ҚАЛАМЫЗ ҚОҚЫСТАН ТАЗА БОЛСЫН ДЕСЕК... Избранное

Среда, 03 Август 2022 05:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 441 раз

Бүгінде қоршаған ортаның тазалығын сақтап, өзіңе де, қоғамға да зиян келтірмеу өзекті мәселеге айналып отыр. Мамандар республикалық маңызы бар қалада бұл түйткілдің түбегейлі шешілмеуінде тұрғындардың үлесі бар екенін алға тартуда. Көше, қоғамдық орындардың тазалығын бір жүйеге келтіргенмен, тұрмыстық қалдыққа арналған орындарға құрылыс заттарынан бастап, жарамсыз жиһаз, автокөлік бөлшектеріне дейін қалдырып кететіндердің қарасы азаймай тұр.

96

 

Камераны сындырып, контейнерді иеленіп алғандар бар

Шымкент қаласында тазалық жұмыстарын ұйымдастыру және қадағалау аумағына қарай әр аудан әкімдігінің құзіретінде. Мәселен, шаһар республикалық маңызы бар қалаға айналған тұста Еңбекші ауданына жаңадан 15 елді мекен мен тұрғын алап қосылып, аумағы біршама кеңейген. Қазіргі таңда ауданда 630 көп қабатты тұрғын үй мен жеке сектордағы 42 мың үй бар.
— Ауданның бұрыннан келе жатқан орталық бөлігіндегі тұрмыстық қалдықтар тасымалына «Арнаулы автокөлік» ЖШС-і жауапты. Базарқақпа, Тұрдабад, Абдулабад, Бадам-1, Бадам-2 тұрғын алаптарының тазалығын «Весалидзе» ЖШС жүргізіп отыр. Айнатас, Жыланбұзған, Тоғыс, Елтай, Маятас аумағында «Нұролжа» ЖШС-нің қадағалауында. Бұл ауылдар Сайрам және Төлеби аудандарынан қосылған. Көп қабатты тұрғын үйлердің санына қарай арнайы қоқыс алаңшалары ұйымдастырылып, тұрғындардың санына қарай контейнер қойылған. Ол тәулігіне бір рет тұрақты түрде тазаланады. Жеке секторларда аптаның бір күні белгіленген. Яғни, сол күні әр үйден 3 қаптан аспайтын көлемде тұрмыстық қалдықтар алынады. Дегенмен, тұрғындар үйін жөндеп, құрылыс қалдықтарын қалдырып кетіп жатыр. Бұл тұрмыстық қалдық тасымалына едәуір зиян келтіріп отыр. Ал, көше, демалыс аймақтары, ішкі орам көшелерінің тазалығын «Build Stroy» ЖШС жүргізіп келеді, - дейді Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Александр Малахов.

