ҚАЗЫМБЕТ БАТЫРДЫҢ АМАНАТЫ Избранное

Пятница, 03 Июнь 2022 03:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1168 раз

оған адал болу – бүгінгі ұрпақ мойнындағы парыз

Сонау 1723 жылы «Ақтабан шұбырындыдан» есеңгіреген қазақ халқын сыртқы жаудың езгісінен арашалау үшін Әбілқайыр сұлтан мен Сәмеке ханның біріккен қолы Еділ бойының қалмақтарына жорық ұйымдастырған. Мақсат олжаға түскен малды шапқыншылықтан азып-тозып, арып-ашқан халыққа үлестіріп, елдің еңсесін тіктеу болатын. Ресейдің шекара өкіметі бұл жорық жайлы қалмақтың ханы Аюкеге хабар беріп, хан мен сұлтанның жауға 40 мың қолмен тұтқиылдан шабуылдау жоспары орындалмайды. Ойраттар қазақ қолын әзірлікпен қарсы алады.

518

 

Сол қан майданның алдында 17 жасар Қазымбет батыр жаудың Жолан деген әйгілі батырымен жекпе-жекке шығып, жер жастандырады. Содан кейін Қаракерей Қабанбай батыр Қазымбетті өз қолының ту ұстаушысы етіп алған. Майданда одан кейін де талай ерлік көрсеткен батырдың өмірі аңызға бергісіз ерлікпен тәмамдалған екен. Бір жолы ол қан майданда ауыр жарақат алыпты. Сонда да атынан түспей, қолындағы туын жықпай, байрақтың сабына сүйенген күйі мерт болған екен... Ерлерде майданда өлгеннен артық арман бар ма, сірә?! Жарықтық сол ерлер «Туымыз жығылмасын, елімнің еңсесі түспесін, жердің шетін жау баспасын, ұрпағым сужүрек қорқақ емес, ержүрек қаһарман болып тусын» деп, шейіт кетіпті... Туды жықпай, әрқашан биікке көтеру сол Қазымбет батырдан бүгінгі ұрпаққа қалған аманат іспетті.
Биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қабылданып, тұғырға қонғанына 30 жыл толып отыр. Бұл – бүкіл еліміз үшін айтулы мереке! Сонымен қатар бұл тек ән айтып, той тойлайтын күн емес, осы құндылықтарымызды қадірлей алып жүрміз бе, рәміздерге жүрегіміздің төрінен лайықты орын бере алдық па, әсіресе, желкілдеп өсіп келе жатқан болашағымыз – жастардың бойына осынау қасиетті құндылықтарға деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіре алдық па деген маңызды сұрақтарға жауап іздейтін күн.
Иә, Көк туды биікке көтеріп, Әнұранды қалықтату үшін барын салатын батыр ұлдарымыз өткен шақта да көп болған, қазір де аз емес. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында Рахымжан Қошқарбаев қасындағы серігі Григорий Булатовпен бірге өліп кетуі мүмкін екенін біле тұра басын қатерге тігіп, Рейхстагқа жетуге асықты. Кез келген сәтте қарша бораған қорғасын оның өмірін жұлып түсер еді. Бірақ, ол жасқанбады. Рейхстаг қабырғасына бірінші болып ту қадады. Осы әрекеті арқылы кеңес әскерінің мерейін ғана емес, қазақ халқының ұлттық намысын да биікке шарықтатып кетті.
Көк байрақты көкке желбіретуге олимпиадашыларымыз қосқан үлес өз алдына бір әңгіме. Даңқты боксшы Бекзат Саттархановтың Көк туды төбесіне көтеріп, Сидней төрінде атой салғаны күні кешегідей көз алдымызда. Сол оғландардың жолын жалғайтын қара домалақтарымыз, шүкір, әзір де көп. Жас өрендердің:
«Таласқа түссе жан мен Ту
Жан емес маған керегі,
Көк тудың желбірегені», – деген рухты әнді ести салып, балалардың қосыла шырқап кететінін жиі көріп жүрміз. Мұндайда еріксіз толқимыз, қуанамыз, Тәуелсіздікке тәубә айтамыз. Бірақ, өкінішке қарай, барлық жастар бірдей осындай патриоттық рухта тәрбие алып, өсіп келеді дей алмаймыз. Күні кеше орын алған жайсыз жағдайлар соның белгісі емес пе?!
Олай болса, жастарды рәміздерді қадірлеуге үйретіп, патриоттық тәрбие беру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл мәселеге ата-аналар, зиялы қауым өкілдері, идеология саласына жауапты мекемелер, әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары көбірек назар аударуы керек деп ойлаймыз. Себебі, ақын Несіпбек Айтұлының «Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып, Өмірде еш нәрсе жоқ тудан биік» деген жыр жолдары – ақиқаттың тап өзі. Расында, Мемлекеттік рәміздер – азаттықтың айнасы, елдіктің нышаны, еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін қастерлі белгілер.