Мәуліт айы мүбәрак болсын!

Пятница, 22 Январь 2016 08:46 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 6821 раз

Алла Тағала Құран Кәрімде «Ей, адамдар! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар – Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128 аят), – деген. Сүреде айтылғандай, сүйікті Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.а.с) дүниеге келген Мәуліт айы мұсылман күнтізбесіне сәйкес биылғы 2015 жылдың 12 желтоқсанынан басталып отыр.

039226423432c186058c77c6b57359c5

Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туылған күн» деген мағына береді. Бұл атау Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі, Алла Тағала елшілернің соңғысы, әрі сардары Мұхаммедтің (с.а.с) дүниеге келуінінің құрметіне бұл айға осы атау берілген.

Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.с) өз ата-анамызды танып, құрметтегендей сүю ләзім. Өйткені, хадис шарифте: «Сіздердің ешқайсыларыңыз мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иман келтіре алмайсыздар» – деген.
Мұхаммед Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туылған жері дініміз үшін ең қасиетті  де құрметті адамзаттың тұңғыш атасы Адам (ғ.с.) мен Хауа анамыз жер бетіне түскен соң ұзақ жылдардан кейін сағыныса жолығып, мекендеген, Аллаһ тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі Әмина. Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз, өйткені, әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған, анасынан да пайғамбарымыз 6 жасында айырылған. Мұхаммед (с.а.с) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша, 571 жыл кейін, 20 сәуірде, һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген.

Ана құрсағында 6 айлық болғанда: «Соңғы пайғамбарға жүкті болдың, бұл бала туылғанда есімі Мұхаммед болсын», – деп Әминаға аян етіледі.

Ол дүниеге келген таңда ғажап оқиғалар болды. Дүние нұрға толды. Әмина туғанда әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеді. Пайғамбарымыз туылғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрды. Келінінің нұрлы пір перзент көргендігін естіп атасы Әбдүлмүттәліп үлкен той жасады. Құрайыш руының ұлықтарын шақырды. Сүйікті немереңе қандай ат қойдың дегенде 
«Мұхаммед» деп ат қойдым» – дейді. «Ата-бабаларымыздың арасында мұндай есімді адам болмаған, бұл атты қоюдағы мақсатың не?» – деп сұрағанда, Әбдүлмүтәліп: «Мен немеремді аспанда Хақ Тағала, жерде халық көп мақтайды деп үміттенемін» – деп жауап береді.
Мұхаммед сөзінің түбірі мақтау, ризашылық дегенді білдіреді. Осы сөзден мақтау, мадақ, Аллаға шүкір, мақтаулы, ең мақтаулы деген сөздер туындайды.

Мұхаммед қыр мұрынды, сақалы үлкен және қалың, дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, жүзінен нұр тамып тұратын адам екен. Екі жауырының ортасында пайғамбарлық мөрі бар еді. Мүбарак тістері аппақ болып жарқырап, сөйлегенде аузынан нұры шашылып тұратын. Денесі тап-таза, хош иісті еді. Біреуге қол беріп амандасса, ол кісі күні бойы сол иіске бөленіп, көңілі хош жүретін. Мүбарак қолымен бір сәбидің басын сипаса, ол сәби басқа сәбилерден хош иісімен ерекшеленіп шыға келетін. Пайғамбарымыз өте сезімтал, алыстағыны еститін, көреген еді.

Бос сөз сөлемейтін, әрбір сөзі хикмет және насихат еді. Жылы жүзді, тәтті сөзді болатын. Ешкімге жаман сөлемейтін, ешкімге жамандық жасамайтын, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Жұмасақ мінезді, өте кішіпейіл еді. Айбатты және байсалды еді. Қатты күлмей, тек жымиятын. Жұртқа көзінің қиығымен ғана қарайтын. Сахабаларды алдына жіберіп, өзі соңында жүретін. Кім-кімге де бірінші болып сәлем беретін.
Туған-туыстарын құрмет тұтатын, үй ішімен, сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын. Қызметшілерін жақсы көретін, өзі не ішсе, не кисе, оларға да соны ішкізіп, соны кигізетін. Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді, уәдесіне берік еді. Қорыта айтқанда, жаратылысы да, мінезі де  әдемі, адамдардың ең кәмілі, теңдессіз еді.

