Версия для печати

ЗАМАН КӨШІН БАСТАҒАН КӨНЕ ДЕ ЖАҢА ШАҺАР Избранное

Пятница, 17 Июнь 2022 05:00 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1189 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, оны Шымкентте сүру керек» деген қанатты сөзге айналған тіркес күні бүгінге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. Өйткені Шымкент әлеуметтік-
экономикалық, әлеуметтік, ең бастысы, сәулеттік жағынан жылдан-жылға гүлденіп, ел назарын өзіне аударуда.

33

 

Тоқсаныншы жылдары экономикалық жағдай халықты ауылдан қалаға көшіріп әкелді. Мұны қарапайым жұрт қиындықпен байланыстырса, сарапшылар экономикалық аспектімен қоса халықтың ірі мегаполистерге шоғырлануы табиғи, қалыпты процесс деп түйді.
Бұл үрдіс қазір саябырсығанымен, ауылдан келетін көш әлі тоқтаған жоқ. Әсіресе, жастар қалаға келуге асығады. Себебі, мегаполисте өз келешегіңді қалыптастыруға бар мүмкіндік қарастырылған. Ол – тұрақты жұмыс орны, сапалы білім, коммуналды инфрақұрылым. Шымкенттің орналасу географиясының өзі оның еліміздің оңтүстік өңірінің экономикалық, көліктік хабына айналуына жағдай жасап отыр. Республиканың үшінші мегаполисін тегіннен-тегін «Орта Азияның қақпасы» деп айтпайды. Кезінде Жібек жолының
күретамыры болып, шығыстағы Қытайды басқа елдермен байланыстырған шаһардың осы бір маңыздылығы күні бүгінге дейін күшін жойған жоқ.

