ЖАҢА ПИЛОТТЫҚ ЖОБА: КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ? Избранное

Среда, 20 Июль 2022 04:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 984 раз

Елімізде құқық қорғау органдарының алдына қылмыстың болашағын болжау, қылмысқа қарсы күрес әдістемелерін жаңғырту міндеті қойылып отыр. Бұл – уақыт талабы. Прокуратура саласының өкілдері қазіргі кезде қылмыс жасау тәсілдері түрленіп кеткенін айтады. Сол себепті бұл бағытта алдын ала әрекет ету, кешенді ғылыми көзқарас, талдау жұмыстарына мән беру қажет. Осы орайда Шымкент қаласында «Өңірлік қылмыстың криминологиялық болжамы» туралы пилоттық жоба жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында адам құқығын қорғау саласын жетілдіріп, қылмыспен күресудің практикалық мәселелеріне назар аудару қажеттігін айтқан болатын.

167

 

БҰРЫН СОТТЫ БОЛҒАНДАР ҚЫЛМЫСЫ ӨСТІ

ҚР Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы, құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті және Шымкент қаласының прокуратурасы бірлесіп пилоттық жобаны қолға алды. Жаңа жобаның мақсаты – дау-жанжалдардың резонансты қылмыстарға айналуына жол бермей, қылмыстың жай-күйін бағалау, оны болжау, қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жаңа стратегиялық жоспарлар әзірлеу. Бұл орайда, қала әкімдігімен де бірлесіп қылмыстың алдын алу жоспары бекітіліп, меморандум түзілген.
Шымкент – республикада халық саны бойынша үшінші және аумағы бойынша бірінші қала. Осы жағдайлар ескеріліп, пилоттық жобаны осы өңірде іске асыру көзделген. Жаңа жоба қылмыстың алдын алудың, қылмысты талдау мен болжаудың, құқық қорғау органдарының қызметін перспективалық жоспарлаудың жаңа стратегиялық тәсілдерін айқындайды.
Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, қалада криминогендік ахуалдың тұрақтылығын сақтау және қылмыстың алдын алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Үшінші мегаполисте жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар 19,4 пайызға, оның ішінде қылмыс - 15,9 пайыз, теріс қылықтар - 42,1 пайызға төмендеген. Дегенмен денсаулыққа ауыр зиян келтіру және тонау - 21,7 пайыз, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар - 95,7 пайызға өскен. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар саны артып отыр.
Пилоттық жоба аясында қала аумағында 2015-2021 жылдар аралығында қылмыстың статистикасы талданды. Осы жылдар кезеңінде қалада қылмыстың барлық түрлерінің пайыздық көрсеткіші төмендесе де, қылмыстың негізгі себептері өңірлердегі халықтың тұрмыс-деңгейінің төмендігі, жұмыссыздық мәселесі, сауда мен қызмет көрсетудегі кемшіліктер, халықтың әр түрлі топтарының саяси келіспеушіліктеріне, тәрбие жұмыстарының кемшіліктеріне байланысты екені анықталған. Ендігі ретте жобада халықты жұмыспен қамту, еңбек ресурстарының аумақтық құрылымы, халықтың табыс деңгейі, географиялық көші-қон және тағы басқа әлеуметтік индикаторларға назар аударылады.
Жалпы заманауи болжау форматы қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық, криминологиялық, қылмыстық-саяси құбылыстардың даму тенденциялары мен заңдылықтарын зерттеуге, қалыптасқан криминогендік жағдайға сәйкес келетін тиімді шараларды уақтылы әзірлеу және ұсынуды талап етіп отыр.

ТҰРМЫС ТҮЗЕЛМЕЙ...

Енді пилоттық жобаның жүргізілу барысындағы талдау нәтижелеріне тоқталайық. ҚР Бас прокуратураның жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының бас ғылыми қызметкері Индира Сейітқасымованың айтуынша, жоба көптеген бағыттарды қамтиды. Ғылыми-талдау жұмыстарына сәйкес, әлі де жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру, қылмысқа қарсы күрес идеологиясын жаңғырту керек.
– Қылмыстық статистика сандық және сапалық деректер негізінде қалыптасқан криминогендік жағдайды айқындайды. Сандық көрсеткіштер – бұл қылмыстың жағдайы, деңгейі және динамикасы. Сапалық көрсеткіштер – бұл қылмыстың құрылымы, сипаты, географиясы және бағасы. Олардың барлығы арнайы формулалар бойынша есептеледі. Қылмыстық статистикада әлеуметтік-экономикалық саланың көрсеткіштерін және қылмыстың себептерін ескеріп, әлеуметтік индикаторларға баса назар аудару қажет, – дейді Индира Нұрділдақызы.