Мұсылман жұртында жыл сайын ай күнтізбесі бойынша 12 рабиул – әууалда Мұхамед (с.а.с) пайғамбардың туылған күні ресми түрде тойланады. Енді бұл дәстүр қайдан шыққан деген мәселеге келейік.

Мысырда пайғамбарымыздың мәуліті жазылып, көпшілікке оқылуы әдетке айнала бастаған кезді, тарихшылар Мысырдағы фатимидтер билеп тұрған тұс дейді. Сол кезеңде мәуліт ресми мейрам етілді, алайда халық арасына бірден кең көлемде таралмады. Сунниттік бұлақтар бойынша мәулітті мейрам етіп ұйымдастырған Мұзаффар ад-Дин әл-Айуюби болды. Оның қолдауымен мәуліт алғаш рет  жалпылама жоғары Месопатамиядағы Ирбил қаласында аталып өтті. Бұл мейрам 16-17 ғасырларда Осман империясының мейрамы болып бекітілген.

Мейрамның пайда болуы сунниттік ғалымдардың арасында көптеген ихтилафаттар туғызды. Алайда, бұл мейрамды ижма «бағидат хасана» деп бекітті. Сол дәуірдегі суфизмнің дамығанынан және имамдардың, сопы шейхтарының белсенділігінің нәтижесінде бұл мереке кеің өріс алды. Морокко тарихшысы Әл–Ифрани былай деп жазды: «Жұрт жайғасқаннан соң ислам ғұламасы алға шығады да пайғамбардың ізгі сипаттары жайлы әңгімелейді. Оның туғанынан бастап, өмірінің соңына дейін басынан кешкен жәйттерін саралап шығады». Осындай уағыздар мен онда баяндалатын кейбір оқиғалар желісі – маулидийа дастандарының шығуына себеп болады.
Пайғамбарымызға (с.а.с) жыр арнау дәстүрі оның көзі тірі кезінде де болған. Мысалы, ақын Кааб бин Зухайыр оған «Банад Суад» деген поэмасын арнаған. Осы ақынға еліктеп көптеген шайырлар да пайғамбарымызға өз жырларын бағыштаған.

Маулидийа поэмаларында Мұхаммедтің (с.а.с) туғанынан бастап, бақилыққа көшкенге дейінгі өмір жайлы айтылады. Ол құрылымы жағынан араб әдебиетінің дәстүрлі жанрларының бірі – қасидалардан алшақ емес. Мұхаммедтің (с.а.с) туғаннан бастап, бақилыққа көшкенге дейінгі өмірі жайлы айтылады. Мұхаммедтің (с.а.с) ерекше жаралғандығы мен керемет қасиеттері жөніндегі әңгімелердің кең тарауына байланысты пайғамбардың туған күні мәулітті жыл сайын тойлау дәстүрі өмірге осылай келген.

Иә, шын мәнінде бұл айда атап өткізудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға т.б. толып жатқан асыл қасиеттерді сіңіруге шақыратын қасиетті діни мерекелердің бірі һәм бірегейі болып табылады.

Осы мақсатта бүгінде өңірдің барлық аудан-қалаларында Мәуліт мерекесіне арналған шаралар қолға алынуда. Соның бірі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында жылдағы дәстүрге сай «Мәуліт-2016» шарасы атап өтілмек. Онда Шымкент қаласы имамдарының қатысуымен Мәуліт оқылып, жиналған қауымға LED-экран арқылы Пайғамбарымыздың өмір жолын ұлықтаған тақырыптық бейнесюжет ұсынылады. Елімізге белгілі өнер жұлдыздары мен айтыс ақындары жырдан шашу шашатын болады.
Ұлы Алла Тағала барша ниеттеріміз бен тілектерімізді қабыл етсін! Әмин!

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имаморынбасары     

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.