Шымкент шынарымен шырайлы Избранное

Пятница, 17 Июнь 2022 04:52 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 383 раз

«Шымкентті шынарлы қала» деуге болады. Бұл жапырақты ағаштар қалаға көлеңке, адамдарға сая береді. Қаланың жасы 2200 жылдан асып кетті десек, бұл шынарлар да көптеген жылдар бойы өсіп келеді. Әсіресе, Диваев және Іляев көшелерінің қиылысқан тұсы, Бейбітшілік даңғылының бойында шынар ағаштары жайқалып тұр. Климаты ыстық өңірімізге дәл осындай жапырақты, ұзақ жылдар бойы өсетін, ыстыққа төтеп беретін ағаштар қажет».

Shynar

 

Оңтүстік өңіріне белгілі журналист, марқұм Кеңесбай Исмаиловтың кезінде осылай дегені бар еді. Журналистикада өзіндік қолтаңбасы бар әріптесіміз ақпарат майданымен ғана шектеліп қалмады, туған өңірдің табиғаты, географиясы, белгілі орындары мен мәдениеті туралы көптеген еңбек, кітап жазды, өлкетану саласына зор еңбек сіңірді. Замандастарының естелігінше, Кеңесбай Исмаилов, тіпті, шынар ағаштарының саясында демалу үшін Ташкент қаласына бірер күнге арнайы барып келетін-ді.

Мэтрдің қызығушылығын тудырған шынар ағашы, шынында да, осыдан оншақты жыл бұрын Шымкентте көп болатын. ХХ ғасырдың басында егілген көшеттер алып ағаштарға айналғалы қашан. Алды табиғи жолмен қурауға айналған шынарды бүгінде шаһардың жоғарыда атап айтылған көшелерінің бойынан табуға болады. Саябақтарда да жайқалып тұр.

Саябақ дегеннен шығады, мамандардың айтуынша, Шымкенттегі ең кәрі шынар ағаштары Орталық саябақта өсіп тұр. Олар жеткілікті дәрежеде өскен, сондықтан, басқа ағаштардан биік болып, көзге түспейді. Дегенмен, баяғыдан өсіп тұрғанын діңінен ажыратуға болады. Ал шынар ағашы неғұрлым ұзақ өскен сайын діңінің беткі қабығы түсіп, астынан ақ қабығы көрінеді, дейді орталық саябақтың әкімшісі Тәліпбек Әлжанов.

Тәліпбек Ұланбайұлы Орталық саябақта 2013 жылдан бері еңбек етіп келеді. Маманның айтуынша, парктегі ағаштардың көбісі 1940-50 жылдары егілген, қазір олар алып ағашқа айналып, сая беріп тұр. Жыл сайын саябақтағы ағаштарды жаңарту мақсатында жүздеген көшет егіліп, қурағандары біртіндеп қырқылуда, дейді. Саябақта өткен ғасырдың басында отырғызылған ағаштар да сақталған.

Talipbek aksakal

– Саябаққа анда-санда келіп, демалатын қария кісі болатын. Сол менің тал-дарақты аралап, қызметкерлермен бірге күтім жасап жүргенімді байқаса керек, осында жұмысқа кірген алғашқы жылдары қасыма келіп, «мен саған парктегі ең кәрі ағаштарды көрсетейін» деді. Қолтығынан демеп, саябақтың Тәуке хан даңғылы жақтағы кіреберісі тұсқа келдік. Сонда айтқаны, мынау үш түп шынар сонау 1903 жылы егілген екен. Бір қарағанда басқа талдардан айырмашылығы жоқ бұл ағаштардың адам құшағы толатын діңгектері әлі де мықты. Қарияға бұл ағаштар туралы әкесі айтып кеткен екен, – деді өзі де бүгінде зейнет жасындағы Тәліпбек Ұланбайұлы.

Бүгінде Шымкентке түрлі көшеттер егіліп, көгалдандыру жұмыстары тиісті жоспар бойынша жалғасуда. Қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасы мамандарының айтуынша, жыл басынан бері қалада және шаһар маңындағы жасыл белдеуде 21 мың көшет егілген.

– Енді біз аудан әкімдіктерімен бірге пилоттық жоба әзірлеп жатырмыз. Ол бойынша күзде төрт ауданға қарасты аймақтарда шынар, емен сияқты көп жылдық ағаш көшеттерін егу қолға алынады деп жоспарлануда. Осылайша қылқанжапырақты ағаштарды ғана емес, көп жылдық ағаштарды да өсіруді ойластырып отырмыз, – деді қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының өкілі Нұрсұлтан Сейітжанов.

