БОЛАШАҚҚА СЕНІМ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛЕ БАСТАДЫ Избранное

Пятница, 29 Июль 2022 05:28 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 971 раз

бұған билік пен бұқара байланысының жақсарғаны да сеп болуда

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңына топтасқан халық Жаңа Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етуде. Жаңа қоғамның ең маңызды құндылықтары заң үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік, ашықтық пен жариялылық екені баршаға аян. Осы құндылықтарды негізге ала отырып жүргізіліп жатқан ауқымды реформалардың алғашқы нәтижелерін халқымыз өз көзімен көріп, сезіне бастағандай. Оң өзгерістердің нақты бір көрінісін өңір әкімдерінің халықпен кездесулерінен байқауға болады.

77

 

Әкім – халықтың қызметшісі. Оның бірінші кезектегі міндеті – тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді шешіп, халықтың жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау. Және атқарып жатқан жұмыстары туралы салық төлеушілердің алдында ашық түрде есеп беру де әкімнің мойнындағы борышы деуге болады.
Әкімдердің халықпен есеп беру кездесуі бұрын да өтуші еді. Бірақ, шындығын айтқанда миллион халқы бар қаланың мың сан шаруасын жылына бір өтетін екі сағаттық кездесуде айтып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, оларға жауап беріп үлгеру іс жүзінде мүмкін емес еді. Яғни, жергілікті биліктің халықпен кері байланысы күні кешеге дейін осалдау болып келді.

Биылдан бастап Президенттің Жарлығына сәйкес, әкімдер ендігі жылда тұрғындармен жыл бойына тұрақты түрде кездесіп отыратын болды. Әкімнің қай күні, қай сағатта қайсы елді мекенге барып тұрғындармен жүздесетіні жөнінде кесте жасалып, оны мәслихат бекітті. Мұнан бөлек әр шағынаудан мен тұрғын алаптардың белсенді тұрғындарынан қоғамдық кеңестер құрылып, әкімдер олармен ай сайын кездесіп келеді. Ал, әр тоқсан сайын өтетін кездесулерде халыққа атқарылып жатқан жұмыстың барысы баяндалып, есебі беріледі.
Мәселен, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жыл басынан бері тұрғын алаптар мен шағын аудандарды аралап, 84 кездесу өткізіпті. Жалпы кездесулерде қала тұрғындарынан 874 сұрақ пен ұсыныс-пікір түсіп, оның 374-і оң шешімін тапқан. Тағы 316 мәселе жыл соңына дейін орындалады деп күтілуде. Ал, 184 мәселе ұзақ мерзімді шешуді қажет ететіндіктен, 2023-2025 жылдардың жоспарына енгізіліпті.
Осы аптада шаһар басшысы Абай және Әл-Фараби аудандарының тұрғындарымен кезекті кездесулерін өткізді. Онда Мұрат Дүйсенбекұлы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап, тұрғындар көтерген мәселелердің шешілуі жайлы сөз қозғады. Тұрғындар да өздері қозғалған мәселенің жедел шешіліп жатқанына ризашылығын білдіріп, кезек күтіп тұрған проблемаларын да алға тартып жатты.
Мәселен, Құрсай шағын ауданының тұрғыны Ербол Сағындықов есімді азамат көктемде өткен кездесуде қала әкіміне өздері тұрып жатқан елді мекенге балалардың ойын алаңшасын орнату жөнінде ұсыныс айтқан екен.