98


Мамандар қоғамдық орындар мен көше тазалығы аудан әкімдіктерінің тапсырысымен жүзеге асырылса, тұрғындар тұрмыстық қалдық тасымалы үшін компаниялармен тікелей екіжақты келісімшартқа отырады.
— Қоғамды кереғар пікір дендеп барады. Яғни, көшеден қоқыс көрсе, қаланың «белсенді», «жанашыр» тұрғындары «Әкімдік қайда қарап отыр?» деп байыбына бармай жатып, әлеуметтік желіні шулатқанды жөн көреді. Алайда, қайталап айтатын жағдай, аудан әкімдіктері көше тазалығымен айналысатын мердігер мекемелермен мемлекеттік тапсырыс аясында келісімшартқа тұрады. Ал, тұрмыстық қалдық тасымалы бойынша тұрғындар өздері келісім жасайды. Құрылыс қоқыстары мен ескі жиһаз, бұзылған техника бұл категорияға кірмейді. Сондықтан әрбір тұрғын үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізген соң, құрылыс қалдықтарын шығару үшін өзі келісімге отырған немесе кез келген тасымалдаушы компанияға хабарласып, қоқыс көлеміне қарай ақысын төлеп, қоқыс полигонына шығартуы тиіс. Алайда, тұрғындардың басым бөлігі ауласының тазалығын, қоғамның мүддесін емес, қалтасының қамын ойлап, жасырын түрде тұрмыстық қалдық алаңшасына тасып тастайды. Салдарынан қоқыс алаңшаларының тазалығы сын көтермейтін, кішігірім қоқыс полигонына айналатын сәттер де кездесіп жатыр. Мәселен, айына бір кісіге 200 теңге тариф белгіленген. Өкініштісі, мұның өзін төлеуден қашатындар бар, - дейді аудан әкімінің орынбасары.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде шаһардың әр ауданында экологиялық полиция жұмыс істеп келеді. Мәселен, жыл басынан 22 шілдеге дейін ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 505 бабымен 261 азаматқа хаттама толтырылып, 690 720 теңге айыппұл салынған. Нәтижесінде 227 орын ретке келтіріліп, тазаланған.
— Қоқысты кез келген жерге қалдыратындар мен құрылыс қоқыстарын тастайтындармен күрес үшін демеушілер тауып, Отырар шағынауданындағы қоқыс алаңшасына бейнекамера орнатқан кезіміз де болды. Алғашқы 2-3 кісіге ескерту жасалды. Кейін ол кісі көршілеріне хабарласа керек, 1 айға жуық тәртіп орнап, тазарып қалды. Араға бір ай салып учаскелік полиция хабарласып, тұрғындардың түнгі уақытта камераны сындырып кеткенін айтты. Бірде «Қырғы базар» маңындағы бір дүкеннің иесі қоқыс алаңшасына баруға ерінсе керек, ондағы контейнерді дүкеніне алып кетіпті. Дүкен иесіне мемлекеттік мүлікке зиян келтіргені үшін айыппұл салынды және өзіне тиісті аумаққа контейнер алуды тапсырдық. Яғни, бейнебақылау камераларын орнату проблеманы түбегейлі шешпейтініне көз жеткіздік. Біріншіден, коммерциялық құрылымдар көбіне көшесіне келетін фирмалармен емес, өзге біреулермен келісім жасайды. Салдарынан қоқысты тазалау кестесі екі түрлі болып, әсіресе, коммерциялық ұйымдардың қоқысы шашылып жатады. Ал, тұрғындар құрылыс қалдықтары үшін ақы төлегісі келмейді. Мұның барлығын шешу үшін біз еңбек адамдарын дәріптеп, қоқысты тиісті орнына тастамағандарға салынатын айыппұл көлемін арттыру керек деп түсінемін. Сондай-ақ, әр тұрғын өз ауласына жанашыр болып, көргенін фотоға түсіріп, тиісті мамандарға жолдаса дейміз. Жуырда бір кісі келіп, қоқыс алаңшаларына өз есебінен арнайы нан өнімдерін қалдыруға арналған контейнер қоюға рұқсат сұрады. Қазіргі уақытта заңдылығын қарап жатырмыз, - дейді А.Малахов.

«Қоқысқа жұмсалатын миллиардтар миллионға түсер еді»