Осылайша Шымкент бұрынғыдай шынар ағашының шағын отанына айналады деген үміт бар. Ол үшін тыңғылықты дайындық керек. Себебі, өзі көп жылдық, алып ағаш болатын шынарды өсіруге мол күтім қажет. Ал әзірге шынар ағашының көшеттері Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта өсірілуде. Мұндағы мамандар ерекше ағаштың үш мыңға жуық көшетін қаламшадан өсірген. Қазіргі таңда олардың екі мыңнан астамы жерсініп, суару-баптау секілді күтім жасалуда.

Дендросаябақ құрылған жылы егілген шынар ағаштары бүгінде өсіп, жайқалып тұр. Саябаққа кірген аумақтағы «Құрметті қонақтар» аллеясына да 28 түбі егілген. Оларды 8 елдің президенттері, құрметті қонақтары мен делегациялар отырғызған.

Bibi

– Шығыс шынарының биіктігі әдетте 25-30 метрге, кейбір жағдайларда 50 метрге дейін жетеді. Бұтақтары бұралып өседі. Көбіне бес қабықшалы, сирек жағдайда жеті қабықшалы түрлері кездеседі. Ағашты қалыпты климатта өсіруге болады және төмен температураға жақсы төзеді. Көшеттерді еккенде жердің кеуіп кетпеуін қадағалап, қажетінше суару керек. Тұқым өнуінің бүкіл кезеңінде күн сәулесінің өскінге түспеуін қамтамасыз ету маңызды. Көшеттерді көктемде және күзде отырғызуға болады. Жыл мезгіліне қарамастан, барлық ережелерді сақтау ағаштың толық тамырлауына мүмкіндік береді. Ең бастысы, көктемде тығыз топырақта, ал күзде, керісінше, борпылдақ топырақта отырғызған дұрыс. Шынар саябақтарды, бақтарды, алаңдарды безендіру ретінде пайдаланылады. Тал тәжінің астында үлкен көлеңке пайда болады, – дейді «А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» МКҚК-ның ғылыми қызметкері
Бибіжамал Мәлік.

Шынар ағашы мамандарды ғана емес, қарапайым тұрғындарды да сүйсіндіреді. Солардың бірі – әріптесіміз Сейдалы Дүйсебайұлы да осынау алып ағаштарды қызыға зерттеп жүр.

Seidaly

– Шынар ағашын Шымкентпен байланыстыру – өте дұрыс ой. Қазақстанның өзге қалаларында кезіге бермейтін шынар Шымқалада жайқалып тұр. Мысалы, Бейбітшілік көшесімен жүріп көріңізші, көлеңкелі, жанға жайлы әдемі жағдай қалыптасқан. Жалпы, шынар ағашы дегенде қазақ ұғымында «Шыңға біткен шынарым» дейтін сөз тіркесі кездеседі. Бұдан «ағаш культі» дейтін ұғымды байқауға болады. Қазақ халқы өзі киелі санайтын нәрсесін биіктетіп, әспеттеп жатады ғой. Жалпы, Орта Азия қалаларында шынар ағашын өсіру Кеңес дәуірінің Брежнев басқарған тұсына сәйкес келеді. Шымкенттің орталығындағы Бейбітшілік, Түркістан, Б.Момышұлы көшелеріне сол кезеңде жаппай егілді. Дендросаябақтың пайда болып, ол жерде де шынар ағашының егілуі де біздің мақтанышымызға айналғандай. Шынар – ұзақ жылдар өсетін, көлеңкесі мол, онша-мұнша ауру шала бермейтін, құрт жоламайтын ерекше қасиетті ағаш. Бір рет егіп, бірнеше жүздеген жыл жайқалып тұра беретін бұдан асқан қандай ерекше ағаш болсын? Ендеше, екі мың жылдан астам тарихы бар Шымқалаға шынар көшеттерін егіп, шынармен байланыстыра беру қажет деп санаймын, – дейді журналист, өлкетанушы Сейдалы Дүйсебайұлы.

Расында да, Шымкенттің бір кездегі жасыл қала атануында осы алып шынар ағаштарының қосқан үлесі мол. Сондықтан, осы дәстүрді сақтап қалып, алдағы уақытта да жалғастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Последнее изменение Понедельник, 20 Июнь 2022 09:18
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.