Шымкент сол бір ортағасырлық мәртебесін сақтай отырып бүгінгі заманға лайық болмыста дамып, түрленіп келеді. Экономикалық белсенділіктің, қаланы басқарудағы заманауи көзқарастар мен менеджменттің нәтижесінде мегаполистің барлық саласында ілгерілеушілік, динамикалық өсім бар. Жастары көп қалада өмір бір орында тоқтамайды. Уақыт өткен сайын шаһарда жаңа леп, ерекше толқыныстар мен өзгерістер орын алып жатады.
Бұған алысқа бармай-ақ қарапайым салыстырулар арқылы көз жеткізуге болады. Осыдан он жыл бұрын қаланың келбеті қандай еді? Қазір қалай өзгерді? Мұның жауабы да адамды көп күттірмесе керек. Әсіресе, шаһардың сәулеттік бейнесі күннен-күнге ажарланып келеді. Адамның қалада жайлы өмір сүруі үшін ең басты қажеттіліктің бірі – коммуналдық инфрақұрылым десек, бұл мәселе біртіндеп шешімін тауып жатыр. Бүгінде қалаға қосылған шалғай елді мекендердің өзінде шаһар мәдениетіне тән игіліктердің бәрі негізінен жасалып қойды. Енді бір-екі жылда қалада газ, жарық, ауыз су, сапалы интернет мәселелері жүз пайызға шешілгелі тұр.
Адамға қажет тағы бір дүниенің бірі – баспана. Бұл мәселемен де қала басшылығы етене тығыз айналысып жатыр. Соның нәтижесінде қазір шаһарда үй құрылысы қарқын алған. Оның үстіне Шымкенттегі демографиялық жоғары өсім мен ішкі көші-қон мәселесі де баспана құрылысының жандануына дем бере бастады. Статистикаға көз жүгіртсек, былтыр қалада 1 миллион шаршы метр үй пайдалануға берілді. Жергілікті әкімдік алдағы уақытта межені бұдан да асыра орындауға бекініп отыр.
Ресми дерек бойынша 2018-2021 жылдары Шымкент қаласында барлық инвестиция көздерінен 2 624,5 мың шаршы метр үй пайдалануға берілген. 2022 жылғы жоспарда 1 060 мың шаршы метр үйді ел игілігіне тапсыру көзделуде. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде бюджет есебінен 239 мың шаршы метр баспана салынуда. Жыл басынан бергі қаңтар-мамыр аралығында жеке инвестиция көздерінен халыққа 181 мың шаршы метр үй үлестірілген. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда үй құрылысының көрсеткіші 44,5 пайызға өскен.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы мегаполис атанған соңғы 4 жылда барлық қаржы көздері есебінен 579 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілген.
– Қала бойынша биылғы орындалатын құрылыс жұмыстарының көлемі 162,1 млрд теңгеге тең келіп отыр. 2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 30,3 млрд теңгеге құрылыс атқарылған. Бұл өткен жылға қарағанда 103,4 пайызға артық. Бүгінгі таңда қаламыздағы Тұран, Бозарық, Шымкент сити шағынаудандарында және әкімшілік-іскерлік орталықта көп қабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде, – деді қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев.
Шымкентті нағыз бүгінгі заман ағымына тән сәні мен сәулетін келістіріп, ХХІ ғасырдың мегаполисіне айналдыру мақсатында «Шымкент сити» жобасы қабылданған-ды. Жоспар бойынша ол қала ішіндегі өз инфрақұрылымы дамыған, көкпен таласқан зәулім үйлері, мәдени-әлеуметтік нысандары жайғасқан, жасыл желекке көміліп, жағалай гүлдер егілген, субұрқағы атқылаған демалыс саябақтары бар керемет орталыққа айналуы тиіс-ті. Қала әкімдігінің қолға алуымен бүгінде аталған аумақта тіршілік қайта басталып кетті.
Мысалы, «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Шымкент қаласының инвестициялық белсенділігін арттырушы аймақтық институт болып саналады. Қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейту мақсатында ұйым өзінің негізгі қызметінің бағыттарын айқындап шықты. Сөйтіп, «Shymkent» ӘКК» АҚ инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы басты міндеттерін белгіледі. Соның ішінде басты бағыт – Шымкент қаласындағы баспана құрылысы. Осы орайда корпорация инвесторларды көп қабатты үй құрылысын,
емхана, мектеп секілді әлеуметтік нысандар салуға шақырып, тиімді ұсыныстарымен қызықтыруда.
Бүгінгі таңда «Shymkent» ӘКК-нің инвесторламен бірлескен іскерлік портфелінде 475 млрд теңгені құрайтын 54 жоба бар. Оның 30 жобасы көп қабатты үй құрылысына тиесілі. Осы жобалардың нәтижесінде алдағы 5 жылда 1 млн шаршы метр үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Қарқын алған қаладағы құрылыстың мысалы ретінде бой көтеріп келе жатқан Шымкент сити шағынауданын айтуға болады. Онда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және инвесторлар бірлескен үй құрылысы бойынша – 10, ал мектеп құрылысына қатысты 3 жоба жүзеге асуда. Сол арқылы келешекте 40 мың шаршы метр үйді және 2900 оқушыға арналған 3 мектепті пайдалануға беру көзделіп отыр. Бүгінде бұл нысандардың құрылысы нарықта танымал «BI group», «Отау-Строй», «OKS», «Орда Строй групп» және тағы сол секілді басқа да мердігер компаниялардың қатысуымен жүргізілуде.
Осылайша көптеген жылдар бойы идея күйінде қалып келген «Шымкент сити» жобасының бойына қан жүгіріп, бұл шағынауданда құрылыс жұмыстары қарқын ала бастады.
Шымкент – тарих тұрғысынан алып қарағанда, көне шаһар. Ал бүгінгі заман өлшемімен алғанда республикалық қала мәртебесіне ие болған, енді ғана қадамын алшындап басып келе жатқан жаңа мегаполис. Осы екі құбылыстың бір-бірімен астасып жатуы қалаға ерекше реңк, биік қасиет сыйлайды. Соңғы жылдары салына бастаған, қасбеттері сонадайдан көз тартатын зәулім үйлер, жалпы үй кешендері шаһардың келешегі қандай керемет болатынын айтпай-ақ ұғындырып тұрғандай. Сонымен бірге Шымкент – жастары көп және рухани азаттықта тәрбиеленген сол жас азаматтардың сүйікті қаласы. Жас бар жерде жігер, күш-қайрат бар. Жетістіктің басым бөлігі жастардың қолымен жүзеге асатыны аян. Солар тұрғанда Шымкенттің болашағы жарқын деп нық сеніммен айта аламыз.