×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қасиеттi Рамазан – сауабы мол, рухани жаңғыру айы

Среда, 24 Май 2017 06:22 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 7101 раз

22-011Аса мейірімді Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің иесі Аллаға тән. Салауат пен сәлем елшілердің төресіне, оның әулеті мен сахабаларына болсын! 
Қасиетті Рамазан айына есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін.

Мұсылман қауымы осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, келесі жылда аса тағатсыздықпен қарсы алып жатады. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Алланың Елшісі (с.ғ.с) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с) ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен.

Ендеше сол үмбеттің жалғасы болып табылатын кейінгі ұрпақ біз де Алла Тағаладан Рамазан айының берекесін тілейміз. Мейірім маусымының исі мұсылманға игілікті болуын тілеп Жаратқанға жалбарына дұға етеміз.

Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз етіледі. Әрине сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Кәрі не аурулар бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар». 

Оразаның парыз етілген мерзімі санаулы күндер, яғни бір ай. Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі. Жыл он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс.

Ал егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған.

Имам Мүсілім таратқан риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Алла Тағала былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын өзім беремін. Өйткені ол мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан».

Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі оразасын ашқанда, екіншісі Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық.

Бұл жөнінде Бұхари мен Мүсілімнің Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Күнделікті бес уақыт намаз, жұма намазы келесі жұма намазына дейін, рамазан оразасы келесі рамазан оразасына дейін осы аралықтарда жасалған күнә-қателіктерді, егер пенде үлкен күнәлардан сақтанса, кетіреді», – деген. 

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Сендерге берекелі ай рамазан келді. Ұлық Алла сендерге осы айда ораза тұтуды парыз етті. Осы айда аспан қақпалары ашылып, тозақ қақпалары жабылады да, шайтандар кісенделеді. Осы айда Алланың мың айдан артық бір түні бар. Кім сол түннің қайырынан қалып қойса, көп нәрседен мақұрым қалады», – деген. 

Мүбәрак Рамазан айында ораза тұтушы бұрын мән бермей жүрген көптеген нығметтердің қадірін сезінеді. Ашығып, шөліркеп Жаратқанның ырзық-несібесінің, қара судың қадіріне жетеді. Күні бойы аш құрсақ жүретін жарлы-жақыбайдың жағдайын басынан кешіреді. Бойындағы жанашырлық, бауырмалдық сезімі оянады. Өзінен төменге қарап шүкірлік етеді. Қолда бар мүмкіндіктердің қадірін ұғынады. Оразаның осындай хикметті қырлары бар.

Алла Тағала оразамызды қабыл алып, Құран мен сүннетке сай қайырлы іс қылуды нәсіп етсін!

Ескерту! Қазақстандықтар биыл Қадыр түнін маусым айының 21-інен 22-іне қараған түні, сәрсенбінің кешінде күтеді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Біз қасиетті Құранды Қадыр түнінде түсірдік. Бұл түн мың айдан да қайырлы» – дей отырып, Қадыр түнінің маңыздылығын бізге баян еткен. 

Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы бойынша әрбір жан басына берілетін пітір-садақаның мөлшері 300 теңге болып бекітілді. Пітір садақа мөлшерін бекіткенде әр облыстағы бидай құны ескерілген. Оны қасиетті Рамазан айы басталған күннен ораза айт намазына дейінгі уақыт аралығында беру қажет. Биыл мұсылмандар 27-мамырдан бастап ауыз бекітеді.

Бақдәулет ӘБДІРАХМАНОВ, 
Шымкент қалалық 
Абдул Хамит Хаттани 
атындағы мешітінің бас имамы

Последнее изменение Пятница, 26 Май 2017 04:18
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.