Имам ағзам Әбу Ханифа

Пятница, 18 Сентябрь 2015 07:52 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 5537 раз

Исламның алғашқы дәуірінде мұсылмандар арасында діни қайшылықтар туындамады. Өйткені хазірет Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз қасиетті Құран арқылы және өзінің даналығымен мәселенің шешімін айтып, дер кезінде алауыздықтың алдын алып отырған.

Бұл туралы Алла Тағала мұсылман үмбетін: (Ниса) сүресі 59-аят «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы ұлықтарыңа бойұсыныңдар. Егер өзара бір нәрсеге келісе алмасаңдар, оның жайын Алладан, пайғамбардан сұраңдар. Аллаға, қиямет күніне сенетіндерің рас болса, бұл сендер үшін қайырлы, әрі тиімді», – деп ескертеді. Шариғаттың негізгі мәселелері Құран мен хадисте қамтылған. Сондықтан пайғамбарымыз хазірет Мұхаммед (с.ғ.с) ислам қауымына:
«Мен сендерге екі нәрсені қалдырып барамын. Егер оларды бекем ұстап, амал етсеңдер, ешқашан адаспайсыңдар. Олар – Алланың кітабы (Құран кәрім) және Алла Елшісінің сүннеті», – деген.
Мұсылмандардың саны көбейе түсті, кейбір мәселелерде бой көрсете бастады. Мінеки осындай кезде сахабалар Құран мен сүннет негізінде, өз білімдеріне сүйене отырып, туындаған мәселелерді шешіп отырған.
Уақыт өте фиқһ саласы бойынша Құран аяттарын дұрыс талдау және хадистерді зерттеу арқылы шариғатты дамытып, жалған мектептерге қарсы күресуші, олардың қателіктерін паш етуші имам Ағзам Әбу Ханифа (699-767), имам Малик (717-795), имам Шафиғи (767-820), Ахмад ибн Хамбал (780-855) секілді ислам ғұламаларының мазһабтары дүниеге келді.
Бұлар ислам әлемінде ресми мазһаб саналып, 1300 жылдан бері өз ұстанымдары бойынша амалдарын жүргізуде. Ол мазһаб иелерінің әрқайсысы білгір ғалымдар еді. Солардың біріне мойынсұну арқылы, осы заманға дейінгі әртүрлі қайшылықтардың жолы кесіліп, алды алынып келеді. Сондықтан бұл төрт мазһабтың бірін ұстану қазіргі заман талабы да. Өйткені олар Құран мен сүннет жолына лайық болғандықтан, «әһлус-суннә уәл-жамаға», яғни хазірет Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың сүннет жолын ұстанып, көпшіліктен бөлінбей, бірлік-ынтымақты жақтаушы қауым мазһабтары атанды.
Мазһабтардағы айырмашылықтар тек «абзал» және «дұрыс» деген сөзде ғана. Яғни біз өз мазһабымыздың абзал санаймыз да, ал қалған үш мазһабты дұрыс деп білеміз. Алайда біздің мазхаб дұрыс, қалған үш мазһаб бұрыс деу адасушылық болып есептеледі.
Соның ішінде біздің Ханифа мазһабымыз тұла бойы адамгершілік пен бүкіл адамзатқа ортақ асыл құндылықтарға бай. Бұл күндері әлем халқының төрттен бірі мұсылман болса, солардың 48 пайызы осы масһабта.
Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне 7 ғасырдан аса уақыт өтті. Содан бері халқымыз атақты ислам ғұламасы Нұғман ибн Сәбит (р.а.)  (699-767) негізін қалаған Ханифа мазһабын ұстанып келеді.
Бұл мазһабтың құрушысы Имам Ағзам Әбу Ханифа ән-Нұғман ибн Сәбит  (р.а.)  һижраның 80 (699) жылында Ирактың Куфа қаласында өмірге келген.
Азан шақырып қойылған аты ән-Нұғман болғанымен, халық оны Әбу Ханифа немесе Имам Ағзам деп атайтын. Өйткені ислам әдебі бойынша үлкен ғалым адамдардың аттары аталмайды. Олар хазірет, ұстаз  сияқты құрметті сөздермен тілге алынады.
