Версия для печати

Жаңарған, жасарған Шымкент! Избранное

Среда, 15 Июнь 2022 04:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 972 раз
Оцените материал
(0 голосов)

19 маусым – Шымкент қаласының күні. Үшінші мегаполис мерекесінің жаңа тарихы 2018 жылдан бастау алады. Сол жылдың 19 маусымында Шымкентке республикалық қала статусы берілді.

20

 

Ал сол жылдың қыркүйегінде қалалық мәслихаттың қолдауымен қала күні мерекесі қыркүйек айынан 19 маусымға ауыстырылып, 2019 жылдан бері кең көлемде аталып келеді.
Сарапшылардың айтуынша, Шымкент республиканың ішкі саясатында да, сыртқы саясатында да ерекше орын алады. Әсіресе, көрші Өзбекстанмен байланыстырушы хаб ретіндегі рөлі өзгеше. Заң бойынша қандай да бір қаланың айрықша мемлекеттік маңызы немесе тұрғындарының саны миллион адамнан асса, республикалық статус беріледі. Осылайша 2018 жылдың 1 маусымы күні Шымқалада Айсұлу Еламанова есімді миллионыншы тұрғын дүниеге келіп, ресми түрде миллионер-қала атанды.

Жаңа статус – жаңа жауапкершілік – жаңа мүмкіндік. Еліміздегі үшінші мегаполис атанған Шымкент дамудың жаңа жолына түсті. Қала бюджетінің көлемі артып, экономикаға құйылған инвестиция көбейді. Қаланың барлық саласы дамып келеді. Төрт жылдан бергі өзгерістерді тізіп шығуды газет беті көтермес, деск те, жыл басынан бергі жетістіктерге тоқталсақ.

ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУ – ЖАҢА ФОРМАТТА

Қала әкімдерінің бұған дейінгі есебі жылдың басында, ақпан айында төрт ауданда кезекпен өтетін. Ал, биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындармен жиі кездесуге шықты. Апта сайынғы жеке қабылдаудан бөлек, енді әкімнің есепті кездесуі әр тоқсан сайын өтуде. Шымкент қаласының аумағын әр аудан, секторға бөліп, қала әкімі Мұрат
Дүйсенбекұлы жыл басынан бері шалғай аудандарды аралады, тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп, 80-нен астам кездесу ұйымдастырды. Соның нәтижесінде өзекті мәселелер айқындалып, оның шешу жолдары баяндалды. Осы кездесулерде айтылған проблемалар бойынша сала мамандарына тікелей тапсырма беріліп, орындалуы келесі кездесулерде баяндалып отырды.
Пандемия салдарына қарамастан, Шымкентте 2021 жылы барлық салада оң нәтижеге қол жетті. Мегаполиске құйылған инвестиция көлемі былтыр 60 пайызға көбейді. Қала экономикасының ірі саласының бірі – құрылыста жалпы 1 триллион теңге айналымда жүр. Қаладағы бірнеше индустриялды аймақта ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде арнайы тоқтала кететін жайт – Қазақстан бойынша алғаш рет Шымкентте жеке индустриялық аймақ жүзеге асырылмақ. Жалпы өңірлік өнім көлемі жоспар бойынша 3 млрд теңгеден асады деп күтілуде. 2021 жылдың нәтижесі бойынша қаладағы көші-қон саласында оң сальдо бар. Ал, 2050 жылы қала халқының саны 2,5 млн адамға жетеді деген болжам айтылады.

