30 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛЕДІ Избранное

Пятница, 19 Август 2022 04:20 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 733 раз

Қала орталығының басым бөлігін Әл-Фараби ауданы құрайды. Бүгінде аудан аумағын инфрақұрылыммен қамту көрсеткіші 99,7% құрап отыр. Қазір халық санының өсуіне байланысты шағынаудандардың жаңақұрылыс аймағында ауыз су, электр қуаты, табиғи газ және жол құрылысы қарқын алған. Бұл туралы аудан әкімі Рашид Мыңбаев баспасөз брифингінде айтты.

368

 

Жуырда Сәуле шағынауданындағы «Жаңабазар» көшесінде су жүйелері салынып, ел игілігіне берілді. Нәтижесінде 40-тан астам үй сапалы ауыз суға қол жеткізді. Қазір Текесу тұрғын алабына су тарту жұмыстары атқарылып жатыр. Құрылысты «Жаңару» ЖШС жүргізуде. Мердігер мекеме жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Осы шағынаудандағы 276 орамға сапалы электр желісін жүргізу үшін «Ақсемсер стройсервис» мердігер мекемесі құрылысты жүргізіп жатыр. Қазір жалпы жұмыстың 95%-ы атқарылған. Желі тарту жұмысы қыркүйек айына дейін аяқталады. Нысан қолданысқа берілсе, шағынаудан толық сапалы электрмен қамтылады.
Сонымен қатар, Ақтас-2 мен 276 орам тұрғындары бүгінде қатты отынды пайдаланып отыр. Көгілдір отынмен қамту мақсатында Ақтас-2 шағынауданында газ құбырын тарту жұмысы жүргізілуде. Р.Мыңбаевтың сөзінше, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып, шағынаудан 100% табиғи газбен қамтылатын болады. Ал, 276 орамға газ жеткізу мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп жатыр.
– Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 87% құрайды. Биыл Шолохов көшесінде кәріз жүйесінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Хлопзавод көшесіне кәріз тарту үшін жуырда құрылыс басталды. Қазан айына дейін қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, ауданда ұзындығы 299,1 шақырымды құрайтын 404 көше бар. Жолдардың 88 % асфальт, 12 % тас жол. Жыл соңына дейін 30 көшеге асфальт төселеді,-деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 28 балалар ойын алаңшасы орнатылды. Жыл соңына дейін жоба шеңберінде тағы 22 балалар ойын алаңшасы қойылады. Одан бөлек, 9 спорт алаңшасы салынып, 9 спорт алаң ағымдағы жөндеуден өтеді.