекте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы – демократиялық құндылықтардың дамуымен үндеседі. Осыған байланысты, Конституциялық реформада азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру мәселесі жүйелі түрде жолға қойылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметі Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған тәуелсіз институт болып табылады. Конституциялық реформадан кейін бұл институт конституциялық мәртебеге ие болады, бұл оның саяси жүйеде рөлін арттыратыны анық.
Мемлекет басшысының саяси реформалары Тәуелсіз Еліміздің дамуына негізделеді. Жүйелі реформалар жасау арқылы қоғамның талаптарына жауап бере аламыз деп есептеймін. Референдум және Конституцияны өзгерту арқылы жаңа қоғамдық келісімнің моделі қалыптасады деп айтуға негіз бар. Жаңа Қазақстанды құруда барша азаматтар белсенді әрі саналы шешім қабылдауға ниетті болуы тиіс. Әрбіріміздің дауысымыз – еліміздің болашағына үн қосады әрі маңызды деп жауаптылықпен қарауларыңыз қажет! 5 маусымда өтетін жалпыхалықтық референдумда дауыс беріп, өз үлестеріңізді қосыңыздар! Еліміздің жарқын келешегі үшін баршаңызды референдумға қатысуға шақырамын!

Мұратәлі Қалмұратов,
AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары

Материалдың ақысы автордың өз қаражатынан төленді

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.