ТҮРЛЕНГЕН ТҰРАН Избранное

Пятница, 22 Июль 2022 04:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1054 раз

Шымкенттің аумағы кеңейіп, 2014 жылы қалада жаңа аудан құрылды. Оған жазушы Мархабат Байғұт ағамыздың ұсынысымен Қаратау атауы берілді. Осы уақыт аралығында Қаратауда шағынаудандар, еңселі ғимараттар бой көтеріп, шаһар жаңа бағытта дами бастады. Біз сіздерді Шымкенттегі жас шағынауданның бірі — Тұранның тыныс-тіршілігімен таныстыруды жөн көріп отырмыз.

20

 

20 мың тұрандық тұрғын сапалы жарықпен қамтылмақ

Тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін қай шағынаудан, қай тұрғын алапты алып қарасаңыз да, ең әуелі, ол аймақтың инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарына басымдық берілетіні сөзсіз.
— Тұран шағынауданы аумағы жағынан үлкен. Қаратау ауданы құрылған тұста, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданына қарасты тұрғын алаптардың есебінен Тұранның аумағы біршама ұлғайды. Сол аумақтағы жеке сектор тұрғындары да тұрандықтардың қатарына қосылды. Қаратау ауданы құрылған кезеңде алғашқы көп қабатты үйлердің іргетасы осында қаланып, шағынауданда 192-ші квартал пайда болды. Бүгінге дейін 28 көп қабатты үй бой көтеріп үлгерді. Оның 16-сы 5 қабатты, 12-сі 9 қабатты тұрғын үй. Жаңа көп қабатты үйлердің инфрақұрылымы толық жүргізілгенімен, жеке секторлы аумақтың инфрақұрылымы сын көтермейтін еді. Бүгінде жеке сектордың жол, газ және кәріз жүйесі қолға алынып, тұрғындарға жағдай жасалуда, - деді Қаратау аудандық қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Спандияр Оралов.

17


Мамандардың айтуынша, Тұран шағынауданын сапалы инженерлік-коммуникация жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында кешенді жоспар бекітілген.
— Тұрандықтарды сапалы электр энергиясымен қамту жұмысы 2020 жылдан басталды. Осы мақсатта 3 056, 805 млн теңге қаржы қаралып, 53,94 шақырымға кабель тарту көзделген. Мердігер «AБM-Билдинг» ЖШС-і шағынауданды жарықпен қамту мәселесін жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Кезең-кезеңімен атқарылып отырған жұмыстың нәтижесінде биыл 3058 абонент, яғни 20 мың тұрандық сапалы электр энергиясымен қамтылады. Сонымен қатар, тұрғындарды көгілдір отынмен қамту да басты назарда. Газ құбырын жүргізу жұмыстары жыл басында басталғанымен, құрылыс 2023 жылға өтпелі. Бекітілген жоспарға сәйкес, келер жылдың қыркүйек айында 2554 тұрғын үйге газ құбыры тартылып, табиғи газдың игілігін көретін болады, - деді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары А.Парманов.

Жыл соңына жаңалық көп

Тұрғындардың айтуынша, шағынауданда көп қабатты үйлердің құрылысы қарқын алған кезеңде онда қатынау біршама қиындық туғызған. Алайда, мұндағы жол мәселесі де бүгін шешімін тауып келеді.
— Тұранда жалпы саны 72 көше бар. Оның басым бөлігі ішкі орам көшелері. Ал, 13-і бір бағытының өзі 2-3 жолақты үлкен көшелер болмақ. Әзірге атауы жоқ, №2,6,8 көше шілде айында ел игілігіне берілді. Мұндағы №2 мен №6 көше 6 жолақты, ұзындығы 2,2 шақырым болса, №8 көше 1,2 шақырымды қамтиды. Төрт жолақты №7 көше жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл — шағынаудандағы көп қабатты үйлер мен жеке секторлы аймақты байланыстырып тұрған күретамыр. Сонымен қатар, келешекте №3 және №4 көшелер шағынауданның ең маңызды жолына айналмақ. Себебі, жоспарға сәйкес, бұл параллель көшелер Тұран шағынауданын қалааралық маңызы бар Бәйдібек би даңғылымен байланыстыратын болады, - деді Спандияр Сағындықұлы.
Тұрғындарға жайлы орта қалыптастырумен қатар, қала экологиясының жақсаруына әсер ететін инфрақұрылымның бір саласы — кәріз жүйесі. Әсте, шағынауданға көп қабатты үйлер салынған тұста-ақ кәріз жүйесі іске қосылған. Ал, жеке сектордағы тұрғындар кәріз жүйесінің игілігін биыл жыл соңында көретін болады.

