Мешiтке бару әдептерi қандай?

Пятница, 29 Апрель 2016 06:17 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 19150 раз

Мешіт – имандылық үйі. Мешіт сөзінің арабша нұсқасы – «Мәсжид», яғни Алла Тағалаға иіліп құрмет көрсетіп, маңдайды сәждеге қоятын, құлшылықты жүзеге асыратын орын деген мағынаны береді. Содан да болар, мұсылман баласы үшін осы бір қасиетті орынды «Алланың жердегі үйі» – деп те айтып жатады былайғы жұрт ел ішінде. Қалай айтсақ та, мешіт рухани ләззат алатын, мәдени толысуға мүмкіндік беретін орын екені белгілі. «Театр – ілгіштен басталады» – демекші, дінге деген құрмет те, ең алдымен осы мешіттен басталады. «Амал – ниетке байланысты» деп ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде айтылғанындай, қандай ниетпен мешіттің табалдырығынан аттасақ һәм, үлесіміз де сол ниетімізге сай болатыны аян.

a68fff6de936dc9d647bdcfb63177571195ed1fb

Соңғы кездері дінге бет бұрған жастарымыздың қатары күн санап көбейіп, жалпы, мешітке келушілердің саны артып келеді. Әрине, кез келген мұсылман баласы үшін бұл көрініс қуанарлық жағдай. Өйткені иманы күшті елдің қашанда қамалы берік, іргесі мығым келетіні белгілі.
Мешіт – Алланың жердегі үйі. Егер адам мешітке келуге ниет етсе, біріншіден, жан-тән және дене тазалығының, бой дәретінің болуы шарт.
– Қыз-келіншектеріміз бастарына орамал байлап, ұзын етек-жеңді көйлек киіп, ішкі көріктерін (әурет жерлерін) жауып киініп келгендері абзал. Үйден шыққанда ниет етіп, Алладан игі жақсылықтар тілеп шығуы керек.
– Мешітке кіргенде: «Иә, Алла, менің күнәларымды кеш және маған кеңшілік есіктеріңді аша гөр!» деген дұғалар оқылады.
– Мешітке келгенде тек қана аруақтарға құран бағыштаумен шектелмей, сонымен қатар аз да болса имамның уағызын тыңдап, кітаптар оқып, Алла Тағаладан игіліктер тілеуіміз қажет.
– Мешіттің ішінде күнделікті дүние сөздерін сөйлемеген абзал. Бұл турасында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Мешітте отырған адам Алланың қасында отырғанмен бірдей, сол сияқты ол мешіттің ішінде сөйлемей, тек қана Алла Тағалаға зікір, мадақ айтып отырса, Алла тағала ол кісіге Нағим жұмақтарынан орын береді» деп баяндайды.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабасы Абдулла ибн Масғуд (р.а.) бірде кір шалған киіммен намаз оқыған адамды көзі шалып қалады да оған таянып: «Бауырым, сен осы намазыңнан кейін қайда бармақшысың?» – деп сұрайды. Сонда адам: «Тірлігіме қажетті бір бұйымтайымды сұрауға сұлтанға барушы едім», – деп ойындағысын айтады.
– Онда ол адамға қажетіңді сұрап баратын болсаң, осы киіміңмен барасың ба?
– Әлбетте, таза киімдерімді киемін, – деп оның сұрағына таңырқай қарапты.
– Ендеше, сол таза киіміңе Алла Тағаланың хақысы жоғары емес пе еді?! – деген жауабымен әлгі адамды ұялтқан екен.
Кімде-кім, мейлі ол намаз оқуға немесе жай ғана келген адам болсын, алдымен тазалануы міндет. Бұл орайда, жұма намазының орны бөлек. Жұма намаз – жұма күні оқылатын, Ислам дінінде өте маңызды саналатын, жамағатпен орындалатын апталық ғибадат. Жұма намазын оқу үшін мешітке бару – дені сау, саналы, ерікті әрбір мұсылманның парызы болып саналады. Алла Тағала жұма сүресінің соңғы аятында: «Ей, иман келтіру абыройына ие болған құлдарым! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде хутба тыңдау және жұма намазын оқу үшін мешіттерге асығыңдар. Сауда-саттықты тоқтатыңдар. Жұма намазы және хутба сізге басқа жұмыстарыңыздан да пайдалы. Жұма намазын оқып болғаннан соң, дүние жұмыстарыңыз үшін таралуыңызға болады. Алладан ризық, несібе күтіп еңбек етіңдер» – деп бұйырған.
Мешітке жиналған жамағат намаздан кейін өз тірліктерімен жүре беруіне болады, ал қалағандар мешітте қалып, дұға етумен шұғылдана алады. Жоғарыдағы аятта келтірілгендей жұма намазының уақыты кіргенде сауда-саттықпен айналысу күнә болып есептеледі. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.)
көптеген хадистерінде: «Мұсылман адам жұма күні ғұсыл алып, жұма намазына барса, бір апталық күнәлары кешіріліп және әрбір басқан қадамы үшін сауап беріледі», «Жұма намаздан кейін жеті рет Ихлас, Нас, Фәлақ сүрелерін оқыған кісіні Алла бір апта қазадан, бәледен және жаман нәрселерден қорғайды», «Сенбі күні яһудилерге, жексенбі күні христиандарға берілген, ал жұма күні мұсылмандарға берілген. Бұл күнде мұсылмандарға берекет пен жақсылық бар» деп жұма намаздың пайдасына, қасиетіне тоқталған.
Алла Тағаланың мейірім нұры төгілген жер ерекше әрі берекелі келеді. Ал қуаты мен шапағаты әрдайым рухани ырыс. Әр дәуірдің тағылымды берекесі бар. Бүгінгі ырысымыз жер-жерлерде бой түзеген мұнаралы зәулім мешіттер. Олардан тараған азандар, сансыз оқылған намаздар, бағышталған Құрандар, тілеген дұғалар, берілген садақалар шарапаты бүгінгі таңдағы еліміздің мерейлі жетістіктері. Ендеше, қазіргі қазақ халқының қадірлі де қастерлі жерұйығы – мешіт. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде қиямет күні ешқандай көлеңке, сая болмағанда, Алла Тағала бірнеше топ адамдарды жарылқайтындығы айтылған. Солардың бірі – мешітке махаббат сезімін оятқан адамдар. Ендеше, Алланың ырзығына бөлену үшін, мешітке баруға асығайық!

Амантай СӘДИЕВ,
«Абдул Хамид Қаттани» мешітінің найб-имамы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.