SHYMKENT JASTAR LIGASY – ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ҮЗДІК ЖОБА Избранное

Пятница, 03 Июнь 2022 03:42 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 991 раз

Шымкент қаласында мектеп оқушылары арасында дәстүрге айналған бәсеке – Шымкент жастар лигасы мәресіне жетті. Қажымұқан атындағы Орталық стадионда жастардың үздік жобасы қорытындыланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай арнайы ұйымдастырылған іс-шарада қала әкімі Мұрат Әйтенов екінші кезеңнің жеңімпаздарын бағалы сыйлықтармен марапаттады.

504

 

Алты мыңға жуық оқушы атсалысты

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді бағдарламасын жүзеге асыру тапсырмасына сәйкес, Шымкент жастар лигасы спорт жарысы қала әкімдігінің қолдауымен биыл екінші рет ұйымдастырылды. Мұндағы негізгі мақсат – мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдаланып, балалар мен жасөспірімдерді саламатты өмір салтын ұстануға насихаттау.
Биылғы Шымкент жастар лигасына спорттың футбол, баскетбол, волейбол, шахмат сияқты түрлерінен 151 мектептен 514 команда (5 926 оқушы) қатысты. Сонымен қатар, командаларға қолдау көрсетуге 151 мектептен фан-клуб командалары жасақталып, 2265 оқушы қамтылды.
Осы спорт жарыстарына төрелік жасауға және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге дене шынықтыру және спорт саласының 400-ге жуық маманы жұмылдырылды. Ойындарға арнайы лицензиясы бар білікті 110 төреші қазылық етті.
Жобаның екінші кезеңі 2021 жылдың 23 қазаны күні басталған болатын. Биыл Балалар жылы аясында да тартысты бәсекелер өтті. Жылдан жылға бәсекелестік артып келетінін байқап отырмыз.
Шахматтан 4 ауданнан 130 команда, 520 оқушы қатысып, нәтижесінде Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі І орынға иелік етті. Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы – екінші, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы үшінші орынды жеңіп алды.

505

Баскетбол бәсекесіне 122 команда, 1 464 оқушы қатысып, қорытындысында М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы лига жеңімпазы атанды. Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта білім беретін мектебі – екінші, Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы үшінші орынға ие болды.
Волейболдан 129 команда, 1 458 оқушы бақ сынап, нәтижесінде Әл-Фараби атындағы №113 мектептің оқушылары жеңіске жетті. А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясы – күміс жүлде, Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясы қола жүлдеге қол жеткізді.

«№65, алға!»

Футбол бәсекесінің жеңімпаздары Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өткен тартысты ойында анықталды. Жалпы 133 команда, 2 394 оқушы қатысып, үздіктер іріктеліп шықты.
Орталық стадиондағы дүбірлі бәсекені тамашалауға қала мектептерінің оқушылары, ұстаздары, тұрғындар көп жиналған. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы да көпшілікпен бірге тартысты ойындарға куә болды.
Олимпиада ойындарының жүлдегерлері Жазира Жаппарқұл, Дархан Асаділов, әлем чемпионатының жүлдегерлері Жайна Шекербекова, Махмұд Сабырхан сынды белгілі спортшылар да мектеп оқушыларының сайысын тамашалады.
Сонымен, финалда Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясы мен дарынды балаларға арналған №90 мамандандырылған мектеп-гимназияның оқушылары бақ сынады.
№65 мектептің жанкүйерлері белсенділік танытып, командаларына барынша қолдау көрсетіп бақты. Осы қолдаудан қанаттанған оқушылар да ойынның алғашқы кезеңін 2:1 есебімен аяқтады. Финалдық үзілісте белгілі әнші Заттыбек Көпбосынұлы әннен шашу шашып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

506


Ойынның екінші кезеңінде де жанкүйерлерінен қуат алған №65 мектеп-гимназия оқушылары ширақ қимылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Сонымен, футболдан биыл жаңа жеңімпаз анықталып, №65 мектеп-гимназиясының командасы топ жарды. №90 мамандандырылған мектеп – екінші, ал
Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының оқушылары үшінші орынды иеленді.

№8 мектеп-гимназия – екі дүркін чемпион

М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназияның шәкірттері биыл да баскетболдан лига жеңімпазы атанды. Мектеп оқушылары ұйымшыл. 11 сынып оқушысы Рахманберді
Төлебаевпен аз-кем әңгімелестік. Дайындыққа жыл басынан бастап кіріскен. Баскетболды серік етіп жүргеніне 2 жылға жуықтапты. Командада 12 баланың әрбірінің ынтасы зор. Бәрі де 10-11 сынып оқушылары.
– Командаға биыл қосылдым. Мектепте жаңғырту жұмыстары жүріп жатқандықтан басқа мектептердің спорт залдарында дайындалдық. Бұл ретте мектеп басшылары бізге жан-жақты қолдау көрсетіп, спорт формасын әперді. Бапкеріміз де бұрын жоғарғы лигада ойнаған. Мықты маман. Жаңа әдіс-тәсілдерді үйретті. Қазір баскетбол жаттығуын да, сабақты да бірге алып жүрмін. Дүниежүзі тарихы, құқық пәндерін қызығып оқимын. Болашақта заңгер болғым келеді. Биыл мектепті бітірдім. Қазір
Алматы қаласына оқуға түсуге дайындалып жүрмін. Сол жақта да жаттығуымды жалғастырып, университеттің командасына кіремін деген үміттемін. Жарыстарға қатысамын деп мақсатым бар, – дейді жеткіншек.
Рахымберді бұған дейін Шымкент қаласы командасының сапында болған. Мектепте аптасына бір рет дайындыққа қатысса, үйде ауланың балаларымен де ойнайды.