Бұл ұлы фиқһ ғұламасының таза да айдын өмірі баршаға белгілі болған. Көптеген адамдар оның білімін айтып, мақтауда. Солардың бірі әрі замандасы болған Жағфар ибн Рабиға: «Бес жыл бойы Әбу Ханифаның жанында болдым, ол секілді өте ұзақ уақыт бойы үндемей отырған адамды көрген емеспін.Фиқһтан бір мәселе жайында сұрағанда, ашылып, сарқыраған өзендей ілімін төгетін. Оның айтқандары  баршаға әсер ететін еді» дейді. (Хатиб Бағдади, Тарих Бағдад 8-т., 340-б.).
Әбу Ханифа өмірінде төрт сахабамен кездескен. Олар: Әннас ибн Малик, Абдуллаһ ибн Әбу Афуа, Сәһл ибн Сағыд және Әбу Туфайл. Сахабаны көрген адам табиғин деп аталады. Олай болса табиғин болу үшін сахабамен тек қана кездесу емес сонымен бірге олардан білім алу керек деген көзқарас та бар.
Әбу Ханифа ұстазы Хаммадтың (р.а.) қолында жүйелі түрде 18 жыл оқыған. Ұстазы дүниеден өткенге дейін, одан ажырамаған. Өйткені ол ұстазын жақсы көріп, оның асыл қасиеттерін, даналығын, парасаттылығын, тақуалығын, әсіресе кеңпейілділігі мен жомарттығын өзіне үлгі тұтқан.
Әбу Ханифа жүзі жарқын, сақалы жарасымды, жақсы киінетін,  басына қара түсті «қалансуасын» киетін. Жағымды иіс себетін, сапалы киімдерін киетін. Өте ақ көңіл, аз сөйлейтін, аз күлетін, көп ойлайтын, өте ақылды, сөйлескенде орта жолды ұстанатын, өзіне сұрақ қойылғанша сөйлемейтін, әрбір істі ойланып істейтін, біреулермен пікір таласқанда өзіне қатты сөздер айтылғанда сабыр сақтайтын парасатты ғалым болған.
Әбу Ханифа мұсылман отбасында дүниеге келіп, тәрбие алған. Кішкентай кезінен Құран жаттап, Құранды ең көп оқығандардың бірі саналған. Ораза айында құранды  60 мәрте бітіргендігі риуаят етілген. Бұл асыра сілтеушілік секілді көрінгенімен, оның Құранды көп оқығандығын білдіреді. Түрлі риуаятшылардың айтуы бойынша, қырағат ілімін яғни Құран оқылу түрлерінің ұстаздары болған Асымнан сабақ алған. Қырық жыл бойы құфтан намазының дәретімен таң намазын оқыған.
Мысалы, имам Ағзам Әбу Ханифа жалпы саны 40 мыңға жуық шәкірт тәрбиелеген. Ол шәкірттерімен барлық мәселелерді бірге талдап, даулы мәселелерді тиянақты шешумен көпшіліктің көңілінен шығып отырған. Осы себепті сол кезеңде хадис, усул-и хадис, нақд-и мәтін сияқты ілім салалары пайда болып, тұңғыш рет тәфсир мен фиқх кітаптары да жазылған.
Имам Ағзам түні бойы ғибадат етіп, күндіз ораза тұтатын, тілін жалған сөзден сақтап, тәнін пәк ұстайтын, жағымсыз іс-әрекеттер мен ойын-сауықтардан аулақ  жүретін, Алла Тағаланың разылығын табуды өзіне парыз санайтын. Имам Ағзамның имандылығы мен тақуалығы, білімділігі мен парасаттылығы туралы Имам Шафиғи (р.а.): «Адамдар фиқх ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғалым болмағаны, және фиқх ғалымы болмағаны», – дейді.
Әбу Ханифа (р.а.) – адамзатқа мейірімі мол ғұлама. Оның ұлағаттылығы ілімде ғана емес, қоғамға тән істерде де өз орнын тапқан. Құран мен сүннет ілімінің тереңінен сусындағандықтан жемісті пәтуалары мол. Имам Ағзам пәтуаларын дәлел ретінде жеткізушілер тізбегі үзілмеген хадистерді іріктеп алатын. Имам Ағзам заманында ғұламалар – «әһлі хадистер» және «әһлі райлар» болып екі мектепке бөлінген болатын. Олардың арасындағы пікір таластар тек ақиқатқа жету ғана еді. Сондықтан да бұл екі мектеп өкілдерінің арасында ешқандай да реніш тумаған. Басты мақсаты тек қана ислам ақиқатын жетік әрі дәлдікпен тура баяндау болғандықтан кез келген тартыс, пікірталастары өз ара құрмет пен әділдік шегінен шықпайтын еді.
