Версия для печати

«Шымкенттің тауы да, тасы да ыстық» Избранное

Пятница, 17 Июнь 2022 04:59 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1088 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жуырда ғана кішкентайларды жазғы демалысқа ата-апасына апарып, Шымкенттің бұрынғыдан да гүлдене түскенін көрдім. Мен үшін Шымкенттің тауы да, тасы да ыстық. Шымкенттің тумасы екенімді, сонда өсіп-өнгенімді мақтан тұтамын.

31

 

Ұзақ жылдар Оңтүстік Қазақстан облыстық ауруханасын басқарған білікті дәрігер, профессор, ғалым, хирург Дерібсалы Сексенбаевтың шәкірті екенімді ерекше атап өткім келеді. Ұстазым Шымкент қаласының құрметті азаматы, жасы 80-нен асса да хирургиялық ота жасап, студенттерге дәріс оқып жүр. Бүгінгі жеткен жетістігім — осындай алтын қолды ұстаздарымның берген білімі мен тәрбиесінің жемісі.
2005 жылы Оңтүстік Қазақстан медицина академиясын тәмамдап, елордадағы Ұлттық ғылыми медицина орталығында хирург-дәрігер болып қызмет атқардым. 2013 жылы Қазақстан мен Қытай ХДР арасындағы меморандум негізінде дәрігерлік тағылымдамадан өтіп, 2019 жылдан бастап аймақтардағы денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасы аясында Атырауға ауыстым. Міне, 20 жылға жуық өзге аймақтарда қызмет етіп жүрсем де, қарашаңыраққа барған сайын қаланың күннен күнге көркейіп келе жатқанын көріп, қуанып қаламын.
Шымкенттің бүгінгі даму үдерісі әлемнің ірі қалаларының дамуынан бір мысқал да кем емес дер едім. Осыдан 10-15 жыл бұрынғы Шымкент пен бүгінгі Шымкентті мүлде салыстыруға келмейді. Қаланың инфрақұрылымы күн санап дамып келеді. Әр келгенімде жаңа бір жаңалықтың куәсі болып жатамын. Құрылыс қарқынына көз ілеспейді десем, артық болмас. Жаңа шағынаудандар, орталықтар, гүлденген саябақтар – бәрі керемет.
Қала бір ғана құрылыс емес, барлық сала бойынша даму процесінде. Мәселен, Шымкенттегі әріптестерімізбен тығыз байланыстамыз. Бүгінде шаһардың медицина саласы да қарқынды дамып отыр. Ертеректе Нұр-Сұлтан, Алматы сынды республиканың ірі қалаларында ғана жасалатын диагностикалық сараптамалар, операциялар, түрлі заманауи аппараттардың барлығы дерлік бүгінде Шымкентте бар. Бұл медициналық қызметтің сапасын арттырып, халық денсаулығының жақсаруына мүмкіндік беріп отыр.
Еліміздің әрбір азаматының денсаулығын сақтау үшін тәуліктің кез келген уақытында қызмет етуге дайынмын. Келешекте туған өлкемде, шырайлы Шымкент қаласының тұрғындарының да денсаулығын сақтауға үлес қоссам деген ниетім бар. Шымкенттіктерді қала күні мерекесімен құттықтаймын. Өркендеп, өсе беруіне тілектеспін.

Алтай ҚАРСАҚБАЕВ,
Атырау қаласындағы «Family health clinic» көпбейінді медициналық орталығының
бас дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.