Әр жеңімпаз командаға – 20 млн теңге

Жастар лигасының салтанатты жабылу рәсімінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сөз сөйлеп, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады. Мұрат Дүйсенбекұлы арнайы дипломдар мен 20 млн теңге көлемінде қаржылай марапаттар табыс етті.
– Міне, екінші жыл бұқаралық спортты дамытудағы үлкен жобамыз нәтижелерін беруде. Мұндағы басты мақсат — жастардың кәсіби спортқа бет бұруының бастамасын мектеп кезінен қалыптастыру. Екінші жағынан, еңбекқорлығымен, әрекетімен өз білім ұяларының абыройын көтеру. Қаладағы балалар алаңшалары жаңартылып, заманауи спорт алаңдары бой көтеруде. Талантты да өнерлі жастарға қала басшылығы барынша қолайлы жағдай жасайды. Балаларымыздың жетістігі – біз үшін қашан да мақтаныш!
Шымкент қаласының даңқты дәстүрін жалғай беріңдер, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 80 миллион теңгені құрады. Әр спорт түрінен жеңімпаз атанған командаға 20 миллион теңгеден ақшалай жүлде табыс етілді. Бұл қаржы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалады.
Сайыс қорытындысына келер болсақ, шахматтан №9 мектеп-лицей былтыр күміс жүлде алса, биылғы сайыста топ жарды. Баскетболдан М.Х.Дулати атындағы №8 үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-гимназиясы – биыл екі дүркін жеңімпаз! Волейболдан Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта мектебі былтыр екінші орыннан көрінсе, биыл бас жүлдені еншіледі. Ал биыл футболдан жаңа командалар үздік шықты.
Марапаттау іс-шарасы эстрада әншілерінің мерекелік концертіне ұласты. Атап айтқанда, жастар арасында танымал Қайрат Түнтеков,
Назима, Әйкерім Қалаубаева, Астана Қарғабай қала тұрғындарына тамаша әндерін тарту етті.

Өзге өңірлерге үлгі

Шымкент жастар лигасы – оқушылар арасында республикадағы ең үздік жоба. Жастарға зор серпіліс. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның айтуынша, жастар лигасына қатысқан оқушылар өмірде зор жетістікке жетпек.

506


– Былтыр жарысқа 140-қа жуық мектеп қатысса, биыл 151 мектеп қамтылды. Негізгі мақсат – оқушылар арасында спортты насихаттау, спорттық бәсеке қалыптастыру, жастардың жеңіске деген жігерлерін шыңдау, саламатты өмір салтын қалыптастыру. Спорт деген – үлкен мәдениет. Онда бәсекелестікке түскен оқушылар өмірде де жетістікке жетеді. Биік мақсаттарға ұмтылады. Лига алдымен балалардың денсаулығын жақсарту, қабілеттерін шыңдау үшін керек. Жылдан жылға мектептер арасындағы спорттық бәсекелестік арта түсуде. Мектеп басшылары биылғы лигаға үлкен дайындықпен келді. Жалпы мектептер арасындағы сайыс алда үлкен спорт қозғалысына айналады деп ойлаймын. Осындай деңгейде, фан-клубтармен бірге ұйымдастырылып жатқан жастар лигасы еліміздегі ең үздік жоба деуге болады, – дейді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жобаға Шымкент қаласының кәсіпкерлері демеушілік етіп отыр. Тек бірінші орын иелеріне берілетін сыйақы мектептің қажеттілігіне жұмсалады. Былтыр ауқымды спорт
сайысының жеңімпазы атанған
командалар пәндік кабинеттерін жаңартып, интерактивті тақталар алған.
Шыңғыс Жұмабекұлы осы жылдың қорытындысы бойынша үздік жоба республикаға ұсынылатынын атап өтті.
Ал Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исаховтың айтуынша, жобаға басқа өңірлер де қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, алдағы уақытта жобаны Жамбыл облысы, Алматы қалалары да ұйымдастыруды жоспарлауда. М.Исахов алдағы уақытта Шымкентте бұдан басқа да жобалар қолға алынатынын айтады. Бұл ретте спортты қолдайтын демеушілер де жеткілікті.
Айта кетсек, қала күніне орай Шымкент жастар лигасының фан-клуб мүшелері де марапатталмақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.