Версия для печати

Түтін шыққан үй жылы Избранное

Понедельник, 04 Июль 2022 04:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1747 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Бақытты отбасы» бағдарламасымен Шымкентке 449 отбасыға лимит бөлінді

 

Елімізде «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінім қабылдау жүріп жатыр. Өтінімдер otbasybank.kz сайтында 20 маусым мен 19 шілде аралығында (қоса алғанда) қабылданады. Ол үшін «Отбасы банкінің» клиенті болу керек және қолыңызда смс-хабарлама келетін телефон болса, жеткілікті. Қосымша құжаттар мен анықтамалар қажет емес. Банк жүйесі мәліметтерді автоматты түрде тексереді.

132

 

Бұл бағдарламаға баспана кезегінде тұрған азаматтар арасынан мына санатқа жататындар қатыса алады: көп балалы отбасылар; крекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелеуші отбасылар; толық емес отбасылар (неке бұзылған сәттен бастап кемі 3 жыл өтуі тиіс).

Өтінім қабылдау мерзімі аяқталған соң қатысушылардың негізгі және қосымша тізімі құралады. Онда ең бастысы әкімдікте баспана кезегіне тұру уақыты ескеріледі. Нәтижесін otbasybank.kz сайтынан көруге болады.

– 2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 5 мыңнан астам отбасыға несие беру жоспарлануда. 51 млрд теңге көлеміндегі қаржы «Отбасы банкіне» аударылды. Осы уақытқа дейін 14 500 отбасы осы бағдарламаның игілігін көріп, баспаналы болды. Олардың арасына ерекше күтімді қажет ететін бала тәрбиелейтін 3 665 отбасы бар, – деді «Отбасы банкі» АҚ басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, «Бақытты отбасы» – елімізде танылып үлгерген бағдарлама. Ол табысы аз, әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататын отбасылардың баспаналы болуына арналған. Оған іріктеу кезінде үміткерлердің табысы ескеріледі. Мысалы, үміткер отбасының табысы әр мүшесіне шаққанда төменгі күнкөріс мөлшерінің 3,1 есе көлемінен аспауы тиіс. 2022 жылы елімізде күнкөріс мөлшері 37 389 теңгеге тең екенін ескерсек, бір адамға шаққанда 115 905 теңгеден аспауы керек. Мысалы, 4 адамнан тұратын отбасының табысы былай есептеледі: 4 х 115 905 теңге = 463 620 теңге.

– 20 маусым күні қабылдау басталғалы бергі бір аптада Қазақстан бойынша «Отбасы банкіне» 18 мыңнан астам өтінім түсті. Мамандарымыздың мәліметінше, күніне орта есеппен 2500-3000 өтінім түсуде. Сайтта қалай тіркеліп, өтінімді қалай беру туралы арнайы видео-нұсқаулық банктің Шымкент қалалық филиалының инстаграмдағы аккаунтында жарияланған, – дейді «Отбасы банкі» АҚ Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Сұлтанов.

 

N Sultanov

 

Банк өкілдерінің айтуынша, «Бақытты отбасы» бағдарламасының шарты биыл да өзгеріссіз қалып отыр.

– Бағдарлама шарты сол бұрынғыдай: несие алушыға 2 пайыздық мөлшерлемемен, 18 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Ол үшін несие рәсімдеуші азамат баспана бағасының кемінде 10 пайызы мөлшеріндей алғашқы жарна құюы керек. Несиенің максималды мөлшері – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында – 15 млн теңгеге дейін, ал басқа қалалар мен өңірлерде – 10 млн теңгеге дейін. Айта кетейік, мысалы, Шымкент қаласынан үміткердің алғалы тұрған баспанасының бағасы 15 млн теңгеден асып кетсе, айырмасын сатып алушы сатушыға өзі төлейді. Ал несие мөлшері рәсімдеушінің табысына қарай, әр азаматқа жеке есептеледі. Ол максималды 15 млн теңге болуы мүмкін, немесе одан аз болуы мүмкін. Несие рәсімдеушінің табысы мен несие тарихын менеджерлер жеке қарайды. Бір ескеретін жәйт, ол азаматтың еңбек және кәсіпкерлік қызметтен түсетін табысы болуы керек, – деді Нұрлан Сұлтанов.

