АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ – ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА Избранное

Среда, 10 Август 2022 06:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 232 раз

Елімізде мониторинг жүргізетін партиялық 216 арнайы топ құрылды

Өткен аптадан бастап еліміздің барлық облыс және аудандарында 216 партиялық мониторинг және қадағалау тобы жұмысқа кірісті. Олар сауда нысандарын тексеріп, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына мониторинг жүргізуде.

215

 

– 14 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында тауарлар бағасын тұрақтандыру және азаматтардың табысын арттыру бойынша нақты міндеттерді белгіледі. Дегенмен, мемлекеттік органдар қабылдаған іс-шаралар бағаның өсуін тежеуге толық көлемде ықпал етпейді. Бағаны жөн-жосықсыз көтеретін сатушылар тексеру уақытын алдын ала біліп отырады және олар мемлекеттік органдар тексерушілерінің түрін таниды, - деді AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, маусым айында жылдық инфляция 14,5 пайызды құрады. Бір жыл ішінде ең көп қымбаттаған – азық-түлік тауарлары (17,9%). Азық-түлік емес тауарлардың бағасы 11,1 пайызға, ақылы қызметтердің бағасы 8,9 пайызға өскен.
– Қоғамдық саясат институтының әлеуметтік зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың 80 пайыздан астамы бағаның өсуіне алаңдайды. Бұл мәселе әсіресе, әлеуметтік осал топтар үшін өте өзекті. Біз осы жағдайды партияның барлық өңірдегі қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түскен өтініштердің артуынан байқап отырмыз. Мәселен, жыл басынан бері әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен жүгінгендердің үлесі 30 пайызға өсті. Осыған байланысты біз жергілікті жердегі нақты жағдайды анықтау үшін азық-түлік пен тауарлар бағасына мониторинг жүргізетін 216 арнайы топ құрдық. Қазірдің өзінде дүкен сөрелеріндегі бағалар мен мемлекеттік органдардың есептері бір-біріне сәйкес келмейді деуге болады, – деп атап өтті Асхат Оралов.
Мониторинг тобына партиялықтармен бірге қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бизнесмендер, журналистер мен тәуелсіз сарапшылар кірді. Жұмыс нәтижелері Парламент Мәжілісінде және Үкіметте қаралатын болады.
Осы мақсатта AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы жанынан құрылған арнайы топ қаладағы базарлар мен ірі сауда орталықтарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақты бақылауға алды.
Алдымен мониторингтік топ Қырғы базар және Magnum сауда орталығында болды. AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы жанынан құрылған арнайы топтың құрамында партияның Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы
Жанар Бектаева, Атқарушы хатшының орынбасарлары Бекайдар Төлегенов, Мұрат Қалмұратов, қалалық мәслихаттың депутаттары Жадыра Таңатарова, Төреайым Сұлтанова, қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының азық-түлікпен қамту бөлімінің басшысы Қ.Базарбеков, журналистер және қоғам белсенділері бар.
Жоғырада аталған базар мен сауда орнында топ мүшелері әлеуметтік азық-түлік бағасы жауапты басқарма белгілеп берген бағадан аспағанымен тауар тапшылығы байқалатын атап өтті. Мәселен, Magnum сауда орталығында әлеуметтік маңызы бар саналатын азық-түлікті бірден байқау қиын. Себебі сөрелердің ең төменгі қатарында не болмаса шеткері жайғасқан. Бағасы 2230 теңгеге бекітілген сиыр еті аз мөлшерде сатылуда. Қанттың келісі 480 теңгеге және бір сатып алушыға екі келіден артық сатылмайды. Осы және өзге де мәселелер бойынша мониторинг топ сауда орнының басшылығына ескерту жасады. Қырғы базардағы жағдай сәл басқа. Базардағы көкөніс пен жеміс сататын кәсіпкерлердің айтуынша, тауар бағасы алыпсатарларға да тікелей байланысты. Саудагерлер күнделікті жеткізілетін көкөністің құны күн сайын өзгеретінін жеткізді.
Кезекті бақылау Alash базары мен Жиделібайсын көшесінде орналасқан Magnum сауда үйінде жалғасты. Мониторинг топтың құрамына AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысының орынбасары, фракция жетекшісі Б.Төлегенов, қалалық мәслихаттың депутаттары Ж.Таңатарова, Т.Сұлтанова, А.Елшиева, Н.Бұхарбаев, Т.Балтабаев, С.Қуандық және ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының өкілдері кірген.
Шымкенттегі Alash базары көтерме сауда жасау үшін ең тиімді орын. Мұндағы азық-түлік қоймаларында тауар да жеткілікті әрі салыстырмалы түрде өзге базарлардан бағасы жағынан төмен екенін аңғаруға болады. Magnum сауда орталығында әлеуметтік маңызы бар саналатын азық-түлік тауарлары орналасқан сөренің маңдайшасына арнайы жазуы көрсетілген. Мұнда ұнның келісі – 230 теңгеден, қант – 480, тұз – 51, картоп – 198, сәбіз – 181 теңгеден саудалануда. Бір бөлке нанның бағасы 80 теңге болса, 0,875 грамм сұйық май – 725 теңге, ал отыз дана жұмыртқа – 1110 теңгеге саудалануда. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының азық-түлікпен қамту бөлімінің басшысы Қ.Базарбеков қала тұрғындары сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры жетпегенде не бағасы дұрыс көрсетілмеген жағдайда арнайы сенім телефоны арқылы (24-75-41) хабарлауға болатынын айтты.
Жібек жолы көшесінің бойындағы GRAMAD сауда орталығында азық-түлік бағасы өзге дүкендер мен базарларға қарағанда арзан, дегенді алға тартты Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, мониторинг мүшесі Альбина Елшиева.
– AMANAT партиясы Еңбекші аудандық филиалы жанынан құрылған аудан бойынша жұмысшы топ мүшелерімен бірге азық-түлік бағаларына сараптама жүргіздік. Жібек жолы көшесінің бойындағы GRAMAD сауда орталығында өзге дүкендер мен базарларға қарағанда арзан. Әлеуметтік қатарлары халыққа қажетті өнімдермен толық қамтылған.
Алдағы уақытта сауда орындары мен базарлардағы тауарлардың бағасына мониторинг және талдау жұмыстары тұрақты жүргізілетін болады. Сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын негізсіз көтерген кәсіпкерлерге заң шеңберінде шара көріледі.
Жалпы азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына Шымкент қаласында жыл басынан бюджеттен 2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді, – деді А.Елшиева.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.