76


–Өткен жолғы кездесуде «Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына балалар ойнайтын әдемі алаңшалар орнатылып жатыр. Жеке секторда өсіп жатқан балалар бұл игіліктен неге құр қалуы керек?» деп мәселе көтерген болатынмын. Сіздің тапсырмаңыздан кейін қысқа мерзімнің ішінде Құрсай елді мекеніне 4 жерге балалардың ойын алаңшалары орнатылды. Балаларымыздың, жалпы, Құрсайдағы халықтың атынан Сізге алғысымды жеткізгім келеді, – деді әкіммен кездесуде сөз алған Е.Сағындықов.
Халықтың өтінішінен кейін жедел шешімін тапқан мәселе бір бұл ғана емес. Мұндай мысалдарды әр шағынаудан, әр тұрғын алаптан табуға болады. Мәселен, қала әкімі жыл басында Әл-Фараби ауданына қарасты №276 орамның тұрғындарымен кездескен болатын. Сол кездесуде тұрғындар «қаланың түбінде тұрып жатсақ та көшемізге асфальт төселмеген, табиғи газ да жоқ, ал, электр қуатын жекеменшіктен алып отырмыз» деп шағымданған еді. Шаһар басшылығы тұрғындардың орынды талаптарын ескеріп, дереу жобалық-сметалық құжаттар әзірлеп, №276 орамдағы 6 көшеге асфальт төселді. Қазір табиғи газ құбырлары мен сапалы электр қуаты да тартылып жатыр. Яғни, 1 жылдың өзінде мұндағы халықтың қаншама мұң-мұқтажы шешіледі.
–Халықпен кездесу барысында ауыз су, табиғи газ, кәріз бен жол мәселелері жиі қозғалады. Сондықтан біз қаладағы шағынаудандар мен тұрғын алаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді өз жұмысымыздың басым бағыты ретінде алып отырмыз. Мәселен, Абай ауданындағы 34 елді мекеннің 10-ында 2020 жылға дейін ауыз су болмаған. Өткен 2 жылдың ішінде магистралды құбыр мен 9 елді мекеннің ішкі желілері жүргізіліп, тұрғындарға ауыз су берілді. Биыл Құрсай елді мекенінде ішкі орамдық ауыз су құбырлары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталса, Абай ауданында ауыз су мәселесі толығымен шешіледі, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар Абай ауданында Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап елді мекендеріндегі құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, сапалы электр қуатымен қамту көрсеткіші де 100 пайызға жетеді. Үш жүз мыңнан астам халқы бар үлкен ауданда ауыз су мен электр қуаты мәселелерінің біржола шешімін табуы – үлкен жетістік.
Ерекше назар аударуға тұрарлық тағы бір дерек, Абай ауданында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуға бөлінген қаржы 5 жыл бұрынғымен салыстырғанда 18 есе көбейген. Сондай-ақ, 2017 жылға қарағанда республика және қала бюджетінен Абай ауданының аумағын сапалы электрмен қамтуға - 6 есе, газдандыруға – 50 есе, ал, абаттандыруға 9,5 есе көп қаржы бөлініп отыр.
Ал, жалпы Шымкент қаласындағы жағдайға тоқтар болсақ, биыл ауыз сумен қамту бағытында 8 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған кезде шаһардағы ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайыздан 99 пайызға дейін жетеді.
Енді Әл-Фараби ауданынында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгімелесек. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің халықпен кездесуі барысында белгілі болғанындай, 2020-2021 жылдары 3 елді мекенге ауыз су жүйелері тартылған. Биыл Текесу тұрғын алабында су құбырлары жүргізілуде. Осылайша, ауданның 200 мыңнан астам халқы толығымен таза ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ, биыл №276 орамға табиғи газ бен сапалы электр қуаты жеткізілсе, Ақтас елді мекені де көгілдір отынмен қамтылмақ. Нәтижесінде жыл соңында аудан аумағы толығымен 100 пайызға табиғи газ және сапалы электр қуатымен қамтылып бітеді.
Сөзіміздің басында жергілікті биліктің халыққа есеп беруі, тұрғындар көтерген мәселелерді дер кезінде шешілуі жайлы айтып едік қой. Қоғамның шынайы ашықтық пен жариялылыққа бой үйретіп, әкімдіктің де соған лайық көпшілікпен есептесе жұмыс істей бастағанына осы орайда тағы бір мысал келтіргіміз келеді.
Ерте көктемде шырайлы Шымқалада апталап толассыз жауын жауғаны жұрттың есінен шыға қойған жоқ шығар. Сол кезде нөсер жауынның суы сай-салаға сыймай көшелердің бойын, аулаларды, жер асты өткелдері мен аялдамаларды су басып қалған болатын. Міне, сол тұста бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Шымкенттегі ирригациялық жүйелердің жағдайы сын көтермейтіні айтылып, өткір проблема көтерілген. Қала әкімдігі бұл мәселені жіті бақылауына алып, бірінші кезекте шешуге кіріскен болатын.
Қош, сонымен нәтижесі қандай дерсіз?! Бір ғана Әл-Фараби ауданында су жиналатын 26 көше анықталып, оған ирригация жүйесін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіпті. Келесі айдан бастап қаланың орталық бөлігіндегі 19 көшенің бойында ирригациялық жүйенің құрылысы басталады. Қалған 7 көше 2023 жылы жылға қалып отыр.
Жергілікті биліктің тұрғындармен кері байланысын нығайта түскен бастаманың бірі – «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Оның аясында азаматтар өз аулаларын абаттандыру бойынша жобаларын ұсынуына болады. Оған интернет арқылы дауыс беріп, ең көп қолдауға ие болған жобалар қаржыландырылады.
Айталық өткен жылы бір ғана Әл-Фараби ауданында осы әдіспен 17 нысанның құрылысы жүргізілсе, биыл 59 аулаға спорт және балалардың ойын алаңшалары орнатылып, абаттандырылып жатыр. Бұл мақсатқа 1 миллиард 600 миллион теңге қаралған. Келесі жылы тағы 39 жоба жүзеге асса, Әл-Фараби ауданындағы барлық көпқабатты үйлердің аулалары 100 пайызға толығымен абаттандырылып бітеді.
Сөз соңында бабаларымыздан қалған «Бақ қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деген тәмсілді тағы бір еске алғымыз келеді. Қазақстанның көркеюі, орнықты дамып, толыққанды құқықтық-демократиялық әрі өркениетті мемлекетке айналуы елдің ішкі ынтымақ-бірлігіне тікелей байланысты. Ал, адамдарды мазалайтын мәселелердің дер кезінде шешіліп отыруы, сол арқылы билік пен бұқараның өзара байланысының нығаюы – елдің ынтымағының артып, халықтың болашаққа деген сенімін қалпына келтіруге септігін тигізе бермек.