Жоғарыда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспана көп балалы, ерекше бала тәрбиелеуші және толық емес отбасылар секілді әлеуметтік аз қамтылған үш санаттағы азаматтарға берілетінін айта кеттік. Оларға қойылатын талаптар – өтінім берушілер жергілікті әкімдікте баспана кезегінде тіркелген болуы тиіс. Осылайша банк жүйесіндегі тізім жасалғанда үміткердің баспана кезегіне тұрған уақыты ескеріледі. Азамат кезекке неғұрлым ерте тұрған болса, бағдарламаға қатысушылардың негізгі тізіміне енуге мүмкіндігі де соғұрлым көбірек.

– «Бақытты отбасы» бағдарламасына өтінім қабылдау 19 шілде күні аяқталады. Осы уақыт аралығында тапсырылған өтінімдердің барлығы қарастырылып, арасынан іріктеу жүргізіледі. Содан кейін талапқа сай келген азаматтың банк жүйесіндегі телефон нөміріне бағдарламаның негізгі тізіміне енгені туралы смс-хабарлама келеді. Немесе қосымша тізімге енуі мүмкін. Іріктеу нәтижесін сайтымыздағы жеке кабинеттен де көруге болады. Тізімге іліккен азаматтар банк бөлімшесіне келіп, екі ай мерзім ішінде табысын растауы керек. Одан кейін баспананы өзі іздеп, таңдайды. Ол жаңадан салынып жатқан үйлер болуы мүмкін, ол екінші нарықтағы, яғни, жеке азаматтар сататын пәтер немесе жеке үй болуы мүмкін, таңдау өзінде, – деді банк филиалы директорының орынбасары.

Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы өкілдерінің мәліметінше, бірнеше жылдан бері дәл осы «Бақытты отбасы» бағдарламасының игілігін жүздеген шымкенттік отбасы көріп келеді.

– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «Бақытты отбасы» бағыты аясында 2019 жылы сол кездегі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы тұрғын үй кезегінде тұратын 292 отбасы баспанаға қол жеткізді. Нақты айтсақ, олардың арасында 113 көп балалы, 134 толық емес және ерекше бала тәрбиелейтін 45 отбасы болды. 2020 жылы да қаламызда 292 отбасы жеңілдетілген несие рәсімдеп, пәтер алды. Ал 2021 жылы өңірлерге берілген лимит көлеміне сәйкес, Шымкентте аз қамтылған санатқа жататын 589 отбасын несиелік үймен қамтылды. Биыл үшінші мегаполисте «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 449 отбасыға лимит бөлінді, – дейдіШымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.

 

Basqarma

 

Жанат Өмірсейітқызының айтуынша, бағдарламаға қатысушылар Қазақстан Республикасының азаматы болуы және өтініш беруші мен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында ел аумағында меншік құқығындағы үйі болмауы тиіс. Себебі, бұл бағдарлама әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтуға бағытталған.

 

ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ҚАЛАЙ ТІРКЕЛЕМІЗ? 

Тұрғын үй кезегіне тіркелетін және үй кезегін көретін сайт – kezekte.kz. Тұрғын үй басқармасының мамандары аталған мемлекеттік қызметтер 2022 жылдан бастап тек осы портал арқылы жүзеге асырылатынын мәлімдейді. Ол үшін кезекке тұратын әр азаматтың ЭЦҚ болуы қажет. 

«Ал egov.kz вэб-порталындағы жеке кабинеттегі тұрғын үй кезегіне қатысты мәліметтер kezekte.kz сайтымен біріктірілмегендіктен, ақпараттар сәйкес келмеуі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін министрліктерге тиісті хаттар жолданды», дейді басқарма басшысы Жанат Өтебаева.

 

Последнее изменение Понедельник, 04 Июль 2022 07:50
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.