С.Дүйсенбаеваның айтуынша, емхана жанынан құрылған мобильді бригадалар шақырту бойынша науқастарға үй жағдайында медициналық көмек көрсетеді. Бүгінде 43 емханадан 76 мобильді бригада жасақталған, ал 137-сы резервте тұр.
— Шымкент қаласы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, 2022 жылғы 5 ақпаннан бастап «жасыл» аймақта. Бірақ, екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны өсіп отыр. 4-10 шілде мен 11-17 шілде аралығындағы мәліметті салыстырғанда кейінгі аптада тіркелген науқастар саны 3,6 есеге артқан. Жыл басынан 17 шілдеге дейін COVID-19 инфекциясы анықталған 7729 жағдай тіркелді. Оның 4789-ы симптомды, 2940-ы симптомсыз түріне шалдыққан. Науқастардың 23,8 пайызы, яғни 1842-сі 18 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде 565 жағдай 1 жасқа дейін балалар арасында анықталып отыр, – дейді Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев.
Сала мамандары эпидемиологиялық жағдай өршіген тұста қаладағы инфекциялық стационарлар қайтадан жасақталып, медициналық көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
— Ковидтің ықтимал толқынына байланысты 3 түрлі жағдайды қарастырып отырмыз. Қазіргі таңда оптимистік болжамға сәйкес (А жағдай) 803 төсек-орын жасақталды. Егер эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орын санын 1763-ке дейін (В жағдай) арттыру қарастырылған. Сондай-ақ, эпидемиологиялық дағдарыс жағдайында (С жағдай) төсек-орын санын 2 513-ке жеткізуге мүмкіндік бар. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Шымкентте 45 екпе нысаны бар. Әрбір азаматты өзінің ғана емес, отбасының, қоршаған ортасының саулығы үшін ревакцинациядан өтуге шақырамыз, - деді С.Дүйсенбаева.