Діни ахуалды талқылады

Среда, 31 Май 2017 08:13 Автор  Опубликовано в Дін Прочитано 4412 раз

ҚР Үкіметі 2017-2020 жылдарға арналған дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын әзірледі. Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясатын түсіндіру шаралары белсенді жүргізіліп келеді. Республикалық ақпараттық-насихаттық жұмыс тобы өңірімізде кездесулер, семинарлар өткізіп жатыр. Діни мәселелерді талқылау апталығында айтылған тақырыптардың ауқымы кең.

IMG 20170530 103952

Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері мешіт имамдары, дін мәселелерін зерттеу орталықтары мамандарымен, жастар саясаты бөлімінің басшылары, білім және медицина саласы қызметкерлері және қала тұрғындарымен кездесіп, пікір алмасты. 

Әл-Фараби ауданы әкімдігінің мәжіліс залында білім және медицина саласы қызметкерлеріне арналған жиын өтті. ҚР Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ғалым Шойкин, ҚР Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы бастаған топ мүшелері мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіріп берді. 

Оқу орындарындағы орамал тарту мәселесі, діни ағымдардың экстремистік идеологиясына қарсы тұру шаралары және рухани құндылықтарды насихаттау БАҚ беттерінде дүркін-дүркін айтылып жүр. Мемлекет діни бірлестіктердің мазмұндық және қоғамдық қызметін реттеп және бақылап отырады, заңдар мен мемлекеттің мүдделерін сақтауын талап етеді. 

IMG 20170530 103959

– Дін саласын реттеу бойынша 2017-2020 жылдарға жаңа тұжырымдама дайындадық. Біз зайырлы мемлекетпіз. Қазіргі дамудың басты талабы осы. Яғни, мұндай қоғамда агрессиялы діни насихатқа жол берілмейді. Мемлекет дін саласындағы реттеу мәселесін қолға алып жатыр. Ол мемлекеттің өте маңызды функциясы. Осы салада халыққа дұрыс ақпарат-насихат жұмыстарын жүргізу жұмыстары жанданады, – деді Ғ. Шойкин. 

Имамдарға да жауапкершілік жүгі артылып отыр. Шет тілін қанша білсек те, өз дәстүрімізді, құндылықтарымызды сақтай білейік. Айнұр Әбдірәсілқызы көпшілікті алаңдатқан оқу орындарындағы орамал тарту мәселесіне кеңірек тоқталып өтті. Оның айтуынша, мемлекет дінді қатаңдату емес, жетілдіру, ізгілендіру жолына бет бұрып жатыр. 

– Адамның иманы сыртқы көрінісімен өлшенбейді. Біз 2013 жылдан бастап дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға басымдық бердік. Дәстүрлі құндылықтар дегеніміз – адамның бір-біріне деген қарым-қатынасы, өз-өзін жетілдіруі, қазақы қалыбын сақтай білуі. Дін – тарих, дін – мәдениет, дін – дәстүр, дін – жаңғыру. Қазір осыған мән беретін кез. Қоғамдағы рухани жаңғыру бойынша да жұмыстар атқарылды. Ал Елбасы мақаласы бізге шабыт берді, әрі қарай нақты жұмыс істеуге жол ашты, – деді ол. 

Семинар соңында білім саласы қызметкерлері тарапынан сауалдар қойылды. Бәріне де тиянақты жауап берілді.

Последнее изменение Среда, 31 Май 2017 08:49
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.