ДЕНСАУЛЫҚ

Осыншама тұрғынға тиісті дәрежеде әлеуметтік-медициналық көмек көрсету қажет екені белгілі. Қаланың медицина саласы бүгінде заманауи талаптар бойынша қызмет көрсетуде. Осыдан 5-6 жыл бұрын Шымкент медицинасының аты бауыр және бүйрек алмастыру отасымен шыққан болатын. Сол дәстүр бүгінде жалғасып, қалалық №1 клиникалық ауруханада 184 бүйрек және 25 бауыр трансплантациясы жасалды. Жыл басынан бері аурухананың нейрохирургия орталығының жоғары дәрежелі дәрігерлері 14 науқасқа экстра-интракраниалды микротамырлы операцияны сәтті жасап шықты.
Қалалық №2 аурухананың нейроинсульт бөлімшесінде «Cerebro» интеллектуалды бағдарламасы пилоттық түрде енгізілді. Нәтижесінде 312 науқасқа диагностикалық зерттеулер жүргізіліп, оның ішінді 18 науқасқа тромбоэкстракция, 30 науқасқа селективті ангиография жасалды. Көктемде Нұр-Сұлтан қалалық №1 көпсалалы аурухананың жоғары санатты рентгенэндоваскулярлық хирургі Евгений Муннің қатысуымен Шымкент қаласында алғаш рет №2 аурухана мамандары бауыр циррозына шалдыққан науқасқа эмболизация әдісімен күрделі ота жасады. Бауырдағы дерттің асқынуының алдын алатын мұндай бірегей ота Қазақстанда екінші рет жасалып отыр. Сонымен қатар, дәл осы ауруханада алғаш рет Нұр-Сұлтан қаласындағы «University Medical Center» корпоративтік қоры интервенциялық радиология бөлімінің меңгерушісі В.Землянский мен №2 аурухананың бас дәрігері А.Рахматалиевтың қатысуымен аортаның аневризмасы кезінде абдоминальды аортаға стенд–графт эндопротезін орнату отасы жасалды.

19


Шымкенттің кардиологтары да республикада танымал. Қалалық кардиология орталығында TAVI, LVAD, ЭКМО, CRT-D, коортациялық аортаға стенд қою, жүрек қақпашаларын протездеу және т.б. жаңа технологияларды қолдана отырып, күрделі оталар жасалды. Сонымен қатар кардиохирургиялық оталар және интервенциялық араласулар, туа пайда болған жүрек жеткіліксіздігіне жасалатын оталар саны бұрынғы жылдармен салыстырғанда 2-3 есеге артты.
Үшінші мегаполисте жедел жәрдем бригадасының да саны көбейген. Бүгінде 103 қызметінің станциясы толығымен цифрлы жүйеге өтіп, қоңыраулардың барлығы біріктірілген автоматты жүйе арқылы қабылданады. Қаңтар айында орталыққа жаңа 4 автокөлік беріліп, тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсететін бригадалар саны 102-ге жетті. Көліктер соңғы үлгідегі өкпені жасанды желдету аппаратымен, электрокардиограф, аспиратор және тағы да басқа аса қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.

ӘЛЕУМЕТ

Шымкенттегі зейнеткерлер, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыздарға қолдау көрсету шаралары жылдан жылға артып келеді. Мысалы, жұмыссыз азаматтар қысқа мерзімді курста оқытылып, жұмысқа жолдама берілсе, кәсібін жүргіземін деген жерлестерімізге қайтарымсыз гранттар беріледі. Айта кетейік, биылдан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 АӘК (1 225 200 тг) мөлшерге дейін беріледі. Бұл қолдаудан жастар және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтар, оның ішінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар және мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын жұмыссыз азаматтар үміткер бола алады.

16


9 мамыр – Ұлы жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлеріне 1 миллион теңгеден бір реттік жәрдемақы берілді. Бұған қоса зейнеткерлерге арналған белсенді өмір сүру орталығы қызмет көрсетеді. Мүгедектігі бар азаматтардың қала өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасау және оларға көрсетілетін қызмет түрлерін қолжетімді ету мақсатында «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылған. Орталық «Бір терезе» қағидасымен қызмет көрсетеді. Яғни, әлеуметтік қызметтер көрсету порталымен жұмыс істеу жолдары үйретіледі. Ал «Бақытты жанұя» орталығы аз қамтылған отбасылар мен әйелдерге қолдау көрсетеді. Көп балалы аналарға, әйелдерге арналған түрлі бағыттар бойынша оқу курстары бар.

