БАҚ пен ӘСКЕР ДӘНЕКЕРІ Избранное

Среда, 29 Июнь 2022 04:30 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 352 раз

Өңірде әскери салаға байланысты ақжолтай ақпараттар БАҚ өкілдеріне Исламбек арқылы жетеді. О баста әскери қызметтің баспасөз саласында жүрген жігітті қатардағы журналист деп ойлаушы едік. Сөйтсек, Исламбек әскери журналист мамандығын арнайы оқыған шені бар азамат екен.

110

 

Исламбек Қуанышбекұлы – Шардара қаласының тумасы. Бірақ, отбасылық жағдайға байланысты балалық, есейген шағы Тараз қаласында өткен. Әскери адам болу бала кезгі арманы екен.
—Мектепте оқып жүргенде оқушылармен сап түзеп солдаттарша шеру жасайтынбыз. Арасында айтатын әніміз де болды. Сол кезде менде әскери қызметке деген қызығушылықтың ояна бастағанын сездім. Кейін әскери-патриоттық үйірмелерге қатысып, болашақта әскери адам боламын деп бекіндім. Әскери мамандықты таңдауыма бір шетінен Ұлы Отан соғысы жайлы түсірілген кеңестік кинолардың, осы тақырыпта жазылған әртүрлі кітаптардың да әсері болды. Әсіресе, ұшқыштардың өмірі мен әуедегі шайқастарын суреттейтін кітаптарды сүйіп оқыдым. Мен де солардай ұшақты тізгіндеп, ұшқыш болғанды қаладым. Сол мақсатыма жету үшін бір амалын жасауым керек болды. Қалада «Жастардың авиациялық орталығы» деген әскери-патриоттық клуб бар еді. Соған барып жазылдым. Онда тәжірибелі нұсқаушылар болды. Әсіресе, кеңестік әскери мектептің тәрбиесін көрген подполковник Анатолий Кисиль мен майор Тұрсын Құрманаевты ерекше атап өтер едім. Осы әскери-патриоттық клубта 9-11 сынып аралығында жаттықтым. Аптасына екі рет теориялық білім алып, ұшудан жаттығулар жасайтынбыз. Ал, әр жексенбіде қала сыртына ұшуға баратынбыз. Парапланда көкте самғау мен үшін ұмытылмас әсерге толы. Алғашқы көкке көтерілгенімді әлі ұмытпаймын. Ол клубта жаттыққан алғашқы 3-4 аптадан кейін болды. Барлығымыз да қатарға жаңадан қосылғанбыз. Әуеде қалықтау мен аэродинамика бойынша өткен курстан сынақ тапсырдық. Сол кезде бізге оқу-тәжірибелік «қанатта» самғауға рұқсат берді, - дейді Исламбек.
Қысқы демалыстан кейін 11 сынып оқитын Исламбек әскери оқу орнына түсуге дайындалады. Сөйтіп әскери комиссариатқа барып, Т.Бигельдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына түсу үшін құжаттар жинастырады. Сол сәтте оның ойына басқа да әскери оқу орындары туралы білсем деген идея туындайды. Содан гуманитарлық пәндерге көбірек көңіл бөледі. Мектеп бітіріп ҰБТ-дан жоғары балл жинаған соң, Мәскеудегі жоғары әскери оқу орнына әскери журналист мамандығы бойынша оқуға түседі.
Әскери университет жас сарбазды білім жағынан жан-жақты шыңдайды. Жырақта жүріп туған елдің, Отанның қадірі не екенін ерекше түсінеді. Шет жаққа барғанда өзіңнің Отаның, үйің, отбасың, достарың барына қуанып қаласың, туған елің Қазақстанды бағалауды үйренесің дейді өзі. Университет қабырғасындағы 5 жыл көзді ашып-жұмғанша өте шықты деген ол оқу ордасында өткен әрбір сәт өзінің жеке тұлғалық қасиетінің қалыптасуына кірпіш болып қаланғанын айтты.
–Алғашқы атқарған қызметім Жамбыл облысы Меркі ауданында тәрбиелік және идеологиялық жұмыстар бойынша рота командирінің орынбасары болды. Отыз жасқа дейін бірнеше гарнизонда қызмет істеп үлгердім. Бүгінгі таңда Шымкент гарнизонында баспасөз қызметінің бастығымын. Әскери мамандық табандылықты, жылдамдықты, тиянақтылықты талап етеді. Бұл жұмыста адам уақытпен санаспай еңбек етеді. Әскери сала болған соң кез келген жағдайға дайын болу керек. Сондықтан босаңсуға, бекітілген ереже, тәртіптен ауытқуға болмайды. Мәселен, әскери сала қызметінде жұмыс күн сайын таңғы сағат алтыда басталады. Біздің негізгі міндетіміз — әскери адамдардың, еліміздің қарулы күштерінің абыройын көтеру, халық алдында оң имиджін қалыптастыру. Сонымен бірге әскери бағыттағы түрлі іс-шараларға атсалысуға, ақпараттық қолдау білдіруге БАҚ өкілдерінің қатысуын ұйымдастырамыз, - дейді әскери журналист.
Қазақтың ұлтжанды баласы, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған отбасының ұстыны Исламбек Қалдыбеков жастарды патриот болуға және елін, жерін қорғауға әрдайым дайын тұруға шақырады. Ол үшін бірінші кезекте дене тәрбиесіне, біліммен қоса рухани азықпен қамдану керектігін айтады. Оның ойынша, жастары тәрбиелі әрі батыр қасиетті ұрпақты ешқашан да сырттан келетін жау ала алмайды.