Шындығында,  Имам ағзам Құран Кәрім және Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүннетінен, сонымен қатар сахабалар сөзінен таба алмаған мәселелерді өз ілімі мен ақылына сүйеніп шешуге толық құқылы мұжтаһид ғұлама еді.
 Әбу Ханифа ешбір өлшемді Құран мен сүннеттен жоғары қоймаған.
Бұған мысал ретінде мына бір оқиғаны айта кетейік. Мұхаммед Бакир алғашқы рет Әбу Ханифамен жолыққанда оған:.
– Сен адам Алла елшісінің (с.ғ.с) дінін және хадистерін қияспен ауыстырады екенсің? – деген. Сонда Әбу Ханифа:
– Алла сақтасын, бұл мүмкін емес, – дейді.
– Мүмкін өзгерткен шығарсың?
– Сіз өзіңізге лайық мына жоғары орынға жайғасыңыз. Сізді сыйлаймын, құрметтеймін. Өйткені атаңыздың құрметіне біз де сізді сыйлауға тиістіміз.
Осыдан кейін Мұхаммед Бакир төрге барып отырды. Әбу Ханифа оның алдына тізе бүгіп, екеу ара былайша әңгіме өрбітті.
Әбу Ханифа:
– Сізге қояр үш сұрағым бар. Соларға жауап беріңіз, - деп сөзін бастады.
Біріншіден:
– Әйел әлсіз бе, әлде еркек пе?
– Әйел.
– Әйелдің атадан қалған мұрадан үлесі қанша?
– Ер кісі екі пай алса, әйел бір пай алады.
– Бұл атаңыз Пайғамбардың (с.ғ.с) сөзі емес пе? Егер мен осы дінді бұзған болсам, қияспен ер кісінің пайын бір,  ал әйел кісінің пайын екі қылатын едім. Өйткені: әйел заты әлсіз, табыс табатын жолдары аз, ал ер кісінің күш қуаты бар, жұмыс істеп, мол табыс таба алады. Бірақ мен қиянат жасамаймын.
Екіншіден :
– Ең абзал намаз ба, жоқ әлде ораза ма?
– Ең абзалы – намаз.
Атаңыздың айтқаны осындай. Егер мен оның дінін бұзған болсам әйел хайыздан тазарғаннан кейін, намазының қазасын өте деп айтар едім. Оразасының қазасын өтеттірмес едім.
– Ендеше, мен осылайша қияспен бір өзгеріс енгіздім бе?
Үшіншіден:
– Зәр лас па, әлде ұрық па?
– Зәр лас.
Егер мен атаңыздың дінін өзгерткен болсам, қияспен зәрге жуынуды, ұрыққа дәрет алуды бұйырар едім. Бірақ мен хадиске теріс көзқарас қолданып, қияспен Алла елшісінің (с.ғ.с) дінін өзгертуден аулақпын. Мұндай өзгертуден бізді Алла сақтасын, – деді.
Осы әңгімеден кейін Мұхаммед Бакир орнынан тұрып, Әбу Ханифаны құшақтап, маңдайынан сүйді.
Олай болса, халқымыздың діни бірлігі мен рухани ынтымағын сақтап күшейту үшін Әбу Ханифа мазһабын бүкіл ел болып тұтуымыз қажет-ау.
Алла Тағала ғибадаты мен ғибраты мол, жомарт, жұмсақ мінезді, тақуалығы терең ұлы имамымыз Әбу Ханифаны рақымына бөлесін. Дүниежүзі мұсылмандарының ынтымағы мен бірлігі нығайып, дау мен алауыздық жойылсын. Әлемде тыныштық пен сыйластық орнықсын. Әмин!

Тәңірберген ЕРГЕШОВ,
«Әл-Муслим» мешітінің бас имамы 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.