БІЛІМ БЕРУ

Шымкент қаласындағы білім беру мекемелері желісін дамыту үшін қала әкімі Мұрат Әйтеновтың бекітуімен 5 жылдық бағдарлама қабылданған. Соның аясында Шымкентте 2025 жылға дейін 72 мектеп салу жоспарланып отыр. 2021-2022 оқу жылында қалада 23 мектеп пайдалануға берілді. Биылғы ерекшелік – жекеменшік мектептер көп ашылуда. Бұл заман талабы болып отыр. Пайдалануға берілген білім ошақтарының ішінде 19 жеке мектеп бар. Мұндай мектептердің айырмашылығы – қосымша білім беру, ұзартылған сыныптар деген сияқты қосымша қызметтер ұсына алады.
Бүгінгі таңда Шымкенттегі үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға дейін қысқарды. Жалғыз апатты мектептің орнына су жаңа ғимарат салынды. Жалпы, Шымкентте демография мен урбанизацияның әсерірінен оқушы саны да көбеюде. Сол үшін қалалық әкімдік кәсіпкерлердің білім ошақтарын салуға инвестиция құюын құптайды.

17


Оқушылар да өз білімдерімен қуантуда. Нақты айтқанда, 2021-2022 оқу жылында Шымкенттің 500-ден астам оқушысы халықаралық, республикалық, деңгейдегі түрлі сайыстарда топ жарды. Жас өрендер халықаралық зерттеу жобалары конкурсынан бастап халықаралық зерттеу байқаулары, республикалық, еуразиялық және халықаралық олимпиадалар, ғылыми жобалар конкурстарынан алтын және күміс жүлделермен оралуда. Жалпы, Шымкентте биылғы оқу жылында 202 мектепте 242 мыңнан астам оқушы білім алса, жазда солардың 88 пайызының демалысы жоспарланған.

КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

Бюджеттің ұлғаюына байланысты қала көшелеріне де баса мән беріліп, көлік инфрақұрылымын дамыту қолға алынған. Шымкентте биылғы жоспарға сай жалпы ұзындығы 350 шақырымды құрайтын 186 нысанда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 20 жол жаңадан салынса, 3 көшеге күрделі жөндеу, ал 164 көшеде орташа жөндеу жүргізіледі. Жауапты мамандар биыл негізгі жол салу жұмыстары шалғай елді мекендердің ішкі орамдарын қамтуға бағытталған дейді.

18


Атап айтқанда, Абай ауданында – 94 көше, Әл-Фараби ауданында – 30 көше, Еңбекші ауданында – 104 көше, ал Қаратау ауданында 70 көше жөнделеді. Жыл соңына дейін 271,4 шақырым жолдың жұмысы аяқталып, индикаторлық көрсеткішті 67,3 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бұған қоса Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы аяқталуға жақын, ал Бәйдібек би–Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайырық құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Бүгінгі танда Шымкентте тұрақты 78 бағытта 846 қоғамдық көлік қызмет көрсетуде. Автобустардың жалпы саны резервпен қоса 1000 көлікті құрайды. Бұған дейінгі жылдары жаңа автобустар лек-легімен жеткізіліп, бүгінде қоғамдық көліктің 85 пайызы жаңартылған. Жалпы қолданыстағы 78 көлік бағытының 76-сындағы автобустар жаңартылды.

P.S.

Бұл сүйікті қаламыздың біз екшеп алған негізгі бағытындағы көрсеткіштері ғана. Кезінде қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин «Шымкент Қазақстанмен бірге өмір сүре алады, ал Қазақстан Шымкентсіз өмір сүре алмайды» деп айтқан. Әзіл болса да, шындығы осы!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.