19


— Кәріз жүйесінің құрылысы 2021 жылғы желтоқсан айында бастау алды. Шағынаудандағы магистральды кәріз жүйесінің құрылысына мердігер «ГХ Шымкентгаз» ЖШС-і жауапты. Ал, шағынауданның ішкі орамдық көшелеріндегі кәріз жүйесін жүргізу мердігер «ТАИР» ЖШС-не тапсырылған. Ішкі орамдық кәріз жүйесіне жалпы ұзындығы 50 355 метрді құрайтын құбыр тартылмақ. Құрылысы 2022 жылдың наурызында басталған ішкі орамдық кәріз жүйесін қазан айында аяқтау көзделіп отыр. Ал, желтоқсан айында құрылыс толығымен аяқталған соң жүйе ел игілігіне беріледі. Аудан аумағында кәріз жүйесінің құрылысы ауданның даму жоспарына сәйкес кезең-кезеңімен атқарылуда, - дейді Азамат Бұхарбайұлы.

21

 

«Бүлдіршіндеріміз бақытты»

Бұл үйлерге қоныстанғандардың басым бөлігі жас отбасылар екенін ескерсек, олардың балалары үшін балабақша, мектеп сынды әлеуметтік нысандарға да қажеттілік туындайтыны анық.
— Тұрандық бүлдіршіндер көрші шағынаудандағы мектептерде білім алып жүрді. Өткен оқу жылында Тұран шағынауданында №79 жалпы орта мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Балалар 1200 орындық білім ордасында екі ауысыммен оқып жатыр. Бұл мектеп типтік негізде салынған, ашық спорт алаңшасы бар. Ал, бөбекжайлар мен балабақшалар мемлекеттік жан басына қаржыландыру негізінде жекеменешік нысандардың көмегімен жүзеге асырылып отыр, - дейді С.Оралов.
Жаңа шағынаудандағы қуанышты жаңалық жаңа білім ұясы ғана емес екен. Көп қабатты үйлердің ауласына бүлдіршіндерге арналған ойын және спорт алаңшалары салыныпты. Мәселен, 192 орамдағы 16 көп қабатты үйдің алдына 8 кешен орналасқан. Яғни, әр 2 көп қабатты үйдің баласы өз ауласынан алыстамай, ата-анасының көз алдында ойнайды. Сондай-ақ, игі іс биыл да жалғасын тауып жатыр екен. С.Ораловтың айтуынша, жыл соңына дейін тағы 4 ойын және спорт алаңшасы бар кешен ел игілігіне берілмек.

16


— Тұран күн санап түрленіп келе жатыр. Шағынауданға алғашқылардың бірі болып қоныстандық. Ол кезде жол, қоғамдық көлік сынды мәселелер шешілмеген еді. Қазіргі уақытта мұндай проблемалар шешілген. Әсіресе, балалар үшін ауламызда ойын алаңшаларының ашылып, тренажерлердің орнатылуы қуантып жатыр. Кішкентай бүлдіршіндеріміз көз алдымызда ойнап, жасөспірім ұлдарымыз бұқаралық спортпен айналысып, шынығып жүр. Осындай жайлы ортада өсіп келе жатқан бүлдіршіндеріміз бақытты. Келешекте шағынауданға саябақ, аллея сынды демалыс орындары ашылып, мұнан да көркейе түсер деген сенімдеміз, - дейді көп балалы ана Ұ.Сыпатаева.

P.S.

Шаһардың жас шағынауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Қаланың солтүстік-шығысынан келетін күре жолдың бойында осы Тұранның биік-биік үйлері менмұндалап, шаһардың көркіне көрік қосып тұр. Сапалы, кең жол, жаңа мектеп, тәулік бойы үздіксіз келіп тұрған газ бен жарық бар. Көп қабатты әр екі үйге балалар алаңшасы да салынған. Енді жыл соңына дейін кәріз жүйесі де ел игілігіне берілмек. Ел үшін жайлы орта қалыптастыру деген осы болса керек.