155


Жалпы пилоттық жоба аясындағы криминологиялық болжам қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалардың қылмысты қайта жасауы сияқты проблемалар бар екенін көрсетті. Мұндай жағдайды болдырмау үшін сотталғандарға деген қарым-қатынасты өзгерту, жазаны өтеу барысында жұмысқа орналастыру, олардың құзыреттілігі мен кәсібін көрсете отырып, электрондық есепке алу бойынша жұмыс жүргізуді қажет етеді. Сотталғандарды әлеуметтендіру бойынша жұмыс жеткіліксіз болғандықтан, олардың қылмысты қайта жасау ықтималдығы жоғары. Бұл орайда халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, қылмыстық-атқару жүйесі саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын пилоттық сынақтан өткізу қажеттілігі туындап отыр.
Жобада учаскелік инспекторлардың да қызметіне талдау жүргізілген. Учаскелік инспекторлар әкімшілік іс жүргізу шеңберінде әкімшілік айыппұл салу түріндегі жазаға басымдық беріп, ал учаскелердегі әлеуметтік жағдайды толық зерделемейтіні анықталып отыр. Қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін адамдар туралы электронды мобильді есеп жүргізілмейді. Қазіргі уақытта «Tura zhol» электрондық телеграмм-бот құрылып, жұмыс істеуде. Ол құпиялықты сақтай отырып, учаскелік инспекторлардың есептегі адамдар, құқықбұзушылық жасауға бейімді азаматтармен оларды геолокациялық кеңістікте бақылаумен бірге тұрақты байланыста болуына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қала аумағында «Цифрлық технологиялар паркін» құру ұсынылып отыр. Ол әрбір қала тұрғынын «цифрлық тұлғаға» айналдырады және көптеген бизнес-процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Құқық қорғау органдары саласында жасанды интеллект құру мүмкіндігі де қарастырылуда.

ҒЫЛЫМИ ЗЕРДЕЛЕУ НЕ ДЕЙДІ?

Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, қылмыспен тиімді күресуде бірқатар бағыттарда жұмысты жандандыру қажет.
– Қазіргі жағдайда қылмыс жасау тәсілдері түрленіп кеткен. Соған байланысты көптеген қылмыстық істер ашылмай қалуда. Өкінішке қарай, біз қылмыстық іс тіркелгеннен кейін ғана әрекет етуге көшеміз. Қылмысқа қарсы күрес тәсілдерін жетілдіру уақыт күттірмейді. Осы мәселелерді Құқық қорғау органдары академиясы, құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен бірлесе, ғылыми түрде зерделеп, бірқатар қорытындылар жасадық. Біріншіден, қылмысқа қарсы күрес идеологиясын өзгерту қажет. Яғни, қылмыстың барлық себептеріне қатаң әлеуметтік бақылау орнатуымыз керек. Екіншіден, өңірлік қылмысқа қарсы күрестің ғылыми бағдарламасын әзірлеу қажет. Цифрландыру қозғаушы күшке айналуы тиіс. Үшіншіден, құқық қорғау органдарының жұмысын ғылыми түрде негізделген үйлестіру мен кадр саясатындағы кемшіліктерді шешу бағытында жұмыс жүргізу міндеті тұр, – дейді Ғабит Қасымбекұлы.

156


Жалпы кез келген криминогендік жағдайға дайын болу – уақыт талабы. Шымкент қаласының әкімі бұл орайда тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Шаһар басшысы криминогендік жағдай бойынша алдын ала әрекет етудің маңызды екенін, бұл орайда әр аудан бойынша прокуратура өкілдерімен бірлесе нақты жұмыстар атқару керектігін мәлімдеген болатын.
Қалада 7 мыңнан астам бейнекамералар қоғамдық қауіпсіздікті күзетіп тұр. Алайда технологиялық жұмыс үдерістері барысында әлі де бірқатар кедергілер бар. Интернет алаяқтардың саны артып келеді. Яғни, қабілетті инновациялық шешімдер енгізу, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтылығын және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыстың жаңа үдерістеріне қарсы әрекет ету нақты қажеттілікке айналды. Қала әкімі жаңа пилоттық жоба оң нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірді.
Қорытындылай айтқанда, қылмысқа тиімді қарсы тұру адам өмірінің барлық салаларында бар тенденцияларды, тәуекелдер мен қауіптерді жан-жақты криминологиялық болжау арқылы ғана мүмкін болмақ.

 

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.