Біреулер қоқыс тастау мәдениетін сақтамай, тіптен тәртіпке бағынбай, қоғамға, өзінің келешегіне залалын тигізіп жүргенде шымкенттік Қайрат Нұртілеуов игі істің бастамашысы болып жүр. Ол осыдан 4 ай бұрын ғана «Universal Company LTD» ЖШС-ін құрып, қоқыс қалдықтарын жинап, сұрыптаумен айналысып жүр.
— Өркениетті ел болу үшін мәдениетті қалыптастыру керек. Әр адам қоқысты тастар алдында, өзінің табиғатқа, қоғамға, мемлекетке келтіріп жатқан залалын түйсінуі тиіс. Қазіргі таңда Қазақстанда қоқыс тазалығына бірнеше миллиард теңгенің көлемінде қаржы жұмсалады. Алайда, әр тұрғын қоқысын сұрыптап, оны тиісті орындарға өткізіп, қайта өңдеуге беріп отырса, мемлекеттің шығыны миллиардтан миллионға түсетіні анық. Ал, ол үшін әрбір қазақстандықта жауапкершілік, отанға деген махаббат, мәдениет қалыптасуы тиіс. Екі жоғары білімім бар. Информатика пәнінің мұғалімі, заңгермін. Дегенмен, көпшілік қолға ала бермейтін саланы жандандыруды жөн көрдім, - дейді кейіпкеріміз.
Қайрат Тағайбекұлының айтуынша, қалада сұрыптаумен айналысатын бірнеше кәсіпкер бар. Алайда, олар қоқыстың бір түрін ғана қабылдайды. Бірі – шыны, екіншісі – пластик, үшіншісі – қағаз. Ал, ол осы қалдықтардың барлығын бірге қабылдауды жөн деп тауыпты.
—Бір үйден бірнеше түрлі материалды қоқыс шығуы мүмкін. Үй иесіне қоқысты тапсыру үшін бірнеше нысанды аралау тиімсіз. Егер тұрғын қоқысын сұрыптап әкелсе, белгіленген тарифтерге байланысты қаражатын алып қайтады. Жаңадан ашылғандықтан, қоқысты өзгелерден жоғары тарифпен қабылдап жүрмін. Мәселен, макулатураны өңдейтін цех келісін 55 теңгеге қабылдайды. Ал, мен келісіне 50 теңге төлеймін. Бәсекелестерім оған 30 теңгеден артық бермейді. Пластик бөтелкелердің келісі 100 теңгеден, пенопласт қалдықтарының 1 текше метріне 1500 теңгеден төленеді. Ескеретін жәйт, күйген пенопласт жарамайды. Қазіргі уақытта пенопласт қалдықтары мен полиэтилен қалдықтарына сұраныс өте жоғары. Оларды қайта өңдеп, пенополистирол блоктар өндіріп жатыр. Ол — бөлмеаралық қабырғаларды бөлуге пайдаланылып жүрген заманауи құрылыс материалы. Қыста суық, жазда ыстық өткізбейді. Тиісті температураны сақтайды. Дәл осында пластик және қаңылтыр бөтелкелер де қайта өңдеуге жатады. Мәселен, қаңылтыр бөтелкеде Alu 41 белгісі болса, онда 5 қабат алюминий, 2 қабат полиэтилен бар. Біз тек күйген қыш, бетон қалдықтарын қабылдамаймыз, - дейді Қ.Нұртілеуов.

97


Кеше ғана жұмысын бастаған кәсіпкер бүгінде 11 өндіріс орнымен келісімшарт түзіп, сұрыпталған қоқысты өткізіп жүр. Ол өзінің еңбекқорлығымен кәсібін дөңгелетіп ғана қоймай, қоғамға да пайдасын тигізіп жүр.
— Өткен айда 32 тонна макулатура өткізіппіз. Бұйыртса, жаныма еңбекқор азаматтарды жинап, ары қарай дамытсам деймін. Қазіргі уақытта қоқыс алаңшаларында арнайы пластик бөтелке тастайтын орын қарастырылған. Алайда, тұрғындар қоқысты үйден сұрыптап тастауды әдетке айналдырса, нұр үстіне нұр. Алдағы уақытта аялдамаларда шыны, қаңылтыр және пластик ыдыстарға арналған арнайы заманауи қоқыс жәшіктерін орнатқым келеді. Ол үшін арнайы қоқыс тасымалдайтын көлік қажет. Қазіргі уақытта қаржы қолбайлау болып тұр. Дегенмен, осы мақсатыма жету үшін аянбай еңбек етіп келемін, – дейді Қайрат.
Бүтін бір ұйым атқаратын іске бір өзі білек сыбана кіріскен жерлесіміздің кәсібіне, отанға деген сүйіспеншілігі сүйсінтті. Әр қазақстандық дәл осындай сұрыптау пунктін ашпаса да, қоқыс тастау мәдениетін қалыптастырып, үйіндегі қажетсіз заттарды сұрыптап, оны қаражатқа айналдырып отырса, керемет емес пе?!

 

Қазақстанда «Жасыл экономика» саясаты бойынша 2030 жылға дейін қоқыс өңдеу бойынша 14 пайыздық көрсеткішті 40 пайызға жеткізу көзделген. Ал, сала мамандары Шымкентте 2020 жылы қоқыстың 25 пайызы қайта өңделгенін, мегаполисті абаттандыру мен көркейтудің алдағы бес жылға жоспарына сәйкес, қалдықты қайта өңдеу үлесі 2025 жылға дейін 35 пайызды құрайтынын айтып отыр. Бұл қаланың экологиясын жақсартып, қоршаған ортаны тазалығын сақтауда өте маңызды. Десек те, жауапкершілік пен тәртіпті әр тұрғын өзінен бастамай, істің алға баспасы анық.