ТАУДЫ БИІК ДЕМЕ, ТАЛАПТАНҒАН ШЫҒАДЫ Избранное

Среда, 10 Август 2022 06:15 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 234 раз

Түрлі кәсіпкерлікке баулу бағдарламалары арқылы елдің еңбекке деген ынтасын оятып, талабын қолдау – мемлекет назарындағы басты бағыттардың бірі. Осындай берекеге ұйытқы болар бастамалардың қатарынан «Бастау Бизнес» жобасын бөліп айтуға болады. Халық арасында кеңінен танылып, көп сұранысқа ие болып үлгерген жобаның қаржысын алып, кәсібін дөңгелеткен қатысушылардың алғыстары шексіз. Ал жобада қаралған 1 225 200 теңгенің грантын жеңіп алып, өз кәсібін бастауға талпынып жүрген талапкерлер аз емес.

206

 

Ақмарал Исаева – бес бала тәрбиелеп отырған ана. Көп балалы кәсіпкер ана мемлекеттік бағдарламаның көмегімен тігін ательесін ашты. Он саусағынан өнер тамған ісмер өз мүмкіндігін пайдаланып, «Бастау-бизнес» жобасына қатысып, 1 225 200 теңге грантқа ие болған. Бұл қаражатқа тігін машинасы, үтік секілді қажетті заттарды сатып алған. Қазір Ақмарал Исаева екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
— Көзім нашар көретіндіктен компьютерде отырып жұмыс істей алмаймын. Көзілдірік тағамын. Мен матаны пішіп-кесіп дайындап беремін. Қарамағымда екі тігінші бар, солар тігіп аяқтайды. Қазір тапсырыс саны бірте-бірте артып келеді. 

207


Көп балалы отбасына кәсіппен айналысуға осындай көмек беріп, жағдай жасаған мемлекетімізге рахмет, – дейді грант иегері Ақмарал.

Бағы жанып, «Бастау Бизнестің» шарапатын көрген келесі кәсіпкер – Сабыр Утелов. Темірден түйін түйетін шебер бағдарламаның барлық шарттарын сақтап, талаптарын орындап, 1 225 200 теңгені ұтып алған жоба жеңімпаздарының бірі. Мемлекеттен алған ақшасына темір дәнекерлеу цехын ашып, кәсібін нәсіп етіп отыр.

208


— «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқудан өттім, құжаттарды түгелдеп тапсырдым. Грант ақшасын жеңіп алдым. Кәсіп бастайтын кезде көңілде қобалжу, қорқыныш болғаны рас. Дегенмен әрекетке берекет дегендей, жүре келе жұмыс қалыпқа түсіп, реттеліп кетті. Мемлекеттен алған ақшаға дәнекерлеу аппараттарын, жұмысқа қажетті құралдарды, материалдарды сатып алдым. Оқу оқыдық, жұмыс істедік, енді соның жемісін көріп жатырмыз. Қолдау жасап, көмектескен бағдарламаға разымыз, – дейді көп балалы кәсіпкер әке.
24 жастағы Дәуіржан Жолдас та ерекше жобаны жүзеге асыруда. Ол биылғы сәуір айында 29 жасқа дейінгі жастар санатымен мемлекеттік гранттың бірінші легіне қатысып, арнайы комиссияның алдында бизнес жоспарын сәтті қорғап, нәтижесінде көлемі 400 АЕК грантқа ие болған. Тиісті қаражатқа ультракүлгін сәулесі орнатылған екі жиынтық құрал және фототерапиялық сәулелендіргіш сатып алған. Қазіргі таңда жас маман аталған аппараттармен сарыауруға шалдыққан сәбилерді емдеп жүр. Дәуіржанның мамандығы – фельдшер.

209


– Шымкент көпсалалы колледжінің түлегімін. Бұл құрылғыны балалары сары ауруға шалдыққан ата-аналарға жалға беремін. Яғни, өзім барып, аппаратты оны қосып, қалай қолдану керектігін үйретемін. Қолдану уақыты – бес-алты күн. Жалпы, сары ауруды ультракүлгін сәулесімен емдеу медицинада дәлелденген. Тағы да айта кететін жәйт, бұндай жоба Шымкентте енді қолға алынып келе жатыр. Ерекше жоба деуге болады, - дейді Дәуіржан Жолдас.
Кәсіпкерлік негіздерін оқытуға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасының мақсаты — жұмыссыз қалған жандарды кәсіпкерлікке баулу арқылы көмектесу, өзін жұмыспен қамтып жүрген тұлғаларды кәсіпкерлікке тарту, сол арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру. Бұл жоба Шымкент қаласында өз тиімділігін жыл өткен сайын көрсетіп келе жатыр. Кәсіпкерлік негіздерін үйреніп өз ісін бастауға бел буған жандарға «Бастау Бизнес» бағдарламасының берері мол. Биыл Шымкент қаласы бойынша бағдарлама аясында 1 150 қайтарымсыз мемлекеттік грант беру қарастырылған.

Дайындаған: Болатбек ӘБДІОРАЗ

Өтінімді қайда береді?

8 тамыздан бастап 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберіндегі 400 АЕК көлеміндегі (1 225 200 тг дейін) қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталды.
Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦП) арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.
Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Өтінім беру үшін қажет:
- Порталда тіркелу;
- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады.

Мемлекеттік грант алуға кімдер үміткер бола алады?

- тіркелген жұмыссыздар;
- 29 жасқа толмаған,3 жылдан кем дара кәсіпкер ретінде тіркелген немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер;
Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:
еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар;
қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;
өңіраралық қоныс аударушылар;
атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар;
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар;
-жастар (29 жасқа дейін).
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Қаражатқа не алуға болады?

Грант қаражатын қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешімі негізінде береді. Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады.
Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.
Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі халықты жұмыспен қамту орталықтарына бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.