Құқық қорғау саласында жаңа пилоттық жоба басталды Избранное

Понедельник, 04 Июль 2022 04:55 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 857 раз

Шымкентте «Өңірлік қылмыстың криминологиялық болжамы туралы» пилоттық жоба көпшілікке таныстырылды. ҚР Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдары академиясы, құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті және Шымкент қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен өткен жиында жаңа жобаның мән-жайы түсіндірілді. Сонда-ақ, қылмысқа қарсы күрес, қылмыстың алдын алу мәселелері де талқыға түсті.

134

 

Жаңа пилоттық жобаны таныстыру және «Бизнесті қорғау және қолдау» тақырыбында өткен бірлескен форумға қала әкімі Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының прокуратураның, қалалық полиция департаментінің басшылары, бірқатар басқарма өкілдері және кәсіпкерлер қатысып, пікір алмасты.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында адам құқығын қорғау саласын жетілдіріп, қылмыспен күресудің практикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмауға баса назар аударылған болатын.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов қалада қылмыстың алдын алу бойынша тисті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Шымкент қаласында зерделеу жұмыстары көрсеткендей, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар санының өскені байқалады. Қазіргі жағдайда қылмыс жасау тәсілдері де түрленіп кеткен. Осыған байланысты көптеген қылмыстық істер ашылмай қалуда. Осы мәселелерді ҚР Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау академиясы, құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен бірлесіп, ғылыми зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте қылмысқа қарсы күрес идеологиясын өзгертіп, қылмыстың барлық себептеріне қатаң әлеуметтік бақылау орнату керек. Екіншіден, өңірлік қылмысқа қарсы күрестің ғылыми негізделген бағдарламасын әзірлеу қажет, – деді Ғабит Қасымбекұлы.
Қолға алынған пилоттық жобаның мақсаты – дау-жанжалдардың резонансты қылмыстарға айналуына жол бермеу, қылмысты алдын ала болжау. Биыл ҚР Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау органдары академиясы мен құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің бастамасымен Шымкент қаласы аумағында пилоттық жоба жүргізілуде. Криминологиялық болжау нәтижелері бойынша қала әкімдігімен бірлесіп, қылмыстың алдын алу жоспары мен меморандум жасалған.
Шымкент – республикада халық саны бойынша үшінші және аумағы бойынша бірінші қала. Сол себепті пилоттық жобаны осы өңірде іске асыру көзделген. Бүгінде құқық қорғау органдарының алдына қылмысты болжамдау, қылмысқа қарсы күрес әдістемелерін жаңғырту міндеті қойылып отыр.
Жиында ҚР Бас прокуратурасының жанындағы құқық қорғау академиясының бас ғылыми қызметкері
Индира Сейітқасымова пилоттық жобаны кеңірек таныстырып, өңірдегі қылмыстардың орын алу себептеріне тоқталды.
– Пилоттық жоба аясында Шымкент қаласы аумағындағы 2015-2021 жылдар аралығындағы қылмыстың статистикасы талданды. Қылмыстың негізгі себептері өңірлердегі халықтың тұрмыс деңгейінің төмендігіне, жұмыссыздық мәселесі, сауда мен қызмет көрсетудегі кемшіліктерге, халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайларына, халықтың әртүрлі топтарының саяси келіспеушіліктеріне, тәрбие жұмысының кемшіліктеріне байланысты екені анықталды. Пилоттық жоба қылмыстың жай-күйін бағалау, оны болжау, қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жаңа стратегиялық жоспарлар әзірлеу мақсатында қолға алынды, – деді Индира Нұрділдақызы.
Болжау аясында қылмыстың маңызды себептері болып табылатын халықты жұмыспен қамту, еңбек ресурстарының аумақтық құрылымы, жұмыссыздық, халықтың табыс деңгейі, географиялық көші-қон және тағы басқа сияқты әлеуметтік индикаторларға назар аударылады.
Жоба аясында учаскелік инспекторлардың қызметіне талдау жүргізілген. Қазіргі уақытта «Tura zhol» электронды телеграмм-бот құрылып, жұмыс істеуде. Ол құпиялықты сақтай отырып, учаскелік инспекторлардың есептегі және құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтарды геолокациялық кеңістікте бақылауымен бірге тұрақты байланыста болуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, жиында алдағы уақытта бейне-бақылау камераларын құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен келісе отырып, электронды карта бойынша криминогенді жағдайды зерттегеннен кейін орнату ұсынылды.
Заманауи болжау форматы қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық, криминологиялық, қылмыстық-саяси құбылыстардың даму үрдістері мен заңдылықтарын зерттеуге, қалыптасқан криминогенді жағдайға сәйкес келетін тиімді шараларды уақтылы әзірлеу және ұсынуды мақсат етіп отыр.
Бірлескен форумда қала әкімі криминогенді жағдай бойынша алдын ала әрекет етудің маңызды екеніне тоқталып, бұл орайда әр аудан бойынша прокуратура өкілдерімен бірге нақты жұмыстар атқару қажеттігін мәлімдеді. Сонымен қатар, кәсіпкерліктің дамуы еліміз үшін маңызды басым бағыттардың бірі екенін айтты. Шаһарда кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуда жүйелі іс-шаралар атқарылуда. Кәсіпкерлікті қорғау бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр.
Жиында Шымкент қаласының өңірлік әәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Ә.Датқаев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Әзімбердиев, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Базарбеков баяндама жасады. Бірқатар кәсіпкер өздерінің ұсыныстарын, ой-пікірлерін айтты.
Алдағы уақытта пилоттық жоба берген нәтижелерден қала тұрғындары тоқсан сайын хабардар болып отырады.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.